- Advertisement -

Шәмшінің әнін шырқаймыз

187

- Advertisement -

Ұлтым – дүнген, ортам – қазақ. Жақыным да, жанашырым да, түзге кетсем жолымды тосып, алаң күй кешетін туысым да, отбасылық қуанышын менімен бөлісіп, жайылған дастарқанға ақ батасын сұрайтын да қөңілі дархан, пейілі кең қазақтай ұлттың арасында тұрып жатқаныма шүкіршілік етемін.

Алдымен жұмыр жерде пешенеме жаны жайсаң халықпен етене байланысуды нәсіп еткен Хақ тағалаға алғысымды білдіремін. Кейде қазақтарға ұшы-қиыры жоқ байтақ атырапты көңілінің ашықтығына сай берген бе деп қаламын. Осында қартайып, бүгінде даналық кітаптардан баталарды жаттап жүрмін. Қайсыбір жақсылықты тілге тиек ете берейін. Елдің амандығын дұғама қосып, немерелеріме елден көрген жақсылығымды ылғи құлақтарына құйып отырамын.

Жалпақтөбеде дүнген ұлтының өкілдері көп тұрады. Жаңа жыл қарсаңында ауылымызда 180 орындық мәдениет үйі ашылды. Оның ашылуында қазақ халқына деген құрметіміз болсын деп, біздің ауылда 18 жыл тұрған, халыққа тамаша әндер сыйлаған, елдің сүйікті сазгеріне айналған композитор, вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың есімін жаңа мәдениет үйіне беру туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа ұсыныс жасап едік. Ол ұсынысымыз қазір ономастика комиссиясының қарауында. Бұл мәселе өз шешімін табады деген сенімдеміз. Ал мұнда сазгер тұрған үйге белгі тақта орнатылған. Біз, қариялар ұлы сазгердің осында тұрғанын жиі еске алып, оны жастарға мақтанышпен айтып отырамыз. Ауылда Шәмшінің әнін білмейтін адам жоқ. Той-жиындарда қосыла шырқап, Шәмші әндерін әуелете шырқайтын үрдіс бар. Бұл ұлы сазгерге ғана емес, бүкіл қазаққа деген құрметіміз.

Несін айтасыз, бәрінің көңіл-күйі жайдары. Өткен жолы ел болып осындағы дүнген азаматшасы Исмайлованың отбасына «Асарлатып үй салу» жобасымен 4 бөлмелі тұрғын үй салып берді. Бұдан артық бірлік, бақыт бар ма?

Абдулхалил МАЮФИ,

Жалпақтөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support