- Advertisement -

Бар қазақтың баға жетпес байлығы

159

- Advertisement -

Тараздағы мектептерде «Тәуелсіздік жетістігі» тақырыбында ашық сынып сағаты өткізілді

Биыл әр қазақстандық үшін баға жетпес құндылық әрі байлық саналатын Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – әр қазақтың жүрегін әлдилеген ғажайып ұғым, асыл құндылық. Осынау тарих үшін қас-қағым сәт саналатын қысқа мерзімде егемен еліміз талай асуды бағындырғаны сөзсіз. Осы орайда ел Тәуелсіздігінің отыз жылдық мерейтойы аясындағы іс-шаралар легі өңірімізде тұрақты түрде өткізілуде.

Облыстың білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен Тараздағы бірқатар үлгілі білім ордаларында «Тәуелсіздік жетістігі» тақырыбында ашық сынып сағаттары ұйымдастырылды.

«Тәуелсіздік жетістігі» тақырыбындағы сынып сағаты әуелі облыстық «Дарын» мектеп-интернатында өткізіліп, оған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Рахат Тободжанов арнайы қонақ ретінде қатысты. Ол өзінің Тәулесіздік жылдарында қандай қызметтер атқарғанын, ел егемендігінің әр қадамына куә болғанын, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекетіміз үшін оңай болмағанын әсерлі әңгімелеп берді. Мұнан соң аталған мектеп- интернаттың мұғалімі, республикалық «Үздік ұстаз» байқауының жеңімпазы Базарбай Дүйсенбаев, білім беру ісінің үздігі Мираш Бегілдаева өз ойларын білдіріп, тәуелсіздік таңымен бірге келген мемлекетіміздегі толайым табыстарға жан-жақты тоқталды. Мәселен, тіліміз, діліміздің, дәстүріміздің оралуы, Арқа төсінен жарқырап салынған жаңа Елорда, Елбасының ерен еңбегі жайлы әңгіме тиегі ағытылды. Ашық сағатты аталған облыстық мектеп- интернат директоры Назира Шілтаева қорытындылап, оқушыларға Тәуелсіздігіміздің баға жетпес байлық екенін айтып өтті.

Осындай тәрбиелік мәні зор сынып сағаты бұдан кейін Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназиясында да жалғасын тапты. Бұл іс-шараға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер, танымал тележурналист Асқарбек Сейілхан қатысып, тәуелсіздіктің маңызы жөнінде толғана сөйлеп, көпшіліктің көкейінде жүрген әңгімелерді айтып берді. Ол еркіндіктің, азаттықтың мәдениет саласына, БАҚ саласына тигізген оң әсерін, өзінің де еңбегі тәуелсіздік таңынан кейін көбірек бағаланғанын кеңінен әңгімеледі. Білім алушыларға тәуелсіздік деген қасиетті ұғымның қадіріне жету керектігін жан- жақты түсіндірді.

«Тәуелсіздік жетістігі» атты ашық сынып сағаты әрмен қарай Тараздағы №30 мектеп-гимназиясында жалғасын тапты. Бұл білім ордасындағы іс-шараға Халықаралық Тараз инновациялық институтындағы «Шерхантану» орталығының директоры Айнұр Кенбаева арнайы шақырылды. Ол кездесу барысында тәу етер тәуелсіздіктің әрбір қазақстандықтың тағдырын өзгерткені жайлы жан-жақты толғана сөйледі. Осынау азаттықтың арқасында барлық салада тек өркендеу орын алғанын да тіліне тиек етті. Іс- шарада аталған мектеп-гимназияның директоры Рахия Есеева сөз сөйлеп, бабалар аңсаған азаттықтың ел өміріндегі айрықша рөлі жайлы дерек пен дәйекке толы ойларын ортаға салды.

Тараз қаласындағы мектептерде өткізілген тақырыптық ашық сағаттарға жауапты болған маман, облыс әкімдігі білім басқармасы оқу-әдістемелік кабитенінің бөлім басшысы Гүлзат Келдібаева тәуелсіздік тағылымынан сыр шерткен кездесулер өз деңгейінде өткенін айтты. «Мұндай іс-шараның маңызы өте зор екендігі талас тудырмаса керек. Тәуелсіздік – біздің баға жетпес байлығымыз. Оқушыларымыз осы азаттықтың елімізге оңай келмегенін көкейге түйіп өскені дұрыс», – дейді ол өз ойымен бөлісіп.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support