- Advertisement -

Жылу беруде жайбасарлыққа салынуға болмайды

105

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың аудандарға жұмыс сапары жалғасуда. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Сарысу ауданында да жүзеге асырылып жатқан іргелі жобалар мен бағдарламалар баршылық. Соның бірі – облыс əкімінің бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы.

Ауданда өткен жылы 8 баспана көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға берілсе, биыл 9 үй салынып отыр. Соның бірі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Жаңатас қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Айгүл Қоблановаға беріліпті. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы арнайы барып сол үйді көріп, жаңа қоныс иесін баспанасымен құттықтады. Бұл баспананы тұрғызуға демеушілер тарапынан 4,8 миллион теңге жұмсалған. Бұған дейін жатақхананы паналап келген көпбалалы ана баспаналы боламын деп ойламағанын айтады. Ол өзіне қолдау білдірген облыс əкіміне, аудан азаматтары мен кəсіпкерлерге алғысын білдірді.

Аймақ басшысы Жаңат ас қаласы мен Тоғызкент ауылдық округінде соғылып жатқан 30 келушіге арналған қос дəрігерлік амбулаторияның да құрылыс жұмысымен танысты. Қос нысанның да құрылысын «AKM GROUP» ЖШС жүргізуде. Бірінің жобалық құны 132, ал екіншісінің жобалық құны 144 миллион теңгені құрайды. Мердігер бұл нысандарды алдағы жылы тапсырмақ ниетте.

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында білім мекемелерінде де болды. С.Сейфуллин атындағы орта мектептің жұмысымен танысу барысында ондағы білім нысандарының қалыпты жұмысына көз жеткізді. Аталған мектеп директоры Гүлмира Өмірбекованың айтуынша, білім ордасы 1974 жылы пайдалануға беріліпті. Бүгінгі таңда онда 699 оқушы білім алуда. Мектеп уақыт талабына сай бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеуден өткізіліпті. Аудандық білім бөлімінің басшысы Ілияс Баймағанбетов ауданда 20 маманның жетіспейтінін айтып қалды. Яғни шалғай ауданда орыс тілі, химия, физика және математика пəндеріне деген маман тапшылығы бар. Дәл осы сияқты денсаулық саласына акушер, балалар дәрігері мен балалар хирургі қажет екен.

Аймақ басшысы аталған мектепті аралау барысында ағылшын тілі сабағы өтіп жатқан 11-сыныпқа дөп түсті. Жоғары сынып оқушыларымен жүздесуінде Бердібек Машбекұлы мектеп бітірушілерге жақсы оқу керектігін баса айтты.

– Қазір сендердің жақсы оқып, жақсы білім, жақсы тәрбие алып шығуларыңа барлық мүмкіндік жасалған. Оқимын деген жастың талабын ешкім қайтара алмайды. «Болашақ» бағдарламасы аясында шет мемлекеттерге барып, білім алуларыңа да жол ашық. Ол үшін алдымен білім, тәрбие, тіл білу керек. Талабы бар жас ел болашағы үшін оқып, білім алып, жұмыс істеп тəуелсіздігіміздің дамуына өз үлесін қосатын болады, – деді.

Ал мектеп басшылығына Бердібек Машбекұлы «Жомарт түлек» жобасының мақсатын түсіндіре келіп, бұл жобаның мақсаты ақша жинау емес, еліне еңбегі сіңген мектеп түлектерін оқушылармен кездестіріп, оларға тәрбие беру екенін ұғындырды.

Бұдан кейін облыс әкімі Жаңатас көпсалалы колледжінде болды. Колледж жұмысымен оның директоры Нұрландия Түйтебаева таныстырды. Оның айтуынша, колледжде 535 студент білім алуда. Онда өндіріс орнына қажетті 12 мамандық бойынша мамандар дайындалады. Яғни бұл оқу орнын бітірген жастардың 80 пайызы мамандығы бойынша кəсіпорындарға жұмысқа тұрған. Айталық, өткен оқу жылында оқу бітірген 221 түлектің 121-і, биыл 96 түлектің 52-сі мамандығы бойынша өңірдегі өнеркәсіп өндірісіне жұмысқа орналасыпты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Жаңатас қаласында ерекше мән берген сала ол орталық жылу қазандығы болды. Өткен жылы осы қазандықта төтенше жағдай орын алып, қала тұрғындары бірнеше күн қыс ауасында жылусыз қалған болатын. Облыс әкімі бұл жағдайдың биыл қайталануына жол беруге болмайтынын қатаң ескертті.

