- Advertisement -

Көпбалалы аналардың атынан жасырын ашық хат жазған кім?

77

- Advertisement -

Сарысу ауданына келген әкімдердің үстінен жалған арыз жазу жыл өткен сайын толастаған емес. Ауданымызға келгеніне 4-5 ай болған жас әкім Марат Қырғызәліұлының үстінен «аудан әкімшілігінің ғимараты өртенді» деп белгісіз біреулер жалған арыз жазып, арыздың соңына өздерінің аты-жөнін жазбай, Саудакент елді мекенінің тұрғындары: Егізбек Сатов, Сейітқадыр Әбдіқалықов, Болат Ермекбаев және ауданның Қоғамдық кеңесінің төрағасы Жақсыбек Дәулетбаевтың аты-жөндерін жазып жіберген. Бұл азаматтардың аты-жөндерін көрсетіп, жалған арыз жазудағы арызқойлардың түпкі мақсаты не? Әлде ауданымызға белгілі азаматтарды аудан әкіміне қарсы қойып, ел арасына іріткі салуды көздеген бе?

Өйткені осы жалған жазылған арызды анықтау мақсатында Е.Сатов, С.Әбдіқалықов, Б.Ермекбаев және Ж.Дәулетбаевтармен сұхбаттасқанымызда бұл жалған арызға ешқандай қатыстары жоқ екенін алға тартты. Зерделеу барысында бұл азаматтардың аудан әкімі М.Қырғызәліұлына деген ешқандай ала бөтен артық сөздері жоқ екенін, қайта жас әкімге ақыл-кеңестерін беруге әрдайым дайын екенін ашық айтты.

Енді тағы осындай бір жасырын топ облыстық ардагерлер және билер кеңесіне бұрынғы аудандық билер кеңе сінің үстінен ашық хат жазыпты. Бұл жолы ашық хат Сарысу ауданының «Алтын алқа» иегерлері мен ардагер аналардың атынан жолданған. Бұл хаттың түп тамырында не барын, аналардың тасасында жатып ашық хатты кім жаздыртып, тапсырма бергенін анықтау мақсатында журналистік зерттеу жұмыстарын жүргізуді дұрыс деп таптым. Себебі бүгінде Сарысу ауданында белең алып отырған «жалдамалы» арыз жазушылардың көбейіп бара жатқаны аудан тұрғындарына мәлім бола бастағаны ақиқат. Менің мақсатым біреуді қаралап, біреуге жала жабу емес, Сарысу ауданының тұрғындары бұрынғы билер кеңесінің үстінен жазылған жалған ашық хаттың шынайы шындыққа жанаспайтынын аудан тұрғындарының білгенін қалап, осы мақаланы зерделей отырып жазуды көздедім.

Ашық хатта Саудакент елді мекенінің тұрғыны, зейнеткер Егізбек Сәтұлының «Соғыс және еңбек ардагері Дүйсенбек Мұсаевтың қазақтың белгілі ақын-айтыскер жырауы Майкөт Сандыбайұлының еңбегін иемденіп алғанын, алқа билер кеңесі осындай келеңсіздіктерге жол беріп, қайда қарап отыр деп жазған. Біріншіден, айтатын мәселе ұлы айтыскер Майкөт Сандыбайұлы бүкіл Түркі жұртына, қазақ халқына танымал ұлы тұлға. Сондықтан Егізбек Сәтұлының Майкөт бабасы туралы көптен бері жинақтап жүрген тарихи құжаттар негізінде «Ұлы дала Гомері» кітабын шығаруы заңдылық деп есептейміз. Бұған ешкімнің де күмәні, таласы болмау керек. Екіншіден, ашық хатта Егізбек Сәтұлының алқа билер кеңесінің мүшесі деп жазуы қате, ол мүшесі болған емес. Бұрынғы билер кеңесінің үстінен жазылған ашық хатта мүше болмаса да Егізбек Сәтұлына жала жауып, билер кеңесімен байланыстыра жазуының астарында не жатыр? Біздің ойымызша, құрық бойламайтын сұрқиялық жымысқы әрекеттер арқылы, зейнеткер Егізбек Сәтұлының ар-ожданын таптап, аяқасты етті деп есептейміз.

Билер кеңесінің бұрынғы төрағасы Қалмырза Жандарбек туралы ашық хатта: «Сол Қалмырза Жандарбековті сайлаған қай жасырын қоғам? Куәлікті кім берді? Халыққа қандай қызмет көрсетті? Не үлгі бере алды?» деген сансыз сұрақтар мен баяғы қырық жыл өтіп «архивке» кеткен істі қайта қоздырып, жазықсыз баласын да ашық хатқа енгізуде «тапсырыс» берушілер нені көздеді? Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, Қалмырза Жандарбектің Сарысу халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, халқына араша болған нағыз алаштың арда азаматы болғанын көпшілік жақсы білсе керек. Ашық хатта еш дәйексіз жазылған жалған ақпараттарға Сарысу халқы еш сенбейді. Себебі Қалмырза Жандарбекті Сарысу ауданының бұрынғы әкімі Балабек Нарбаев ауданның Төбе биі етіп сайлады. Сенім артты. Жиынға қатысқан халық бірауыздан мұны қолдады. Биылға дейін Қалмырза Жандарбек бастаған билер кеңесі 400-ден астам іс қарап, оның 300-ге жуығы іс жүзіне асырылды. Түрлі сала бойынша әсіресе, мал дауы, жер дауы, неке бұзу және тағы басқа мәселелер бойынша күніне билер кеңесіне шағымданып 10-15 адамнан келіп тұрды. Ризашылықтарын, алғыстарын білдіріп жатты. Сонымен қатар аудандағы бұрынғы билер кеңесінің адал атқарған жұмыстарын облыс көлеміне таныту мақсатында «Адал – би, әділ – би» кітабы баспадан шығарылып облыс, республика көлеміне таратылды, бұл іс облыстық ардагерлер, билер кеңесі тарапынан қолдау тапты. Бұл әрине, Сарысу ауданында құрылған бұрынғы билер кеңесінің халық үшін атқарған адал қызметіне облыстық ардагерлер, билер кеңесінің берген әділ бағасы екені анық.

