- Advertisement -

«Партия екі сөйлемейді, күштеп болса да басыңдар»

58

- Advertisement -

... Қас қарая жүйткіп келе шыршаға соғысып тоқтаған «ПАЗ» автобусының өртелуімен алаңда арпалыс басталып сала берді. Көше қиылыстарында тұрған милицияның қызметтік көліктері бірінен кейін бірі отқа оранып жатты. Осы қырғынды ұйымдастырған арнаулы қызметтің адамдары екенін кейін сездік. Кеңес одағындай алып держава үшін өртелген бір автобус, онға жуық жеңіл көліктің және Қ.Сәтбаев көшесіндегі нан сататын дүкеннің шығыны түк емес еді. Бұл қолдан жасаған қырғын біздерді «маскүнем, наркоман, бұзақы» деу үшін қажет болды…

Ақын досым Бауыржан Үсенов екеуміз біздің қасымыздан күні бойы бір елі қалмай жүрген жас қыздан көз жазып қалып, аласұрып жүргенде алаңда қан болып жатқан жерінен көтеріп алып, агропром үйіне қарай жылыстай бердік. Бетінде сау тамтық жоқ, бір қолы сынып кетіпті. Қанын сүртіп, шарасыз күйде тұрғанымызда бір егде кісілер бізге жақын келіп: «Жігіттер, бұл қызды бізге беріңдер, мына жеңгелерің врач, үйге барып емдейміз. Больницаға апармаймыз, милицияға да бермейміз», – деді. Қуанып кеттік, әлгі ерлі-зайыптылар қызды алып, қараңғыға қарай жылыстай берді. Алаңдағы сойқан басталмай тұрғанда ұмытпасам есімін Гүлназ деді-ау. «Ағайлар,  сіздер болашақ журналистер екенсіздер, мына сұмдықты кейін жазыңыздаршы» деп еді қара көзі мөлт-мөлт етіп.

Курстасым Диханбай Әбдиев екеуміз тағы бір қан-жоса болған жігітті алаңнан алып шықтық. Политехникалық институтта оқиды екен. Сол маңдағы жатақханасына апарып салып, қайтып келіп арпалысқа араласып кеттік. Жанұшыра Бауыржанды іздедім. Күрескер ақын досым арқаланып алған. Қыздарды әскерлерден қорғап, алаң шебінде ойқастап жүр екен.

…КазМУ-дің журналистика факультетінің бір топ студенттері түннің бір уағында жатақханамызға келсек, вахтада декан мен екі-үш бейтаныс адам отыр. Үстіміз өрт сөндіретін машинаның суынан мұз болып қатып қалғанынан-ақ біздің алаңнан келгенімізді бірден сезді. Оның үстіне бет-жүзімізді қармен қанша ысқыласақ та дубинка тілім-тілімін шығарған.

Жуынып-шайынып, өзімізді енді ретке келтірдік-ау дегенде түнгі үште биология факультетінің акт залында шұғыл өтетін университеттің партия жиналысына алып барды.

Президиумда Қазақ ССР Жоғарғы және орта арнаулы министрі, университет ректоры және партком хатшысы. Жиналыс тізгінін қолына алған партком хатшысы, ұмытпасам тегі Чесноков еді-ау «Колбин жолдас бас хатшы Горбачевпен екі рет сөйлесіп, алаңдағы жағдайды баяндапты. Бас хатшы «Партия екі сөйлемейді, күштеп болса да басыңдар депті», – деді.

Алаңға шыққан студент-жұмысшы жастарды айыптап, тағы біреулер сөйледі-ау. Горбачев айтты деген әлгі сөзден кейін коммунист-студенттер  есеңгіреп қалғандай болдық.

Ертемен жатақханада тұратын студенттерді «конвоймен» айдағандай етіп, оқу корпусына алып келді. Сыртқа шығатын есіктің бәріне құлып салынды. Айтқандай нағыз қырғын, ертеңіне 18 желтоқсан күні болыпты. Бас хатшыдан анадай пәрмен болған соң, Кеңес одағының бірнеше қаласынан жеткізілген ерекше жағдайда әрекет ететін ит жетектеген әскерлер қойсын ба…

Алматының құқық қорғау органдарындағы уақытша ұстау орындары мен казармалар жастарға толған соң, қала шетіндегі қоқыс төгетін орындарға апарған. Көзден таса жерде ақ қар, көк мұзда тепкінің астында қалған ұл-қыздарды ойлағанда жүрегіміз қан жылады…

Желтоқсанның қасіретті үш күні өтісімен қуғын-сүргін басталды. Жалғыз ҚазМУ-де ғана емес, барлық жоғары, орта арнаулы оқу орындарында және еңбек ұжымдарында «декабристерді» қатаң жазаға тарту, қуғындау өте шапшаңдықпен жүргізілді. Қанша адамның сотталғаны, оқудан немесе жұмыстан қуылғаны, партия, комсомол қатарынан шығарылғаны бұған дейін де талай жазылды. Біз де жазадан тыс қалмадық, курстағы тоғыз коммунист партиялық қатаң жазаға тартылдық. Шығыс Қазақстан облысының түлегі, курстасымыз Гүлнар Әшімова комсомолдан, оқудан шығарылып, еліне қайтарылды.

Партия билетін ала алмаған соң, оқудан әупірімдеп шықпай қалдық. Қолға диплом тиген соң, республиканың әр қиырына тарыдай шашырап кете бердік. Біздерді ару Алматыдан желтоқсанның ызғары алыстатып жіберді. Сол бір қасіретті күндері денемізге түскен жан жарасы жазылды-ау, жүректерде мұз болып қатып қалған ыза мен ызғар бес жылдан кейін ел Тәуелсіздігін жариялаған соң барып, сейілді. Ақ қар, көк мұзда атой салған курстастас-достар бір-бірімізбен хабарласып, амандығымызды біліп тұрамыз.

…Алаңдағы қырғында қолы сынып, естүссіз қалған Гүлназ есімді бейкүнә қыз бен жас жігіт сол кезде 17-18 жастағы өрімдей жастар еді-ау. Бүгінде 50 жасты еңсерген шығар. Кең байтақ қазақ елінің қай жерінде жүр екен? Қайда жүрсеңдер де аман болыңдаршы, Желтоқсанның қарлығаштары!

Амангелді ӘБІЛ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support