- Advertisement -

Жаңатастағы жылуға байланысты жағдай бәріне сабақ болуы тиіс

164

- Advertisement -

Жамбыл – ауа райы жайлы, климаты қолайлы өңірге жатқанымен әр жылдары қыс мезгілінде «тентек мінезін» көрсетіп қоятыны бар. Сондықтан да облыс коммуналшылары жылыту маусымы аяқталатын сәуір айынан бастап, қысқы жылыту кезінде орын алған кемшіліктерді саралап, апатты жағдай орын алса оған қалай жол бергенін зерделеп, алдағы науқанда ондай оқыс оқиғаға жол бермеу жайын пысықтап, қысқа дайындыққа бірден кірісіп кетулері керек. Ана бір жылы қақаған қыста Шу қаласындағы қазандық қатып қалып, тоғыз жолдың торабындағы қаланың тұрғындары бүрсең қаққаны есте. Қай жылы еді, Талас ауданы Ақкөл ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің қазандығы да қыста істен шыққан. Құдай сақтап балалар онда қысқы демалыста болды ма, әйтеуір зардап шеккен жоқ. Биылғы ақпандағы Жаңатас қаласындағы жылуға байланысты дүрбелең дүмпуінің соңы немен тынғаны баршаға белгілі.

Ал енді облыс бойынша 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қандай деңгейде? Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан алған мәліметке қарағанда, аса жауапты маусымға дайындықты қамтамасыз ету мақсатында іс-шаралар жоспары мен облыстық штаб отырысының кестесі бекітіліпті. Жоспарға сәйкес, биылғы маусым айынан бастап 1 қазанға дейін ай сайын штаб отырысын өткізу жоспарланған. Мұнымен қоса, жергілікті жерлерде де штаб құрамы жасақталыпты. Тараз қаласы мен аудандардың жылыту маусымына дайындық барысын зерделеп, мониторинг жүргізу үшін облыстық штабтың жұмыс жоспары бекітіліп, екі жұмыс тобы құрылған.

– Алдағы жылыту маусымына облыс бойынша 444 автономды қазандық пен 340,0 километр жылу, 103 километр ауызсу, 9369 километр электр және 2053 километр газ желілерінің және 782 білім, 387 денсаулық сақтау, 494 мәдениет саласының нысандары мен 1622 көпқабатты тұрғын үйдің дайындығы қамтамасыз етілетін болады. Бүгінгі күні іс-шаралар жоспарына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар бюджеттік ұйымдардың қажеттілігіне орай автономды қазандықтар үшін 64,5 мың тонна қатты отын- көмір қорымен қамтамасыз ету жоспарланған. Облыс тұрғындары үшін күзгі-қысқы кезеңде 188,0 мың тонна көмір жеткізу көзделуде. Дегенмен былтырғы кезеңмен салыстырғанда қажеттілік 58,7 мың тоннаға кеміген. Бұл көрсеткіш былтыр газдандырылған 45 елді мекеннің нәтижесінен орын алып отыр. Облыс әкімінің тапсырмасымен Тараз қаласындағы 919 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су беру жалғасуда. Бұл мақсатта «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының биылғы газ жеткізу лимиті 76 миллион текше метрден 109 миллион текше метрге дейін ұлғайтылды, – дейді облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев.

Дегенмен жылу беруші кәсіпорындар жыл сайын жылу желілерінде қысыммен сынақтар жүргізіп, желілердің жұмыс режімін баптау мақсатында 15 күннен аспайтын мерзімге ыстық суды уақытша тоқтатуды жоспарлапты. Жоспарланған іс- шараларды орындау жылыту маусымы кезінде тұтынушыларды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін көрінеді.

2021-2022 жылдардағы жылыту маусымына дайындық іс- шаралар жоспарын барлық кәсіпорындар әзірлеп бекіткен. Жылу энергетика кешендері 546,7 миллион теңге қарастырған. Бүгінде кестеге сәйкес жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса керек. Облыстың ірі отын-энергетика кешендері «Т.И. Батуров атындағы ЖГРЭС» АҚ-мен 4 энергоблок пен 4 бу қазанын ағымдағы жөндеу, №1 энергоблокты күрделі жөндеу және «Таразэнергоорталық» АҚ-мен бекітілген 23 іс-шара аясында №1 бу қазандығын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС жалпы ұзындығы 9369 километр электр желілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізетін көрінеді. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалдары ГРП және ШРП катодтық стансаларын ағымдағы жөндеу, 2053 километр газ құбырларын арнайы құрылғымен тексеру, қалпына келтіру, қосалқы жабдықтарын ауыстыру бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізеді екен.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту тетігі арқылы республикалық бюджет есебінен Тараз қаласындағы 57 көпқабатты тұрғын үйді 2,691 миллиард теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланыпты. Байзақ, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов және Шу аудандары бойынша жалпы сомасы 278,7 миллион теңгеге жылуды көмірмен алатын 9 әлеуметтік нысанның қазандықтарын табиғи газға ауыстыру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарланған. Оның 7-еуі «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылатын көрінеді.

