- Advertisement -

Есіл ерлерді еске алды

124

- Advertisement -

Өңір халқы 2011 жылдың 12 қарашасын ұмытпайды. Бұл күні бейбіт тұрғындардың тыныштығын қорғау жолында, қызметін мінсіз орындау кезінде бірқатар азаматтар қаза болған еді. Солардың қатарында ұлттық қауіпсіздік қызметінің аға лейтенанттары Мұхтар Халиев пен Сергей Касьяненко бар.

Есіл ерлерге арналған ескерткішке кеше ҚР Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің бастығы, ұлттық қауіпсіздік генарал-майоры Марат Ирменов бастаған азаматтар гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Ерлікпен қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мұнан соң ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің мәжіліс залында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының қолдауымен жарық көрген «Отандық арнаулы қызмет хроникалары» және «Мемлекеттік шекара» кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Жиын барысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің бастығы, ұлттық қауіпсіздік генарал-майоры Марат Ирменов, ҚР Ұлттық комитеті шекара қызметі облыс бойынша департаменті бастығының тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар басқармасының бастығы, ұлттық қауіпсіздік полковнигі Қайрат Тұяқов сөз сөйлеп, жиналғандарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесімен және еліміздің Тұңғыш Президенті күні мерекесімен құттықтап, азаттығымыздың айтулы мерекесіне орай жарық көріп жатқан жаңа кітаптың оқырманы көп болсын деген тілек айтты. Сондай-ақ олар аталмыш кітаптардың тұсауын кесіп, лентасын қиды.
Осы күні ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтың Алғыс хаты және «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен запастағы аға сержант Мәди Айдаболов, Айберген Жүсіп, «Шекараны үздік күзеткені үшін» медалімен Қуанышбек Қарбозов, оның анасы Қамаркүл Райымбетова, қатардағы жауынгер Мақпал Дәулетбаева, кіші сержант Мақсат Дәутаев, оның анасы Сәния Құсайынова, Дәутаевтың жұбайы Жаңылайым Абдукаримова марапатталды. Айта кетерлігі, Қуанышбек Қарбозов осыдан төрт жыл бұрын Жуалыда болған қар көшкіні кезінде бірнеше жауынгердің өмірін қорғап қалған екен. Келесі сәтте аталған департамент ардагерлері кеңесінің төрағасы Жылқыбай Сейдіәзімов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ардагері Жайлаубай Жұмабаев сөз сөйлеп, ерен еңбегі бар азаматтарға арналған кітап үшін қуанышты екендерін айтты.

Есет Жаңабайұлы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support