- Advertisement -

Зертхана қауіпсіздіктің 4- деңгейін қамтамасыз етеді

150

- Advertisement -

Кез келген жұқпалы аурудың әлеуметтік мәні бар. Олай дейтінім, дерт жаппай таралса, халық денсаулығын сақтау, елді қауіп-қатерден қорғау қиындай түседі. Осы тұрғыдан алғанда эпидемиологиялық сипат алып кетуі мүмкін сырқат түрлерінің алдын алудың маңызы зор.

Ел аумағында обаның, туляремияның, геморрагиялық қызбаның, күйдіргінің табиғи ошақтары бар. Ал олар климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен «оянып», таралып кетуі мүмкін. Бұрын кене шағып, конго геморрагиялық қызбаға шалдыққан бірен-саран жағдай тіркелгенде болмаса, мұндай жұқпалы ауруларға көпшілік мән бере бермейтін. Оның ошақтарын санитарлық-эпидемиолог мамандар жылдың қай мезгілінде зарарсыздандырып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп жататынына былайғы жұрт көңіл аудармайтыр. Ал әлемде SARS-CoV-2 коронавирусы  өршіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Сovid-19 пандемиясының басталуы туралы жариялағалы бергі уақытта әлем елдері  биологиялық қауіпсіздік проблемаларына шындап бас ауырта бастады.

Жалпы, биологиялық қауіпсіздіктің 4-ші деңгейін талап ететін белгілі бір аурулардың қоздырғыштарына Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, Эбола, Хунин вирусы, Ласса қызбасы, Мачупо вирусы, Марбург вирусы және кене энцефалиті тобының вирустары (Омбы геморрагиялық қызбасы, көктемгі-жазғы энцефалит, Абсеттаров вирусы, Ханзалова, Гипр, Кумлинг, кьясанур орман ауруы) жатады. Осы аурулардың кейбіреуі бойынша Қазақстан қолайсыз аймақ.

Қолда бар деректерге, соның ішінде  https://www.globalbiolabs.org / сайты жариялаған мәліметтерге сүйенсек, әлемде BSL – 4 деңгейіндегі 60-қа жуық зертхана бар. Оның 25-і –  Еуропада, 14-і – Солтүстік Америкада, 13-і – Азияда, 4-еуі – Австралияда-4, 3-еуі – Африкада. Франция, Ұлыбритания, Германия, Норвегия, Швеция, Швейцария, АҚШ-та, Канададағы және Африканың кейбір елдерінде зертханалар кейін қайта жабдықталып салынған.

Бір ғана Ресейде: Мәскеуде, Новосибирскіде, Саратовта, Кировта және басқа да бірқатар қалаларда да дәл осындай зертханалар бар. Сонымен қатар, әлемдегі ең ірі медициналық орталықтарда BSL-4 клиникалық зертханалары ашылған.

Биологиялық қауіпсіздіктің 4- деңгейіндегі зертханалар ең қауіпті және жұқпалы вирустар мен бактериялармен жұмыс істеуге арналған, ол ауруларға қарсы қолданар ем жоқ. Әлемде мұндай зертханалар қауіпті қоздырғыштарды зерттеу және жаңа дәрі-дәрмектерді (дәрі-дәрмектерді) әзірлеу және жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау (вакциналар) арқылы адамдардың денсаулығы мен өмірін тиімді және шұғыл қорғау мақсатында ашылған.

Осы саланың маманы ретінде айтарым, жеке зертхананың болуы – кез-келген уақытта белгісіз ауруды зерттеуге кірісуге және басқа елдерден көмек күтпестен вакцина немесе диагностика жасаудың сенімді биологиялық қалқаны саналады. Бұл халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді.

 

Күнсұлу Закарья,

БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары

ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support