Биыл Жаңатас қаласының орталық қазандығын табиғи газға ауыстыру жолымен қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық- сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін бюджеттен 24,9 миллион теңге бөлініпті. Жыл соңына дейін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, сараптаманың оң қорытындысын алу жоспарланыпты. Бүгінде Жаңатастың орталық қазандығын жылыту маусымы кезінде мазутпен қамтамасыз ету мақсатында тұтынылатын отынның есебіне талдау жүргізілуде. Болжам бойынша 12000 тоннаға жуық мазут отынымен қамтамасыз ету көзделуде.

Қарап отырсаңыз маңызды маусымға дайындық барысында атқарылатын шаруа аз емес. Дегенмен бұл жұмыс «жүрдім-бардым» істелмей уақтылы әрі сапалы атқарылуы тиіс. Облыстық штаб мүшелері Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларына шығып, қысқа дайындық жұмыстарының барысын жіті қадағалап отырғаны жөн. Басқа да аудан орталықтары мен ауылдардағы білім беру, денсаулық сақтау, басқа да мемлекеттік мекемелердің дайындығы да назардан тыс қалмауы керек. Ауа райын болжағыштар биыл жаз аптап ыстық, ал алдағы қыс қатты болады дейді. Дайындық қалай болса солай атқарылса, оның зардабы ауыр болады. Оған тиісті басқарма басшылығымен бірге қала, аудан әкімдері үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Мына мәселеге де назар аударсақ дейміз. Облыс орталығында немесе әлдебір ауданда жылыту маусымына байланысты кенеттен төтенше жағдай орын ала қалса, бірінші қала, аудан әкімі жауап береді. Тиісті шара соларға қолданылады. Ал маусымның қалыпты өтуіне бірден-бір жауапты аудандық бағыныштағы қалалардың әкімдері немесе коммуналдық мекемелердің, жылу беретін қазандықтың басшылары жазадан тыс қалып жатады. Сондықтан оларда қызметтік жауапкершілікке тартылып па, басқа да заң талаптарына орай тиісті жазасын алып жатса, өздеріне жүктелген жауапкершілігін жүгін мықтап тұрып сезінер еді.

Ең бастысы, қазандық қатып, жылу жүйесі жарылып кетпеуін осы бастан мықтап тұрып ойлау керек. Мазут, газ немесе қатты отын тұтынатын қазандықтарды қажетті отынмен қамтамасыз ету дер кезінде жүзеге асуы тиіс. Тұрғындар тұтынған жылуына тиісті ақысын төлеп отырып, неге жаурайды. Алайда мына мәселеге де назар аудара кеткен жөн шығар. Монополист компаниялар жылуды көпқабатты тұрғын үйлердің элеваторына дейін ғана жеткізеді. Ал жылудың әр пәтерге қалыпты температурада баруын қамтамасыз ету – пәтер иелері кооперативтерінің және тұрғындардың өздерінің міндеті. Мәселен, 50 жыл бұрын пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйдің жылу жүретін құбыры бірде-бір рет ауыстырылмағандықтан ұзақ жыл берілген жылудан құбыр ішіне қақ тұрып қалады да, бөлмеге қалыпты температурада жылу берілмейді. Пәтерің жекеменшік, өзіңдікі болғандықтан мұны енді тұрғындар бірігіп, орталарынан қаржы жинап өздері ауыстырады.

Кіреберістегі аңғал-саңғал есік-терезені бүтіндеуді де ерте бастан, бүгіннен бастап қолға алған жөн. Сосын әр тұрғын пәтерінің есік-терезесінде саңылау қалдырмаса дейміз. Бұл жерде әрбір тұрғын өзінің тұрғын жайы-пәтерінің жылы болуына мүдделі болғаны абзал. Қыста жаурамаудың қамына жаздан бастап кірісу қажет.

Амангелді Әбіл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support