- Advertisement -

Адам өмірінің құны қағаз ақша құрлы болмағаны ма?

24

- Advertisement -

Осыдан бір жарым жыл бұрын басталған әлемдік пандемияға қарсы күрес тоқтаған жоқ. Күн өткен сайын коронавирустың таралу аумағы кеңейіп келеді. Вирустан келер аурудың адам денсаулығына тигізер қатері көп екеніне де көзіміз жетті. Осы уақыт аралығында қаншама жаны жайсаң ағаларымыз бен апаларымыздан, туыстарымыз бен ағайындарымыздан, жолдастарымыз бен достарымыздан айырылдық. Бәрі осы індеттің кесірі.

Елімізде эпидахуал ушығып, ауру асқынып, жан-жағымызды шарпып барады. Айналдырған 3-4 айдың ішінде ет жақындарым мен жақындарымнан айырылдым. Жақында ғана екі әріптесіміз бақилық болды. Оның сыртында қаншама алыс-жақын ағайындар өмірден өтіп жатыр. Бұлай болуының себебі неде?

Себебі – өзімізде. Коронавирус індетінің жұқпалы екенін ескермей, халқымыз той мен жиынды тоқтатар емес. Биыл пандемия сәл бәсеңдеп қалып еді қайтадан құтырып шыға келдік. Тойлар мен астар 300-400 адамнан кем емес жабық залдарда жүріп жатты. Енді міне, эпидемия өршіп кетті. Науқас, дімкәс жандар аурухана төсегіне таңылып, дәрменсіз күйге түсті. Өмір мен өлім арасында арпалыс жүріп жатыр. Кім кінәлі? Әрине тағы өзіміз!

Жағдайдың осылайша ушыққанына кінәлілердің бірі –  карантиндік шектеулерге құлақ аспағандар. Олар кімдер? Тойхана иелері, тойға тапсырыс берушілер, асабалар, шақырылған әншілер мен бишілер, мониторинг жүргізуші топтар, саналы түрде тойға баратын азаматтар, жергілікті әкімшілік қызметкерлері.

Осыдан екі ай бұрын үлкен жиында той көбейіп кеткенін айтып, оған тоқтам болмай тұрғанын ескерткен болатынмын. Сол жолы мониторингтік топтардың құрамын өзгертуді сұраған едім. Бұл ұсыныс кештеу қолдау тапты. Егер қоғамда немқұрайлылық белең алса, карантиндік шектеулерге шекесінен қарап, айласын асырып, өткізіп жатқан той-думанды көпе-көрнеу жасырып жүре берсек, біз саламатты ұлттан, жалғасты ұрпақтан айырыламыз.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әр жиналыста індет мәселесін де, тойлар мен астардың жасырын өткізіліп жатқанын да күн тәртібінен түсірген емес. Бірақ орындаушылар әлсіз немесе немқұрайлы. Қай ауылда, қай ауданда, қай қалада және қашан той болып жатқанын бәрі біледі. Бірақ ешқандай реакция жоқ. Мониторингтік топтардың тойхана иелерімен келісімін – табыстың көзіне айналдырғандар әлі де бар. Сонда адам өмірінің құны қағаз ақша құрлы болмады ма? Қу ақша көмейді тесіп барады десеңші.

Күнделікті ақпаратты көріп жүрек ауырады. Біз бір-біріміздің өміріміздің қаншалықты қымбат екенін, оны ешқандай ақшаға айырбастауға келмейтінін неге ескермейміз?! Бұл ойымды көпшілікке жеткізбек болып, мақала жаздым, ертесіне  тойға шақыру қағазын алдым. Біз өзге адамдардың өмірін, отбасын ойламаймыз. Неге? Неге? Осы сұрақ көкейімнен кетпейді.

Неге біз өзгелермен санаспайтын болдық? Әрбір той мен жиынның аяғы қаншама адамның өліміне әкеліп жатыр. Қанша үйде жаназа шығарылып, қанша жан қайғы жамылды. Осы жағдай бізді неге ойландырмайды? Жиын-тойды тоқтатыңыздар! Тоқтам болуы керек! Ес жинайтын кез келді. Саналы, сапалы ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, саламатты өмір сүруді ойлайық. Барлығы өз қолымызда!

 

Ерболат Саурықов,

Халықаралық Тараз инновациялық-гуманитарлық институтының ректоры,

облыстық мәслихаттың депутаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support