- Advertisement -

Сарысу енді содасымен әйгілі болады

94

- Advertisement -

Кеше еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов облысымызда жұмыс сапарымен болып, өңір басшысы Бердібек Сапарбаевпен бірге бірқатар нысандарды аралады.

Сала министрі алдымен «Жамбыл ГРЭС» акционерлік қоғамына барып еліміздің оңтүстік өңірін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған алып стансаның жұмысымен танысты.

«Жамбыл ГРЭС» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүше сі Владимир Мележик энергия көзін өндіруші кәсіпорынға қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, 522 мың адам еңбек ететін мекемеде орташа жалақы 136 мың теңгені құрайды. Десе де, бүгінде кадр тапшылығы сезіле бастаған. Жастар мұнда жұмыс істеуге құлықсыз. Аймақтағы қуатты электр стансасына жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін қаржы қолбайлау болып отырса керек. Бұл мәселелерді шешу үшін электр энергиясының тарифін көтеру халықтың қалтасына оңай тимейді.

Жалпы, экономиканың көтерілуі, өнеркәсіп өндірісінің өсімі секілді кез келген жетістікке қол жеткізу электр энергиясымен тікелей байлансты екені анық. Әсіресе электр қуатына деген сұраныс артқан мына заманда стансаның әлеуетін көтерудің де маңызы зор. Осыны ескерген министр электр энергиясын өндiретiн компанияны шығынға батырмаудың жолын қарастыру, энергоблокқа келетін газ тарифін қайта қарастыру секілді бірқатар мәселелер жөнінде кеңесті.

Бүгінде «жасыл» экономика аясында елімізде баламалы қуат көздерінен электр энергиясын өндіру жақсы жолға қойылып келеді. Бұл тұрғыдан алғанда, болашақтың энергиясын ел игілігіне жаратуда облысымыз республика көлемінде көш бастап келе жатқаны қуантады. Соның ішінде Сарысу ауданындағы «Жаңатас жел электр стансасы» ЖШС де бар. Облысқа жұмыс сапары барысында осы стансаның жұмысымен Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов танысты.

Бұл жерде өңірді ғана емес, болашақта Орта Азияда жүзеге асырылатын ауқымды жоба жоспарланып отырғаны белгілі.

Стансаның жұмысымен бас директоры Гуо Ким таныстырды. Оның айтуынша, China Power — State Power Investment Corporation Ltd-тің негізгі еншілес кәсіпорны. China Power -тың негізгі кәсіпкерлік қызметіне ірі электр стансаларын дамыту, салу, иелену, пайдалану және басқару кіреді. Компания өткен жылы әлемде жалпы қуаттылығы 176 миллион кВт-ты құрайтын электр стансаларын орнатқан. Сондықтан да фотоэлектр стансасының белгіленген қуаты әлемде бірінші орында. Жел электр стансасының орнатылған қуаты әлемде екінші орында.

– SPIC – Қытайдағы 5 ірі энергия өндірушілердің бірі. Қазақстандық VISOR KAZAKHSTAN (Холдинг) – Қазақстанның және басқа елдердің өнеркәсібінің кең ауқымына тікелей инвестиция салуға маманданған активтерді басқарушы компаниясы. Біздің компания ірі инвестициялық жобаларды әзірлеуде мол тәжірибеге ие және халықаралық инвесторлар үшін сенімді серіктес болып табылады. Холдингті 2001 жылы Айдан Кәрібжанов бастаған қазақстандық банкирлер мен кәсіпкерлер командасы құрды, содан бері еліміздегі жетекші инвестициялық компаниялардың бірі болып табылады. Холдинг серіктестері дамушы елдердің ірі компанияларын инвестициялау мен басқаруда үлкен тәжірибеге ие, – дейді Гоу Ким.

Сондай-ақ бас директордың айтуынша, қазіргі таңда Сарысу ауданында жүзеге асып жатқан жел электр стансасының қуаттылығы 100 мегаватты құрайды. Мұнда жыл сайын 350 миллион киловатт электр энергиясын өндіру жоспарланған. Жалпы станса Сарысу ауданын ғана емес, бірнеше елді мекенді жарықпен қамти алады. Айта кетейік, бұл – Орта Азиядағы ең алып жоба. Жабдықтары толықтай Қытайдан әкелініп орнатылған.

