- Advertisement -

1,8 тонна есрткі заттары тәркіленді

161

- Advertisement -

Маусым айында Шу ауданында есірткі заттарының таралуына қарсы әрекет ету және жауапты құқық қорғау органдарының тиімді әрекетін ұйымдастыру мақсатында дәстүрлі «Қарасора-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы бастау алған болатын. Заңсыз есірткі айналымы еліміздің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне әсер ететін өзекті мәселе болғандықтан, аталмыш шараға тұтас республика бойынша есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімдерінің  қызметкерлері қатысып, үш ай бойы жедел әрі тиімді әрекет ете білді. Есірткі тасымалдауға қолайлы саналатын негізгі үш айдың аяқталуына байланысты «Қарасора-2021» іс-шарасының жабылу салтанаты өтті.

Шара барысында Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ерлан Омарбеков сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

– Есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға Мемлекет басшысы ерекше көңіл бөліп отыр. Президент Жолдауында ел тұрғындарының арасында есірткінің таралуына жойқын тосқауыл қоюды тапсырды. Бұл жерде біз героин трафигінің арналарын анықтау мен жоюға, елдің оңтүстік өңірлерінен марихуана мен гашишті дайындауға және шығаруға қарсы іс-қимыл жасауға, сондай-ақ есірткінің жаңа түрлерін таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуге бағытталған міндеттерге, іс-шараларға ерекше назар аударуымыз қажет. Бұл ретте, «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасының маңызы зор, – деді Ерлан Болатұлы.

Сонымен қатар салтанатты шара барысында «Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалия Әбітаева мен облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Қалметов сөз сөйлеп, есірткіге қарсы іс-шаралардың нәтижесі бар екендігін тілге тиек етті. Дәлірек айтар болсақ, өңіріміздегі рейдтердің нәтижесінде есірткіні дайындау, сақтау және өткізу дерегі бойынша 14 күдікті ұсталып, олардан 1,8 тоннадан астам каннабистік топтағы түрлі есірткі заттары тәркіленген. Ал тұтас республика бойынша өткізілген іс-шараның қорытындысы бойынша 934 қылмыс анықталса, оның 454-і есірткіні өткізу, 178-і сақтау және 242-і өсіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Еліміздегі Шу алқабы – есірткі тұқымдас өсімдіктердің ірі көзі. Əрі оларды жинауға, қайта өңдеуге жəне еліміздің аумағы мен өзге мемлекеттерге таралуына ыңғайлы өлкенің бірегейі болып отыр. «Қарасора-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасын дәл осы айларда өткізудің де өзіндік себебі бар. Өйткені осы үш айдың аралығы есірткі тұқымдас өсімдіктердің көбейетін және пісетін уақытымен тұспа-тұс келеді. Дəстүрге айналған шараның негізгі мақсаты мен міндеттеріне Шу алқабынан каннабистік топтағы есірткі дайындаумен, шығарумен айналысатын адамдарды анықтау жəне құрықтау, сондай-ақ «ауған» есірткі арнасының транзитін жою, каннабистік топтардағы есірткінің алғашқы шығарылатын жері ретіндегі есірткі өндірісін жою жатады. Сонымен бірге, қылмыстық жолмен қаржы табатын топтарды түп-тамырымен ұстау да шараның басты міндеттеріне кіреді. Ал «Дельта-Долина» ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жоғарыда аталған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға жұмылдырылып отыр. Мұндағы түнде қолданылатын қазіргі заманғы техникалық құралдармен жабдықталған мобильдік жедел-іздестіру топтары да есірткі бизнесіне тосқауыл болу үшін барын салуда. Бөлім қызметкерлері жедел әрекет етуге қиындық тудыратын жерлерде арнайы әуе техникаларын қолданса, құмды жерлерде арнайы мақсаттағы өткізгіштігі өте жоғары автомашиналарға жүгінеді. Сондай-ақ марихуана дайындаумен айналысатын қылмыстық топтарды ұстау үшін ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарының көмегімен аудан аумағында іс-шаралар кешені іске асырылған.

Жалпы өңіріміз үшін маңызы зор «Қарасора-2021» іс-шарасы республика көлемінде өткізілгенімен, көбіне-көп облысымызға басымдық беріліп отыр. Өйткені өңіріміз географиялық табиғатына байланысты қарасора көп өсетін аймақтардың алдыңғы қатарында тұр. Дәлірек айтсақ, өңірде қарасора өсетін алқаптың көлемі 140 мыңға жуықтап қалған. Табиғи аймақта орналасуына қарай облысымыздың территориясы  есірткі жəне психотроптық заттардың транзиттік тасымалдау жолында орналасқандықтан, осы жол арқылы тасымалданатын есірткі заттарының бір бөлігі осында қалып, ары қарай заңсыз айналымға түсіп, сатылымға енуі де кездеседі. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында көптеген іс-шаралар жүргізіліп, өз нəтижесін беріп келеді. Олардың қатарында маусым-қазан айларында өткізілетін «Қарасора-2021» жедел-профилактикалық алдын алу іс-шарасының алар орны ерекше екені сөзсіз. Аталған іс-шараның қорытынды жиынында облыстық полиция департаментінің «Арлан» арнайы жасағы ұрыс жүргізу әдістерінен, Ұлттық ұланның «Бүркіт» жасағы автокөліктегі қылмыскерді құрықтау тактикаларынан арнайы көріністер көрсетті. Соңында бірқатар азаматтар Ішкі істер министрлігі мен облыстық полиция департаменті бастығының арнайы марапатына ие болды.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

 Шу ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support