- Advertisement -

Емдеу мекемелерін жекеменшікке бергеннен ұттық па, ұтылдық па?

228

- Advertisement -

Нарықтық қатынастардың бір ерекшелігі – адамды тынымсыз еңбекке, үнемі бәсекелестікке бастап тұратындығында. Екеуін де уыстан шығармау керек. Содан да болар, тәуелсіз еліміздің өрлеу жылдарында білімі мен біліктілігіне сүйеніп, батыл түрде іс бастаған кәсіпкерлер көп болған жоқ. Олар санаулы еді. Тараз жерінде ашылған алғашқы жекеменшік медициналық орталықтардың бірі – «Мейірімнің» бас директоры Гүлдара Нұрымова сол санаулылардың бастапқы ондығында тұрды. Бүгінде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттығына дейін жүріп өткен жолы –тоқырау жылдарынан кейін ел еңсесін енді тіктей бастаған кезеңде, сан түрлі реформалауды күтіп тұрған отандық медицина саласының даму жүйесін тап басып тани білген табандылығының жемісі. Біздің халық қалаулысымен сұхбатымыз да отандық медицинаның жетістігі мен әлі де кемшін түсіп тұрған түйткілдері төңірегінде өрбігені де – заңдылық.

– Гүлдара Алданышқызы, өз өңірімізден сайланған депутат болған соң, барша жамбылдық сізге үміт артып әрі сын көзбен қарайтыны рас. Халық сенімінен шығу – сіз үшін жай формальды есеп емес. Бүгінге дейін көптеген мәселелерді көтеріп, депутаттық сауал жолдадыңыз. Сол сұрақтарға нақты шешім болатын жауап айтылды ма?

– Қоғамның дамуы – әрбіріміздің азаматтық ұстанымымызға тікелей тәуелді. Өмірдегі әлеуметтік мәртебе сіне қарамастан, әр адам айналадағы болып жатқан жайттарға немқұрайлы қарамауы керек. Сонда ғана біз қалыптастыратын қоғамдық орта өзгереді. Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланғанға дейін о сы көзқарасымды, ұстанымымды өзгерткен жоқпын. Медициналық орталықты басқарып отырып та, облыстық мәслихаттың депутаты болған кезімде де кез келген мәселеге немқұрайлы қараған емеспін.

Ал қазір маған жүктелген жауапкершілік жүгі екі есе артты десем, артық емес. Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-даму комитетінің мүшесі ретінде әлеуметтік сипаттағы мәселелерге үлкен мән беретінім де сондықтан. Медицина, білім беру, отбасы- тұрмыстық қатынастарға және спорт пен мәдениетке қатысты бірнеше мәселелерді көтеріп жүрмін. Нәтижесі де бар. Айтып жүріп, қол жеткізген өзгерістердің бірі – медициналық кадрлардың жетіспеушілігіне қатысты осы салаға оқу гранттары өткен жылдарға қарағанда ұлғайғандығы. Алайда оның өзі кадр тапшылығы мәселесін шешуге жеткіліксіз. Осы сұрақ әлі де менің жеке бақылауымда. Тағы бір қозғау салып, сеңді қозғағаным – денсаулық сақтау саласындағы цифрландыруға қатысты дәрігерлердің компьютердегі есеп беру жұмыстарын қысқарту процесі. Біздің бастамамызбен денсаулық сақтау саласын цифрландыруға қатысты өткен дөңгелек үстел барысында Денсаулық сақтау министрлігінен дәрігерлердің қабылдау кезіндегі жұмысын жеңілдету мақсатында олардың компьютерде жасайтын жұмысын жеңілдетуді қарастыруды талап еттік. Бұл дәрігерлердің науқастарға көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар депутаттық сауалдардан бөлек, Үкімет сағаттарында, дөңгелек үстелдер кезінде көтерген көптеген түйткілдер өз шешімін тауып жатыр. Әрбір көтерген мәселелерді өз бақылауымда ұстап, соңына дейін жеткізуге тырысамын. Қазіргі уақытта медавиацияға жыл соңында қаржы бөлу бойынша депутаттық сауал дайындап жатырмын. Қоғамдағы баршаны алаңдатқан тағы бір проблема зейнетақы жасын төмендетуге, ана капиталын енгізуге қатысты депутаттық сауалдар дайындаудамын.

– Денсаулық сақтау саласында сіз білмейтін түйткіл жоқ. Қазіргі кезде халық Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне босқа қаржы аударып отырмыз деп наразы. Сақтандырудағы қаржысын қалай тиімді пайдалануды білмейтіндер де бар. Жүйе шын мәнісінде тиімді ме?

– Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі қазіргі таңда кез келген өркениетті мемлекет медицинасында орын алып жатқан құбылыс десем, артық емес. Ол – жаңа заман талабы. Медициналық сақтандыру арқылы азаматтарымыз дербес Қазақстан аумағындағы өздері таңдаған медициналық орталықта емделе алу мүмкіндігіне ие болады. Ал шығындардың барлығын әлеуметтік сақтандыру қоры өтейді. Сондықтан бұл халқымыз үшін де өте қолайлы. Қазіргі таңда сақтандыруға кіретін дәрі- дәрмектер тізімі ұлғайып келеді. Көш жүре түзеледі демекші, алдағы уақытта азаматтарға ыңғайлы жүйе қалыптасатындығына үмітпен қараймын. Сонымен қатар партиямыздың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған «Жол картасының» 133-тармағы міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорындағы қаражаттардың ашықтығын бақылауға, сақтандыру жүйесіне цифрландыруды енгізуге бағытталғандығын атап өткім келеді. Медициналық ұйымдарға медициналық шығындарды өтеуге қатысты жүйе толық цифрландырылған және ашық түрде жүргізіледі алайда, МӘМС қорының өз меншігіндегі қаражаттың ашықтығына қатысты азаматтар тарапынан көптеген сұрақтар туындап отырғаны да, рас. Сондықтан ендігі жұмыс түйткіл қай тұста бар, жүйені жетілдіруді содан бастау керек. Халықтың шағымын ескеру қажет. Түсіндіру жұмыстары түсінікті жүргізілуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, сақтандыру қорына қаржы аударған азамат қандай медициналық көмекті тегін әрі тиімді пайдалана алатынын біліп жүретіндей болсын.

– Материалдық базаны нығайтып, бәсекелестікті арттырамыз деген желеумен мемлекеттің балансындағы емдеу мекемелерін жеке кәсіпкерлердің сенімгерлік басқаруына беруден не ұттық, неден ұтылдық? Бір ғана мысал Тараз қаласында осындай басқару жүйесіне өткен емханалардың қызметкерлерінің бірқатары қысқарып, жұмыссыз қалдық деп шағым айтқан. Жалпы, медицина мамандары тапшы деп көп айтылады, ендеше қысқарту неге жүргізіледі?

– Бұл сұрақтың жауабын соңынан, маман тапшылығынан бастасам. Иә, жалпы Қазақстанда, соның ішінде Жамбыл облысында медициналық кадрлардың, атап айтқанда, дәрігерлердің жетіспеушілігі бар. Ол туралы 2021 жылғы 17 ақпанда ҚР Премьер- министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Ал нақты қай мекемелерде қысқарту болғандығынан хабарым жоқ. Ол қызметкерлердің біліктілігінің, құзіретінің сәйкес болмауына және т.б. себептерге қатысты болуы мүмкін. Сондықтан ол қысқартулар болған жағдайда да біз нақты себебін анықтап алсақ жөн болар еді. Меніңше, медициналық мекемелерді сенімгерлік басқаруға беруден ұтқанымыз көп. Жеке басқаруға алған тұлға өзінің қаражатын құю арқылы медициналық мекемені заман талабына сай жетілдіруге күш салады. Басқа мекемелермен бәсекелестік пайда болады. Халықта сапалы медициналық көмек алу бойынша таңдау көбейеді.

– Басқа өңірлерді қайдам, бізде облыстық мәндегі бірнеше ауруханалар оптимизацияға ілініп, бәрі бір құрылымға айналып, соңында кім неге жауапты екенін таппай қалдық. Қаржылық тұрғыда қалай екенін білмейміз, бірақ қызмет көрсету сапасы жағына келгенде өте тиімсіз екенін уақыт дәлелдеп берді. Әр аурухана қайтадан өз алдына дербес болатын күн туа ма? Әлде осылай қала бере ме? Осы тұрғыдан алғанда, сіз де инфекциялық ауруханаларға дербестік беру туралы мәселені дер кезінде көтеріп отырсыз…

– Өте орынды сұрақ. Адамзат тарихында ғылым, соның ішінде медицина алға басқан сайын аурулардың түрі де көбеюде. Бір коронавирустың өзі әлем елдерінің даму жолына үлкен өзгерістер енгізді. Пандемия қаншама азаматтарды бақиға аттандырды. Осы тұста мен инфекциялық ауруханалардың дербес жұмыс атқаруын қолдаймын. Жұқпалы аурулар ауруханалары әрқашан өз алдына жеке мекеме болып келген. Алайда өткен жылы қандай да бір себептермен олар көпсалалы ауруханаларға қосылды. Бірақ мұның қате шешім екенін уақыттың өзі көп ұзамай дәлелдеп берді.

COVID-19 пандемиясы материалдық- техникалық базаны нығайтуға, медициналық қызметкерлерді жұқпалы ауруларды емдеуде және оқытуға көмектесу үшін заңды түрде тәуелсіз инфекциялық ауруханалар құрудың қажет екенін көрсетіп отыр. Ал бұл өз кезегінде халыққа берілетін медициналық көмектің сапасына айтарлықтай әсер етеді. Инфекциялық ауруханаларға жеке статус беру мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Қазіргі кезде олардан бөлек, онкологиялық ауруханалар, перзентханалар бір аурухана ретінде біріктірілуде. Осы мәселені комитет отырыстарында, дөңгелек үстелдерде, алқа мәжілістерінде, Үкімет сағаттарында да көтеріп келемін. Жеке сұхбат кезінде Денсаулық сақтау министріне де әр ауруханаға жеке заңдық мәртебесін қайтару керектігін айтқан болатынмын. Аталған мәселе алдағы уақытта оң шешімін табады деп сенемін.