Жобаның жалпы құны 150 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40-тан аса жел энергетикалық блок пен электр жабдықтарын, сондай-ақ бір станса торабы мен көпфункционалды орталық салынған. Бүгінгі таңда орта есеппен 15 миллион кВт/сағ. электр энергиясын өндіруде.

Министрге Гоу Ким енді осында 400 мегаватты жел электр стансасын салып, оның көлемін 500 мегаватқа жеткізгісі келетінін, оны салуға министрлік тарапынан қолдау көрсетуін сұрады.

Министр станса жұмысымен таныса келіп, компанияның бұл өңірді таңдауына не себеп болғанын сұраған еді.

– Бізді қызықтырғаны – бұл өңірдің жақсы климаты. Егер мұнда жел көзі болмағанда үш жылда мұндай айтулы жобаны жүзеге асырмаған болар едік. Жалпы біз осы аймақтың климатын зерттей келе, сіздер қолдау білдіріп жатсаңыздар, ендігі жерде жел электр стансаларын салып қана қоймай, күн электр стансаларын салуға да ниеттіміз. Жалпы Қазақстанның қай өңірін алсаңыз да желден де, күннен де электр қуатын өндіруге болады. Қазіргі таңда Қазақстан дұрыс бағыт таңдап, тура жолда келе жатыр. Болашақта алдыңғы қатарлы электр қуатын өндіретін елге айналатынына сенімім мол, – деп жауап берді.

Сондай-ақ серіктестік өкілі осы жерден жел және күн электр энергиясын өндіруге арналған зауыт салуға ниетті екенін де жеткізді.

– Бізге керегі осы зауыт. Зауыт салып алсақ, жел және күн электр стансаларына қажетті құрал-жабдықтарды шет мемлекеттерден тасымалдамай, өзімізде жасап құрастыруға мүмкіндік алар едік, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл жобаға министрлік тарапынан қолдау көрсетуді сұрап.

Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы осында жергілікті компания өкілдері бұдан бөлек 400 мегаваттық жел электр стансасын салғалы отырғанын, оларға 130 гектардан астам жер бөліп берілгенін, жоба жүзеге асса бұл өңір алда табиғат көзінен баламалы электр қуатын өндіретін аймаққа айналғалы тұрғанын айтты.

Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «Жаңатас жел электр стансасы» ЖШС мен басқа да жобалармен таныса келіп, ел игілігіне бағытталған жобаларға қашанда қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ жұмыс істеп жатқан жергілікті жас мамандармен сөйлесіп, олардың осы кәсіпке маманданып, болашақта отандық компаниялардың тұтқасын ұстайтын азамат болуларына тілектес екенін жеткізді.

Жалпы бұл жоба болашақта оңтүстік өңірдің электр энергиясына тапшылығын жойып қана қоймай, тау-кен өндіруші кәсіпорындардың да жұмысының тиімділігін арттырмақ.

Облысымызға жұмыс сапары барысында Бейбіт Атамқұлов Сарысу ауданындағы «Qazaq Soda» ЖШС-ның кальцийленген сода өндіретін зауытының құрылысымен де танысты.

Жобамен «Yildirim Group» компаниясының президенті Юксель Йылдырым таныстырып, инвестициялық жоба туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Құрылысы басталған зауыттың жылдық жобалық қуаты 500 мың тоннаны құрайды. Компания президентінің айтуынша, болашақта бұл көрсеткіш жылына 1,2 миллион тоннаға дейін артады деп күтілуде. Нысан құрылысына 400 миллион АҚШ доллары инвестицияланған. Жоба 2023 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бүгінде 1500-ден астам адам тартылатын құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып та кетті. Бұл Қазақстанның өзін ғана емес, бірқатар көршілес мемлекеттерді кальцийленген содамен қамтамасыз ететін заманауи зауыт болмақ.

«Yildirim Group» компаниясының бас директоры Исмаил Джейлан өнім тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар әлемдік нарықта да сұранысқа ие болатынына сендірді. Серіктестер бұл іске кальцийленген сода өндірісінде қолданылатын жаңа технологияларды тартуға ниетті. Сонымен қатар заманауи өндіріс толығымен қалдықсыз жүйеде жұмыс жасамақ. Яғни, қалдықтар қайта өңделетін болады.

