- Advertisement -

Жүрегі жомарт жандар

73

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру бағытында еліміздің барлық қиырында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Бұл орайда біздің облыс та қалыс қалған емес.

Нұрсұлтан Әбішұлының: «Жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс. Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап- құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек.

Бұл жерде де көп жұмыс бар. Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады.

Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады», – деген сөзі барлық жомарт жандарды ойландырғаны анық.

Иә, бүгінде Жомарт түлек» секілді өзге де көптеген жобалар біздің өңірде де жүзеге асырылуда. Мақсат – айқын. Белгілі кәсіпкерлер туған жерін көркейтуге барынша күш салса, демеушілік көрсетсе деген ниет қазіргі таңда іс жүзінде нақты көрініс табуда. Оны көзбен көріп те жүрміз.

Облыс әкімі Бердібк Сапарбаевтың қатысуымен Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта «Жомарт жүрек» қайырымдылық саласындағы сыйлығының облыстық кезеңдегі лауреаттарын марапаттау рәсімі өткізілді. Бұл атаулы сыйлықты тапсыру рәсімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірімізде бірнеше жылдың бедерінде ұйымдастырылып келеді.

Салтанатты іс-шарада алғаш сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Жомарт жүрек» сыйлығын тағайындау өңірімізде бірнеше жылдан бері қалыптасқан дәстүрге айналды. Біз бүгінгі таңда бабалардан қалыптасқан қасиетті құндылық – қамқорлық жасауды ұмыт қалдырған жоқпыз. Арғы аталарымыз қандай қиын кезеңдерді бастан өткерсе де, айналасындағыларға мейірім шуағын төгуден еш танған емес. Ашаршылық, соғыс жылдарында ұлтына қарамастан, барлық азаматтарға қол ұшын созып, барымен бөлісті.

Өңірімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында көптеген жобалар қолға алынған. «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Жомарт түлек», «Асар» жобалары қазіргі кезде өзінің оң нәтижесін беріп жатыр. «Жомарт түлек» жобасының мәні тым тереңде. Ауылдан шыққан кәсіпкерлер демеушілік танытып, туған жерлерін көркейтуге күш салуда. Оларға дән ризамыз. Ал «Асарлатып үй салу» жобасы аясында көптеген әлеуметтік аз қамтылған отбасылар баспаналы болғанын ел жақсы біледі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Өйткені біз жүйелі жұмыстың нақты нәтиже беретінін көрдік», – деп түйді өңір басшысы өз сөзін.

Бұдан кейін «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары салтанатты жағдайда марапатталды. Алдымен «Жылдың үздік ұйымы» аталымы бойынша үздік шыққан «Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Лештаева ұйымға тиесілі сыйлықты алды. Қоғамдық бірлестік биыл бірқатар игі іске бастамашы болыпты. Әсіресе, Байзақ ауданындағы зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында қомақты қаражат жинап, 19 отбасыға азық-түлік әпергенін, өзге де бірқатар қайырымдылық шараларының өтуіне мұрындық болғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ іс-шара барысында «Жылдың үздік қамқоршысы» аталымы бойынша Мүтәлі Әбутәліп, «Туған өлке» аталымы аясында Еркінбек Қуатбеков, «Жыл тұлғасы» аталымы бойынша Ғалия Әбітаева, «Жыл меценаты» аталымы шеңберінде Талғат Тұрғымбаев жеңімпаз болды.

Бұл ретте Еркінбек Қуатбековтің Талас ауданындағы Майтөбе ауылына шағын футбол алаңын салып беріп, өзге де игі істерге мұрындық болғанын, Мүтәлі Әбутәліптің М.Мәметова атындағы №13 мектепке құны 12 миллион теңгені құрайтын «STEM» лабораториясын сыйға тартқанын, Ғалия Әбітаеваның медициналық және шаруашылық заттар алу үшін тұрғындарға үндеу жолдап, 60 миллион теңгеден астам қаржы жинауға себепкер болғанын, баспанасыз жүрген отбасыға үй әперу мақсатында акция ұйымдастырғанын және өзге де іс-шараларға белсене қатысқанын, Талғат Тұрғымбаевтың ауруханаға жалпы құны 109 миллион теңгені құрайтын қажетті құрал-жабдықтар алып бергенін, өзге де көптеген іс-шараларға демеушілік көрсеткенін қаперден шығармаған ләзім.

Жалпы бірнеше аталым бойынша топ жарған жеңімпаздар қомақты қаржылай сыйлыққа ие болып, оларға арнайы мүсінше сыйға тартылды. Лауреаттардың Талас, Шу секілді өзге де аудандарда ауқымды істерге бастамашы болғаны бізді шын қуантты. Олар алдағы уақытта да өз аудандары мен ауылдарының гүлденуіне атсалыса береді деген сенімдеміз.

«Aq jol»-Aqparat».

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support