- Advertisement -

Лагерьге баратын балалар да ПТР тест тапсырады

228

- Advertisement -

Қала сыртындағы лагерлердің ашылатынын естігенде жас жеткіншектердің қуанғаны анық. Рас, бір жылдың ішінде баланы төрт қабырғада қамап ұстаудың қаншалықты қиын екенін мықтап түсінген ата-аналар да шын жадыраған. Енді ше, бұрынғысы-бұрынғы ма, былтырдан бері смартфоннан тіпті бас алмайтын болған ұл-қызы таза ауада сергіп, бос уақытында пайдалы іспен шұғылданып демалса дейді ғой олар. Бірақ… Көпшілікті тосылдырған мәселе – сауықтыру орталықтарына баратын оқушылардан ПТР анықтамасы талап етілетіндігі болып тұр.

Былтыр осы уақытта бала біткенді үйге қамап, тұсағандай етіп әзер ұстаған едік. Сонда ғой – жаз бен күз де бірдей сүреңсіз, қызықсыз болып қалғаны. Жанға сая болатын демалыс орындарын саялап, серпіліп, сергіп алатын жаздың жұрт үшін аурумен арпалысқан ауыр кезеңге айналғанын қалай ұмытайық! Ал биыл ше?!

Індеттің кең таралуына тосқауыл болуды үйрендік, ауруды емдеудің алгоритімін, хаттамасын түзедік, жаппай коронавирусқа қарсы вакцинация жүріп жатыр. Содан да шығар, қазір елдегі эпидахуал біршама тұрақталып қалды. Балаларға арналған қала сыртындағы жазғы сауықтыру орталықтарын ашуға да рұқсат беріліп отыр. Бірақ демалуға келген жас жеткіншектердің қолында 72 сағат ішінде жасалған ПТР тесттің коронавирусқа теріс нәтиже көрсеткен қорытындысы болуы тиіс.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл талап 2021 жылы 3 мамырда күшіне енген Бас санитар дәрігердің №20 қаулысында жазылған екен. Қала сыртындағы лагерлер жұмысының алгоритімі де осы құжатта көрсетіліпті.

– Қаулыға сәйкес биыл қала сыртындағы лагерьлерде демалуға барған баланың денсаулығы туралы құжаты (086/у формасы) және инфекциялармен, соның ішінде Covid-19 жұқтырғандармен байланыста болмағаны туралы анықтамасы, лагерге келгенге дейін 72 сағат ішінде жасалған ПТР тестілеудің теріс қорытындысы бар құжаты болуы керек. Бұл талап сауықтыру орталықтарының қызметкерлеріне де ортақ. Қазір біздің өңір, Тараз қаласын қоса алғанда «жасыл» аймақта. Эпидахуалдың тұрақтанған жағдайда қандай карантиндік шектеулер алынып тасталатыны облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №5 қаулысында жарияланды. Онда өңірдегі балалардың сауықтыру демалыс орталықтарының жұмыс істеуіне тиым салынбаған, — дейді департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Гаухар Макуетова.

Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, маусымдық кезеңде өңірдегі 11 қала сыртындағы сауықтыру лагерьлердің 9-ы жұмысын бастауға дайын. Балалар демалысын ұйымдастырушы мердігер компаниялармен келісім-шарттар да жасалып қойған. Ендігі мәселе – сауықтыру шараларына тартылатын оқушыларды ПТР тестілеуден өткізуге ғана тіреліп тұр.

– Балалар ПТР тестілеуден өткеннен кейін 14-15 маусымда қала сыртындағы балалар лагерьлері жұмысын бастауы тиіс. Қордай ауданындағы «Балауса», Меркі ауданындағы «Жұлдыз», Т.Рысқұлов ауданындағы Ә.Молдағұлова атындағы сауықтыру лагері – мемлекеттік демалыс орталығы. Осы 3-еуінен басқа аудандар мен Тараз қаласының оқушыларына жекеменшік лагерлерде тегін демалыс ұйымдастырылған. Биыл жалпы қала сыртындағы демалыс орындарына 7680 бала қамтылмақшы. Оның ішінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін санаттағы балғындар, облыстағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері бар. Сондықтан демалыспен қамтылатын жеткіншектерді коронавирусқа қарсы сынаманы тегін тапсыру тетігі қарастырылуы тиіс. Осыған байланысты біз облыстық денсаулық сақтау басқармасына, аудандар мен Тараз қаласының әкімдеріне хат жолдадық. Бұл мәселені жергілікті әкімдіктің есебінен шешу жолы ұсынылды, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева.

Шынтуайтына келгенде, ұл-қызының лагерьге барып демалуы үшін ПТР тест тапсыратыны – көптеген ата-анаға қолбайлау болып отыр. Себебі, баласын 10 күнге демалыс орталығына жіберудің өзі олардың отбасылық бюджетіне біршама салмақ салады. Киім-кешегі мен керек-жарағын жабдықтап беруге ең кемі 20-30 мың теңге шамасында қаржы қажет. Қалай десек те, әке-шешесі басқа жеткіншектердің қасында жерге қарап қалмасын деп біркиер киімдерін әперуге тырысатыны белгілі. Ал оған коронавирусқа қарсы алынатын сынаманың ақысын қоссаңыз, едәуір шығын. Сондықтан, кейбір отбасылар демалыстан бас тартуға мәжбүр.

– Үш қызым мектепте оқиды. Ең болмаса біреуі лагерьде демалуға мүмкіндік алса қуанар едім. Бірақ ПТР тест тапсырады дегені қиын соғып тұр. Ұлға қарағанда, қыз баланы киіндіруге, керегін әперуге көп қаржы кетеді. Оған қоса сынаманы ақылы тапсырса, едәуір салмақ болады. Сол үшін қыздарыма биыл да демалыс дегенді ұмыта тұрыңдар деп отырмын, — дейді тараздық көпбалалы ана Перзент Маратқызы.

Ал кейбір ата-аналар баласын демалысқа жіберуге әлі де қорқақтап отыр. Жазғы сауықтыру шараларынан шет қалмасын деп жүріп, ауру жұқтырып алмасына кім кепіл дейді олар. Алайда оқушылар демалысына жауапты мамандардың бұл уәжге де айтар жауабы дайын екен.

Мамандардың айтуынша, лагерьдегі әрбір қызметкерден ПТР тест алынып, бәрінің демалыс ауысымы кезінде сыртқы ортамен байланысы шектеледі екен. Бұрынғыдай, әр отбасына балаларын іздеп барып, жағдайын көріп қайтуға рұқсат берілмейтін көрінеді. Тек қана коронавирус инфекциясы емес, басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу үшін орталық аумағында санитарлық-дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, арнайы департамент мамандарының рұқсаты алынуы тиіс. Сонда ғана лагерлерьге жұмыс істеуге рұқсат.

Жалпы оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында мектеп жанындағы тіл үйрену, пәндік, спорттық лагерлер өз жұмысын бастап та кеткен. Ендігі кезек – өлкетану, экологиялық, туристік экскурциялар мен қала сыртындағы жазғы сауықтыру орталықтарында.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support