– Қордай ауданындағы вакцина өндіретін зауытқа барып, жұмысымен таныстыңыз. Жалпы еліміз биологиялық қауіпсіздік мәселесін қолға алғанын дұрыс деп те, бұрыс деп те жатқандар бар. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл бағытта қандай шешімдер қабылдануы керек?

– Иә, облысымыздағы вакцина өндіретін зауыт жұмысымен танысқан болатынмын. Біріншіден, біздің өңірімізде орналасқан зауытта ғалымдарымыз коронавирусқа қарсы вакцина түрін ойлап тапқанын мақтанышпен айтуға болады. Одан бөлек көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жоғарыда аталған еңбектерді атап өту арқылы ғана мемлекетіміздің биологиялық қауіпсіздік мәселесіне жете көңіл бөлгенін байқауға болады. Бұл орынды деп есептеймін. Алайда «Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының» материалдық- техникалық базасын арттыру қажет. Осыған қоса, мен биологиялық қауіпсіздікке қатысты заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесі екендігімді атап өткім келеді. Бұл заң жобасы тікелей Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленуде. 8 желтоқсан күні аталған заң жобасын талқылау барысында 70-жылдары салынған ғылыми лабораторияның әбден тозығы жеткендігін, техникалық жабдықтау қажеттігіне қатысты Денсаулық сақтау министрі мен Білім және ғылым министрлігі өкілдеріне сұрақ қойған болатынмын. Осы проблеманың шешімін табу үшін әлі де тиісті салаларға қозғау сала бермекпін.

– Депутат, тіпті денсаулық сақтау саласының білікті маманы ретінде елге дәл қазір қандай қызметтің қолжетімді болуы керектігін дер кезінде бағамдап, аудандардан компьютерлік томаграфия кабинеттерін аштыңыз. Мұндай кабинеттер қанша ауданда ашылды?

– Қазіргі уақытта Талас, Қордай аудандарында компьютерлік томография кабинеттері жұмыс істеуде. Сонымен қатар Меркі ауданында 2020 жылы диагностикалық орталық ашылып, заманауи магниттік-резонанстық томограф, компьютерлік томограф, УДЗ аппараттарымен жабдықталды. МРТ аппараты облыс тарихында бірінші рет Меркі ауданында пайда болды. Қазір аталған диагностикалық орталықтың игілігін Меркі тұрғындарынан бөлек жақын орналасқан Тұрар Рысқұлов, Шу, Қордай, Мойынқұм тұрғындары көруде. Аудандарда медициналық диагностиканың дамуына облыс әкімі Бердібек Машбекұлының қолдауы ерекше болды.

– Облыста «Іскер әйелдер» қауымдастығын басқардыңыз, сол кезде әйел заты бетпе-бет келетін көптеген қиындықтарға талай куә болған шығарсыз?

– Отбасылық құндылықтарды жоғалтып алғанымыз – қоғамдағы көптеген түйткілдердің туындауына себеп болғаны жасырын емес. Соның әсерінен жастар арасында бас қосқанына жыл толмай жатып, ажырасып кететіндер көбейді. Әкесіз өсіп жатқан ұлдар, тастанды балалар… Осының бәрі тәрбиеде жіберген кемшіліктеріміз. Тұрмыст ағы зорлық-зомбылықтар, отбасын құрған жастардың жауапкершілігінің төмендігінен ауру-сырқаулы болып қалған кіп-кішкентай балғындар көп. Көбіне-көп осындай проблемаларға әйелдер, жалғызілікті аналар бетпе-бет келіп отыр. «Іскер әйелдер» қауымдастығына осындай мұң-мұқтаждарын айтып, қайырылатындар болды. Хаттар да, тілек-өтініштердің саны жыл сайын көбеймесе, азаймайтын. Сол олқылықтардың орнын мейіріммен, көп болып демеп жіберетін қайырымды істермен толықтыруға тырысатынбыз.

– Иә, байқаймыз, көптеген қоғамдық, қайырымдылық іс-шараларға атсалысып жүресіз. Қайырымдылыққа қанша қаржы жұмсайсыз? Сізден көмек сұрағандардың көңілін жыққан кезіңіз болды ма?

– Қазақта «Жақсылық қылсаң, жасыр» деген мақал бар. Мүмкіндігінше қайырымдылықпен айналысуға тырысамын алайда, нақты қанша қаржы жұмсағанымды білмеймін. Облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығы атынан да бірнеше қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта да әртүрлі қайырымдылық іс-шараларына білек сыбана араласамын. Көмек сұраған әрбір азаматтың сұрауын қанағаттандыруға тырысамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Камила БОРАШОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support