- Advertisement -

Көш жетті Төле бидің жайлауынан

399

- Advertisement -

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Таразға тарту» жобасы негізінде «Баласағұн» орталық концерт залында «Туған жерім –дархан далам» атты аудан күндеріне өткен сенбіде шалғайдағы Шу ауданы жетті. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Төле бидің жайлауынан, Ашаның алты салы атанғандардың аймағынан жеткен өнім және өнер көші ақ көрпеге малынған Таразды аппақ көңілдерімен аялап тұрды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Таразға тарту» жобасы негізінде «Баласағұн» орталық концерт залында «Туған жерім –дархан далам» атты аудан күндеріне өткен сенбіде шалғайдағы Шу ауданы жетті. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Төле бидің жайлауынан, Ашаның алты салы атанғандардың аймағынан жеткен өнім және өнер көші ақ көрпеге малынған Таразды аппақ көңілдерімен аялап тұрды.
Әдеттегідей мұнда әуелі ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне мән берілді. Тараздықтар шуақты Шудан жеткен экологиялық жағынан таза, табиғи өнімдерді жәшігімен, қабымен алып, мәре-сәре болды. Жәрмеңкенің бағасы да, сапасы да әулиеаталықтардың көңілінен шықты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Шудың тартуын аралау сәтін жәрмеңкеден бастап, өзінің ризашылығын білдірді. Күннің суығына қарамастан, «Баласағұн» сарайының алдында алтыбақан құрылып, жастардың думаны қызып жатқан болатын. Аймақ басшысын Шудағы өнерлі әжелерден құралған ансамбль халық әні «Хәләулім-аймен» қарсы алып, 8 қанатты салтанатты киіз үйде айтыскер ақын Бақытбек Жұмабеков облыс әкімінің алдында арнау айтты. Бақытбектің: «Таразыма тартумен келіп тұрмын, Әбдімомын, Аяздың аймағынан, Алты алашқа әділетті билік айтқан, Төле би бабамыздың жайлауынан» дегеніне құрметті қонақтар риза болып қол соқты.
Бердібек Машбекұлы бастаған қонақтар Шу өңірінде тұратын әзірбайжан, күрд, дүнген, шешен, түрік ұлттарының ұлттық көрмесін тамашалап, олармен емен-жарқын әңгімелесті. Ал Шудың мақтанышы мүсінші Қали Қораласбаев пен суретші Бақытжан Малдыбаевтың өнер көрмесі де қонақтардың назарынан тыс қалмады. Әсіресе, Б.Малдыбаевтың «Қоғам», «Тораңғы», «Ұлы дала сақшысы», «Тәуелсіздіктің алғашқы көктемі», «Тасөткел» картиналары көркемдігімен де, мазмұнымен де көрмеге сән берді. «Тәуелсіздіктің алғашқы көктемі» атты шығармамен жақында республикалық байқаудан жеңімпаз атандым. Бұл жерде елімізді жап-жасыл өскінге теңеп, алпауыттарды алып емендермен берген едім. Еңбегім еш кетпеді» дейді суретші. Аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Нұргүл Шолпанбаева таныстырған кітап көрмесі де көпшіліктің көңілінен шықты. Мұнда ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» атты күйлер жинағы, Шу ауданының тарихына арналған жинақтар, Төле би, Балуан Шолақ бабаларымыздың, Кеңес Одағының батыры Саттар Естемесов жайлы Дәрмен Смайлдың «Ел үшін туған ер Саттар» кітаптары және Шу өңірі ақындарының антологиясы қойылыпты.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған қадірлі қонақтар көпшілікпен бірге аудан өнерпаздарының «Туған жерім – дархан далам» атты концерттік бағдарламасын қызыға тамашалады. Концертке ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ауданның «Ерке сылқымы» есімі әлемді аралап кеткен аңыз адам Әбдімомын Желдібаев қонақ болып келсе, елімізге белгілі әншілер Сәуле Желдібаева, Ахан Отыншиев әннен шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. ҚР Мәдениет қайраткерлері Жанат Досжанова, Майра Нұркенова салған әндер де көпшіліктің таңдайын қақтырды. Бұл күні Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері Марғұлан Әбенов пен Сұлужан Әбенова жерлестерінің атынан шығып, әннен шашу шашты. Бірнеше республикалық байқаулардың жеңімпазы Ербосын Қасымбектің ерекше дауысы да жұрт көңілін баурады. Әсіресе, Болат Таңсықбаев, Бақытжамал Қосыбаева, Жанат Досжанова үштігі орындаған айтыскер Базарбай Асқаровтың сөзіне жазылған «Жыр әнім Шу» атты ән көпшіліктің жүрегіне жеткені анық. Концерт соңында сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелініп, көпшілік ұзақ қол соғып, аудан өнерпаздарына құрмет көрсетті.

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support