Өткен жылдың күзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Yildirim Holding» компаниясының өкілдерімен кездесіп, Сарысу ауданында кальцийленген сода өндіретін зауыт салу жобасын іске асыру барысын талқылаған болатын. Жобаны іске асыру кезеңдері 2021-2023 жылдарды қамтиды. Айта кетсек, «Yildirim Holding» компаниясы – әлемнің 50 елінде жұмысын жүргізіп жатқан ірі түрік компаниясы. Ол Қазақстан нарығында 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Бұдан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және «Yildirim Group» компаниясының президенті Юксель Йылдырымның қатысуымен зауыттың іргетасына капсула салу рәсімі өтті.

– Бүгін сіздермен бірге тарихи күнді бастан өткеріп отырғанымызға қуаныштымыз. Қазақстанда алғаш рет кальцийленген сода шығаратын зауыттың құрылысы басталып отыр. Бұл зауыт бауырлас ел экономикасының дамуына үлес қосып қана қоймай, көптеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Мұнда жұмысқа тартылатындардың 98-99 пайызы жергілікті тұрғындар болмақ. Сондай-ақ энергия, қажетті ресурстар мен шикізаттардың барлығы жергілікті жердікі болатындығын да айта кеткім келеді. Бүгінгі жиынды пайдалана отырып, біз жобамызға қолдау білдіріп, көмек көрсеткені үшін Қазақстан Үкіметіне алғысымызды білдіреміз, – деді Юксель Йылдырым.

– Бүгін Сарысу жерінде үлкен мереке, салтанатты жағдайда сода өндіретін зауыттың құрылысы басталып отыр. Бұл жаңа технологиямен салынатын кәсіпорынның келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін маңызы зор болмақ. Біздің бірлескен бұл жобамыз елдің әлеуметтік, экономикалық және технологиялық дамуына үлкен серпін береді деп есептейміз, – деді зауыт құрылысының іргетасы қалануына орай өткен жиында сөйлеген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Бұдан кейін сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев дүниежүзіне белгілі «Yildirim Holding» компаниясының басшылығына алғысын айтып, кальцийленген сода өндіру жобасы аймаққа басқа да инвестиция тартуға мол мүмкіндік беретініне тоқталды. «Qazaq Soda» өнімді Ресей мен Орталық Азияның бірқатар елдеріне экспорттамақшы. Зауыт құрылысы барысында және одан кейін іске қосылу кезінде мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл дегеніміз көптеген жергілікті тұрғындарға берілген мүмкіндік екені сөзсіз», – деді Бердібек Машбекұлы.

Сарысу ауданы алқабилер алқасының төрағасы Серік Ақбасов ақсақал да өзінің жүрекжарды тілегін білдірді: «Бұл Қазақстанға келіп жатқан үлкен инвестицияның бірі. Ең бастысы, жастарымыз үшін көптеген жұмыс орындары ашылмақ. Бұл жобаның Сарысу ауданы экономикасының дамуы үшін де маңызы зор болмақ. Сондықтан бүгін іргетасы қаланып жатқан зауыт жұмысының алдағы уақытта жандануына тілекшіміз».

Жоғарыда айтылғандай, кальцийленген сода өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстарын бастау 2021 жылдың күзіне жоспарланған болатын. Бұл үшін өткен жылы компания тарапынан 479,198 миллион теңге инвестициялық салым салынды. Сода өндіру үшін негізгі шикізат көзі болып табылатын әктас және тас тұзын өндіруге лицензия алынған. Сонымен қатар зауыт құрылысы жүретін нысанға темір жол, су, электр энергиясы желілері инфрақұрылымын тарту үшін тиісті құжаттары дайындалып, жұмыстар жүргізілуде. Су құбыры желісіне 5,3 миллиард теңге, темір жол тұйығына – 9,7 миллиард және электр энергиясы желісін жүргізуге 398 миллион теңге қаражат жұмсау қарастырылған.

Ішкі нарықтағы сұраныс қанағаттандырылғаннан кейін екінші кезеңде зауыттың жобалық қуаттылығын жылына 1,2 миллион тонна содаға жеткізіп, өнімді шетелге экспорттау көзделіп отыр. Мамандардың бағалауынша, бұл зауыт еліміздің импорттық тәуелділіктен құтыла отырып, қазақстандық кальцийленген соданы Ресей мен бірқатар Орталық Азия елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Марат ҚҰЛИБАЕВ,

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support