Сыбайластық әрекетті әшкерелеген 22 азамат 1,5 миллион теңге сыйақы алды

48

Жыл басынан бері өңірде сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысты 46 қылмыс тіркелген. Нақты мысалмен айтсақ, Шу аудандық ветеринария стансасының басшысы Д.Тілемісов пен осы мекеменің бас есепшісі С.Аукешева 62 миллион теңгеден астам мемлекет қаржысын талан-таражға салған. Олар 7 кәсіпкерлік субъектісінің шоттарына атқарылмаған жұмыстар үшін 62 миллион теңгеден астам қаражат аударған. Соттың үкімімен алғашқысы 8 жылға, ал бас есепші 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев айтты. Ол облыс деңгейіндегі басшыларға қатысты – 2, қала, аудан деңгейіндегі басшыларға қатысты 2 құқық бұзушылық тіркелгенін жеткізді. Биыл 36 қылмыстық іс сотқа жолданса, жасаған заңсыз іс-әрекеттері үшін 26 азамат жауапқа тартылған.

«Тіркелген қылмыстық істер бойынша 182,2 миллион теңге көлемінде залал келтірілген, оның 101,8 миллион теңгесі өндірілсе, 7,2 миллион теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу бағытында айтарлықтай жұмыс жүргізілді. 22 азаматқа 1,5 миллион теңге көлемінде сыйақы төленді», – деді ол.

Ал департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев 6 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, олардың нәтиже сі бойынша 13 ұсыныс берілгенін айтты. Олар жер бөлу және оның игерілуін, әлеуметтік саладағы жәрдемақылар, пандемияға байланысты мәселелерді қамтиды.

«Қазіргі таңда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге мемлекеттік сатып алуда тым жоғары баға қою фактілерінің орын алуына мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі нәтижелердің негізінде мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралып, 1 миллиард теңгеден аса бюджет қаражаты үнемделді. Мысалы, Тараз қаласының білім бөлімі 1 компьютердің бағасы 380 мың теңге деп жоспарласа, тура сол көрсеткіштегі компьютердің нарықтағы бағасы 280-300 мың теңгені құрайтыны белгілі болды. Оның сомасы қайта қаралып, жалпы 16 миллион теңге үнемделді. Сол сияқты, облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы 1 дана батарея құнын 901,0 теңге деп көрсетіп, барлығы 9 миллион 17 мың теңгеге 10 данасын сатып алмақшы болған. Біздің ұсынысымызбен мұның да алдын алып, біршама қаражат үнемделді», – деді спикер.

Жемқорлықтың алдын алу және ағарту бағытында департамент қоғамдық институттармен өзара сындарлы ынтымақтастық орнатып, бірігіп жұмыс істеуде. Ат а п айтқанда, «Nur Otan» партиясы жанындағы қоғамдық кеңестерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзекті мәселелер көтеріліп, мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар енгізіліп келеді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе «Protecting Business and Investments» жобасы аясында 46 инвестормен келісімге келіп, 29 кәсіпкердің заңды құқықтары қорғалған. Ал «Парасат жолы» жобасы аясында өңірдегі мәдениет және БАҚ өкілдерінің қатысуымен 230-дан астам ағартушылық іс-шара ұйымдастырылған. Бүгінде аймақтағы 274 кітапхана «Парасат жолы» орталықтары жұмыс істейді.

«Біздің ұсынысымыз негізінде облыс аумағындағы 327 квазимемлекеттік сектор субъектілерінде комплаенс қызметтің ережелері бекітіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жауапты тұлғалары белгіленді. Айта кетерлігі, комплаенс офицерлер мекемедегі ішкі тәуекелдерді өздері анықтау, ұжым арасында жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыпт астыру бойынша істерді атқарады», – деді Р.Төлебаев.

Асхат Райқұл

Comments are closed.