Бірақ соған қарамастан кейбір пысықайлар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаевқа және билер кеңесінің төрағасы О.Есіркеповке «Алтын алқа» иегерлері мен көпбалалы аналардың атын жамылып, тасасында жатып, жоғарыға жалған ақпарат жіберген.

Осы ашық хаттың негізінде облыстан арнайы 7 адамнан құрылған комиссия келді. Құрамында билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов және облыстық ардагерлер кеңесінің орынбасары, басқа да әртүрлі құзырлы орындардан өкілдер келіп, тексеріс жүргізілді. Облыстық комиссияның тексеруі кезінде бұрынғы билер кеңесінің жұмысы нәтижелі жүргізілгеніне көз жеткізді. Сонымен қатар билер кеңесінің құжаттарын тексергенде тек қана хаттаманың нөмірі қойылмаған деген ескерту айтылды. Басқа құжаттар талапқа сай жүргізілгеніне көздері жетті. Облыстан келген комиссия ашық хатта көрсетілген деректердің жалғандығына көздері жеткені анық.

Журналистік зерттеу барысында зерделегенде анықтағанымыз ашық хат арнайы екі жарым бетке компьютермен басылған, ал қол қойған аналардың үшінші бет мүлде бөлек әріппен басылған. Сонымен қатар аналардың тізімі қолмен жазылып, бірыңғай қол қойылған. Ашық хаттың соңына бұрын ертеректе жазылған аналар қолын тіркей салған. Біздің шамалауымызша, бұл билер кеңесіне ешқандай қатысы жоқ Жаңатас қаласындағы саяжайды қалаға қосу туралы хатқа қойылған қолдар болу керек. Бұның қолдан жасалған, құйтырқы арыз екенін «соқыр» адам да бірден аңғарады. Көпбалалы аналар мен «Алтын алқа» иегерлерінің саны бірінші ашық хатта 57 деп көрсетілген. Ал екінші ашық хаттың соңында 51 адам деп көрсетілген. Бұл әрине оның жалған екенін айғақтай түседі. Осы мақсатта Көк – су көшесінің №95 а үйінің тұрғыны, зейнеткер Шакен Жаркееваға барып жолыққанымызда «Мен білмеймін, маған екі жігіт келіп мынаған қол қой» деп айтты деп ағынан жарылды. Бұл кісі бұрынғы аудандық билер кеңесінің мүшелерінің кім екенін де және атқарып жатқан жұмыстары туралы да хабарсыз екен. Не үшін қол қойғанын да білмейді. Сонымен қатар 2 мөлтек аудан тұрғыны Ұлдан Тәжібекова да арызға ешқандай қатысы жоқ екенін ашық айтса, Дегерез елді мекеніндегі Шакиров көшесінің тұрғындары Ж.Пернебек, И.Кенжеқараев, Ғ.Байсейітовалар және 1 мөлтек аудан, 7 үй, 55 пәтердің тұрғыны Нүргүл Құрбанова да арызға ешқандай қатысы жоқ. Жандарбек Қалмырзаның халыққа істеп отырған қызметін әсіресе, көпбалалы аналар мен «Алтын алқа» иегерлері жоғары бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ аудандық ішкі істер бөліміне жазылған шағым хатты зерттеген полиция қызметкерлері бірнеше адамның аттарын анықтап, бірақ бұлардың бұрынғы аудандық билер кеңесінің жұмысына және оның төрағасы Жандарбек Қалмырзаның Сарысу ауданына өте беделді, шыншыл, ұлт жанды адал азаматтығын бағалайтынын және құрметтері ерекше екенін айта келіп ашық хатта көрсетілген қолдарының жалған екенін айтып берген. Дегерез елді мекеніндегі Шакиров көшесінде тұратын ашық хатта аты-жөндері жазылып, қолы көрсетілген азаматтардың ешқайсысы да қол қоймағандарын, жалған қол екенін анық айтты.

Шындыққа көз жеткізбей тұрып, аудан көлемінде бұрынғы билер кеңесінің жұмысын Сарысу ауданының аналарының атын жамылып, облысқа жалған ақпарат беріп, ел арасына іріткі салудағы көздеген мақсаттарының астарында не жатыр? Әрине, бұл хатты аналардың атын жамылып жаздырып отырған белгілі бір топ бар екені ақиқат. Бұларға айтарымыз, шырылдып шындықты айтып жүрген, аналардың құқығын қорғаған бұрынғы билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек пен билер кеңесінің мүшелеріне жасалған қиянат деп есептейміз. Әрине, бұл журналистік зерттеу алдағы уақытта да аудандық сот шешімінен кейін өз жалғасын табатын болады. Бұл мақаланы жазудағы біздің мақсатымыз билер кеңесінің мүшелерінің ар-ожданын таптаған бұл жалған ашық хат деп есептейміз. Сондықтан аудан халқының бірлігін сақтау үшін аудандық ұйымдар (ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес, билер кеңесі, дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы) бірігіп, ауыз бірлікте жұмыс істегендері абзал.

Жалғандық орға жығатынын ешуақытта ұмытпағанымыз абзал!

Құдайберген МӘМБЕТОВ,

журналист.

Жаңатас қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support