- Advertisement -

Енді жарна төлеп қатысатын жарыстар болмайды

190

- Advertisement -

Соңғы жылдарда ақылы олимпиадалардың қаптағаны соншалық, «аяқ алып жүргісіз» деңгейге дейін жеткен еді. Бастапқыда ата-аналарды онлайн өтетін білім бәсекесіне баласын қатыстырса болды, Дипломы мен Мақтау қағазы дайын тұратыны қызықтырған. Кейін одан да жалықты. Жалыққаны былай тұрсын, қалтаға салмақ сала берген соң, байбалам салып, «оқушыларды кез-келген жарысқа қатыстырып жатыр», деп мұғалімдерді кінәлауды шығарды. Соңы дау-дамайға ұласқан мәселені алға тартқан көпшілік мұны министрлік деңгейінде шешуді сұраған еді. Енді келесі оқу жылынан бастап, жарнасын төлеп қатысатын жарыстарға шектеу қойылады.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мұғалімдер мен білім алушыларға арналған 175 тегін олимпиада мен конкурстың тізімі бекітілген. Олар мектепке дейінгі, бастауыш, орта, техникалық және кәсіптік білім берудің барлық деңгейін қамтиды.

Енді олимпиадалар мектептің мәртебесіне байланысты сараланбақшы. Себебі тізімге ауылдық, сондай-ақ мамандандырылған және жекеменшік мектептер енгізілген. Сондай-ақ республикалық олимпиадаларға бастауыш (2-4) және орта (5-6) сыныптағы оқушылар да қатыса алатын болады.

Тағы бір айта кететіні, арнайы бекітілген тізімге экология, салауатты өмір салты, цифрлық технологиялар мәселелері сынды ХХІ ғасырдың проблемаларын шешуге бағытталған олимпиадалар енгізіліп отыр. Мамандар мұндай бәсекелі жарыстар жеткіншектерді жастайынан қоғамдағы жаһандық мәселелердің шешімін іздеп, табуға баулитынын айтады. Сонымен қатар, тізімде оқушылардың өнертапқыштық, шығармашылық, инженерлік-техникалық, ақпараттық және медиа қызметке қызығушылығын арттыруға бағытталған ғылыми тақырыптағы конкурстар қарастырылған. Мұғалімдер мұндай байқаулар білім алушылардың кәсіби бағдарлануына ықпал етеді деген көзқараста.

– Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова министрлік өткізетін барлық жарыстар, оның ішінде зияткерлік олимпиадалар да, шығырмашылық әрі спорттық жарыстар да бюджет қаражаты есебінен жүргізілетінін атап көрсетті. Жалпы оқушылар арасында әр бағыттағы бәсекелерді өткізіп тұру қажет. Біз балалардың қай салаға бейім екенін осындай жарыстар мен байқаулар арқылы анықтай аламыз. Өнерде, шығармашылықта, IT-құзыреттіліктерде ерекше дарынды оқушыларды іздеуді уақыттың өзі талап етіп отыр, — дейді Т.Рысқұлов ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шәкизат Шонатаева.

Оқушылар арасында өтетін білім бәсекелері мен байқаулар арасында шығармашылық бағыттағы конкурстардың болғаны аса маңызды деген пікірді алға тартады Құлан ауылындағы аудандық М.Төлебаев атындағы музыкалық мектебінің директоры Бердібек Бабасов. «Балалар үшін шығармашылық бағыттағы конкурстар да керек. Министрлік бекіткен арнайы тізімде шешендік өнер, музыкалық импровизация бойынша конкурстар, музыканттар, суретшілер, театр өнері, хореографиялық, техникалық шығармашылық конкурстары, балалар киносы фестивалі және кәсіби шеберлік конкурстары мен спорттық жарыстар да бар. Бұл жас жеткіншектерді өнерге баулу үшін қажет қадам. Тек қана білім бәсекелерін қалдырып, өнер байқауларын алып тастауға да болмайды. Себебі жасөспірімдер ұзақ уақыт бас алмай сабақ оқып немесе спортпен шұғылданудан да жалығуы мүмкін. Балаларға қалауына, талабына қарай таңдау жасауға мүмкіндік бергеніміз жөн», — дейді ол.

Қалай десек те, қаптаған ақылы олимпиадалар мен байқаулардың жолы кесілетіні дұрыс болды. Әйтпесе, мұғалімдер де рейтинг қуып, оқушысын жарна төлеп қатысатын жарыстардың бәріне апарып, әуреге түсіп кеткен еді. Шәкіртінің бір Мақтау қағазы қанша ұпай боларын кім білсін, бірақ портфолиоға салып қоюға ғана жарайтын бір жапырақтың құны ата-ананың қалтасына салмақ салғаны шындық.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support