«Жаңатас Су-Жылу» КМК орталық қазандығының басшысы Досымжан Жылқыбаевтың айтуынша, қазандықтың мазут отынына жылдық сұранысы 12 мың тонна екен. Қазіргі таңда мазуттың қазандықта 2220 тонна отын қоры қалыпты. Қазандықта тəулігіне 45-50 тонна мазут жағады. Аймақ басшысы қазандықтың, жылу беру цехы мен температураны бақылау орталығы жұмысымен таныса келіп, көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу температурасын жіті қадағалап отыруды тапсырды.

– Мазут алуға ақша берілмей жатса, ақша жоқ деп бірден айту керек. Ақша берілді, ендеше отын қорын тездетіп дайындаңдар. Бірақ ешқандай кемшілік болмауы тиіс. Екі мың тонна мазут деген аз. Ертең күн қатты суып кеткенде не істейсіңдер? Сыйымдылығы 11 мың тонналық қоймаларың бар, неге қорды ертерек дайындап алмайсыңдар? Бұл мəселеде жайбасарлыққа салынуға жол жоқ. Біздің басты мақсат жылыту маусымын аман-есен өткізу, былтырғы жағдайды қайталамау, – деп мəселені төтесінен қойды.

Аудан басшылығы бəрін бақылауда ұстап отырғандарын айтып, өткен жылғы жағдайдың қайталанбайтындығын жеткізді.

Келесі кезекте аймақ басшысы жаңадан берілген бірінші шағын аудандағы №47 көпқабатты тұрғын үйде болды. Бұл үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 545,5 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізілген. Аудан бойынша соңғы 14 жылда 21 көпқабатты тұрғын үй жөнделіп, 1773 пəтер беріліпті. Сол пəтердің бірін көпбалалы ана Салтанат Омарова алыпты. Жұбайымен бірге алты бала тəрбиелеп отырған отбасына облыс əкімі құтты болсын айтты. Бұған дейін жатақханада тұрып келген отбасының қуанышында шек жоқ. Олар осы сəтті ұзақ күткендерін айтып, облыс əкімі мен аудан басшылығына өз алғыстарын жеткізді.

Сапар соңында облыс əкімі «Жаңғырған Жаңатас» жобасы аясында Жаңатас қаласын абаттандыру жоспарымен танысты. Аудан əкімі Марат Сұлтанғалиев Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігіне 30 жылдығына орай салынып жатқан «Сарысу саңлақтары» монументінің құрылысымен таныстырды. Оның жобалаушысы ақын Маралтай Райымбек. Жоба құны 26,7 миллион теңгені құрайды. Жобаны таяу күндері аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ «Ақбұлақ» демалыс орнындағы құрылыс жұмыстарымен де танысты. Бұл жобаның құны 18 миллион теңге. Қос жобаның құрылысын «АқАйсерТабыс» ЖШС жүргізуде.

Ауданда 2021-2025 жылдар аралығында жалпы құны 892,1 миллиард теңгені құрайтын 13 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ал бүгінге дейін 123,6 миллиард теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылыпты.

– Біз бұл жобаны не үшін жасаудамыз? Алда Жаңатас қаласын жаңғыртуымыз керек. Биыл біз Тараз қаласында «Таразға тарту» жобасын қолға алып, аудандар мен өнеркəсіп орындарының демеушілігімен 41 нысанды пайдалануға бердік. Осының арқасында адамдар демалатын орындар, саябақтар, аллеялар мен скверлер пайда болды. Алдағы жылы «Жаңғырған Жаңатас» жобасы аясында Жаңатас қаласын жандандыру жоспарымызда бар. Оған тағы да барлық аудандар мен өнеркəсіп орындарын тартатын боламыз. Жаңатас Кеңес кезеңінен қаңырап қалған қала емес екенін көрсетуіміз керек. Көктем келісімен осы жобаны іске асыруға кірісеміз. Сол үшін Жаңатастан шыққан ірі кəсіпкерлер мен меценаттарды тарту керек. Демалыс орындарын жасауға тиіспіз. Оған өңірдегі компаниялар да атсалысады деген сенімдемін, – деді облыс әкімі.

Аудандағы жұмыс сапарының соңында облыс әкімі аудан активімен кездесті. Аудан əкімі Марат Сұлтанғалиев ауданның 11 айдағы əлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталып, баяндама жасады.

Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев ауданда атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталып, аудан басшылығына жұмыс қарқынын бəсеңдетпей, жылды жақсы көрсеткішпен қорытындылауды тапсырды.

Марат Құлибаев,

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support