- Advertisement -

Ардагерлердің рухына құран бағышталып, әсерлі естеліктер айтылды

98

- Advertisement -

«Әруақты ардақтаған ел азбайды» демекші, «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және аталған серіктестікке қарасты «Aq jol» газетінің ұжымы басылымның жарық көргеніне 100 жыл толуының қарсаңында редакцияда бұрын еңбек еткен ардагерлер мен әріптестердің басын қосып, дастарқан жайды.

Алдымен газетте еңбек еткен, бұл күнде бақилық болған ардагерлердің рухына құран бағышталды. Келесі сәтте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек ғасыр жасаған газеттің тарау-тарау тарихы бар екенін, сол тарихты жасаған ардагерлерге қанша алғыс айтсақ та жарасатынына тоқталып өтті. «Мен Тәуелсіздіктің құрдасымын. Тәуелсіздігіміз – басты байлық. Осы ел егемендігін қалыптастыру кезеңіне де ғасыр жасаған бұл газеттің қосқан үлесі көп. Алдағы уақытта да өңірдің барлық тыныс-тіршілігін, экономикасы мен әлеуетін, руханияты мен мәдениетін таратып жазуда еселі еңбек ете беріңіздер», – деді облыс әкімінің орынбасары. Өз кезегінде «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нұрбек Бекен өңірде аға газет «Aq jol»-дың орны қашанда биік екенін, газеттің 100 жылдық торқалы тойын жоғары деңгейде ұйымдастыруға күш сала беретінін айтты. Жиынды жүргізген газеттің бас редакторы Оралхан Дәуіт алдыңғы толқын аға-әпкелердің басылымға сіңірген еңбегі ерен екеніне, барша халық қастерлеген Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровтың басына күн туғанда да осы облыстың бас газеті алғаш болып араша түскеніне тоқталды.

Мұнан соң газет ардагері, қаламы қарымды журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы алдыңғы толқынның өмірден озғанына құран бағыштап, көзі тірісін құрметтеп шақырған ұжымға алғысын айтып, кейінгі жас буынға батасын берді. Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, ардагер Құрманбек Әлімжан ұзақ жыл өздері еңбек еткен «Aq jol» газеті жайлы әсерлі естеліктер айтты. Ж.Миллионов алдыңғы толқын журналистердің бұрын жарияланбаған фотоларын естелікке ала келіп, редакция басшылығына тарту етті. Ал Махамбетәлі Дүйсебай өз естелігінде газетті ұзақ жылдар бойы басқарған Арғынбай Бекбосын мен Әлдихан Қалдыбаев ағалар жөнінде ағынан жарылып, естеліктер тиегін ағытты. Мұнан соң облыс журналистикасының қара нары Бекет Момынқұл және газетті әр жылдары басқарған азаматтар сөз алды. Б.Момынқұл бүгінгі жас журналистерді мінезді болуға, сын айтуға, сынды шын айтуға шақырса, Ғалым Қасабай «Aq jol» газетін өзі басқарған жылдардың ерекшеліктерін, басылымның 90 жылдығын сол кездегі облыс әкімінің қолдауымен жоғары деңгейде өткізгенін әңгімелеп берді. Қуаныш Иембердиев 1985 жылдары газетке алғаш өндірістің іс тәжірибеден өтуге келгенін, содан бері газетпен байланысы үзілмей, ұзақ жыл осы газетте табан аудармай еңбек еткенін сөз етті. Кезегі келгенде журналистер Болат Жаппаров, Сейсен Қожеке, Әбділда Сәрсенбиев, Баймаханбет Ахмет, Әділбек Баққараев әсерлі естеліктер айтса, газет шолушысы Ақылжан Мамыт пен бөлім редакторы Амангелді Әбіл ғасырлық тойдың қарсаңында осындай қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне, «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне редакция ұжымы атынан алғысын білдірді. Іс-шараны газеттің бас редакторы Оралхан Дәуіт қорытындылап, оқытылған құран қабыл болсын деп, 100 жылдық мерейтойды атап өтуде алдыңғы толқын ағалардың орны ерекше екенін айтып, жиынға келген ардагерлердің барлығына алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support