- Advertisement -

Елімнің көк байрағын көкте желбіреткім келеді

121

- Advertisement -

Боксқа аңсары ауған арулар Жамбыл жерінде де жеткілікті. Шаршы алаңда ойдағыдай нәтиже көрсетіп, қарсыластарынан айласын асыра білген нәзік жүректі, сом білекті қыздарымыздың бағындырған биігі мен алған асулары аз емес. Тіпті, кәсіби мансабын әуесқой рингтен бастап, кейін кәсіпқой бокс әлемінде де өзін дәлелдеп, ауыз толтырып айтарлықтай табысқа қол жеткізген былғары қолғап шеберіміз бар. Иә, кәсіпқой бокста талайларға таңдай қақтырған Фируза Шарипованы жұртшылық бүгінде жақсы біледі. Сонымен…

Бүгінде бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын иеленген ол Тараз қаласындағы №39 мектепте білім нәрімен сусындап жүргенде әуесқой бокс үйірмесіне жазылып, қолына былғары қолғап киеді. 2007 жылдан бастап, шаршы алаңда тер төгуге бел буған Фирузаның бапкері Ерік Ағабектен үйренгені, көңілге тоқығаны аз емес. Ол он жасынан бастап талмай тер төкті, аянбай еңбектенді. Жаттықтырушының айтқан әрбір кеңесін мұқият тыңдап, рингтке өз тактикасын жүзеге асырудан еш танған емес. Содан да болар, он үш жасынан бастап бокспен «ауырған» ару әуесқой рингте жүріп те талай биіктерді бағындырды.

Ұлты өзбек болғанмен, жүрегі елім, қазағым деп соққан Фируза Шарипованың отбасында ағасы, сіңлісі және екі інісі бар. Отбасында кәсіпқой спортқа бет бұрған ол үлкен жетістіктерге жетуге бекінді. Талантты боксшы қыздың талабын байқаған басшылар оны 2013 «Жамбыл» кәсіпқой бокс клубына қабылдайды. Осы кезде ол облыстық және республикалық, халықаралық аламандарда өзінің шын шебер екенін байқатып, жеңімпаз, жүлдегер атана білді. Талай мықтыдан айласын асырып, мақсатының айқын екенін көрсетті.

Фирузаның әуелдегі жеңісті жорығы жасөспірімдер арасындағы жарыстардан басталды. Ол 2010 және 2011 жылдары өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, дода жеңімпазы атағына қол жеткізді. Шаршы алаңда жасындай жарқырай бастаған Фируза Шарипова мұнымен тоқтап қалған жоқ. 2011 жылы Түркияның Анталья қаласында өткен қыздар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, халықаралық жарыстарда тәжірибе жинақтай түсті. Бұдан кейін 2012 жылы жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында бақ сынады. 64 килограмм салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан ол жастар арасындағы аламанда өзінің теңдессіз екенін көрсетіп, жеңістің ең биік тұғырынан көріне білді. 64 килограмм салмақ дәрежесінде өзін судағы балықтай еркін сезіне бастаған ол 2012 жылы Моңғолия астанасы Улан Батор қаласында ұйымдастырылған жастар арасындағы Азия чемпионатына қатысуға бел буады. Он сегіз жасар былғары қолғап шебері бұл жарыстан да құр алақан қайтқан жоқ. Рингте өзінің шын шебер екенін көрсете білген ол қола жүлдеге қол жеткізді. Бұдан соң ол осы жылы Қытайдың астанасы Пекин қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып қайтты.

Жастар мен жасөспірімдер арасындағы айтулы аламандарда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген Фируза кейін әйелдер арасындағы додаларда жүлдегерлердің қатарынан көрінуге күш салады. Алдымен 2013 жылы өткен Қазақстан чемпионатында 60 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түсіп, қарсыластарының барлығын жеңіп, ел чемпионы атағына қол жеткізеді. Дәл осындай ел чемпионатында келесі жылы күміс жүлдегер атанады. Сол 60 килограмм салмақ дәрежесінде 2015-2016 жылдары ел чемпионатында қола жүлдені мойнына ілді.

Әуесқой рингтің қыр-сырына әбден қаныққан Фируза Шарипова 2016 жылы кәсіпқой боксқа ауысуға бел буады. Алдына айқын мақсаттар қойған 22 жастағы боксшы қыз кәсіпқой бокс әлемінде өзінің шын мықты екенін дәлелдеуге ден қойып, қазақстандық арулар арасынан шыққан кәсіпқой бокстағы алғашқы әлем чемпионы атануды көздейді. Мақсаты айқын Фируза сол биікті бағындыру жолында еш аянып қалмайды. Қайта өз-өзін қайрап, жігерін жаныған спортшы алынбайтын асудың жоқтығына шын сенеді.

Фируза Шарипованың кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуі ресейлік Софья Очигаваға қарсы өтті. Иә, Шарипова көптеген боксшылар секілді ортаңқол қарсыластармен кездескісі келмей, ә дегеннен-ақ мықты боксшымен қолғап түйістіруді жөн деп шешті. Софья Очигава кәсіпқой бокстың дәмін татқанға дейін 2012 жылы Лондон қаласында өткен Олимпиада ойындарында күміс жүлдегер атанған. Одан бөлек екі дүркін әлем, үш дүркін Еуропа чемпионы атағына қол жеткізген мықтының нақ өзі болатын.

Қазақ елі сенім артқан Фируза Шарипованың жеңіл салмақтағы алғашқы жекпе-жегі жеңіл өткен жоқ. Ресей төрінде атағы дардай боксшымен қолғап түйістірген қазақстандық былғары қолғап шебері Очигавадан бір елі кем бокстасқан жоқ. Қайта мығым соққыларын қарсыласына дөп тигізіп, өзінің шын шебер екенін көрсетті. Әйткенмен, кәсіпқой бокс әлеміне енді ғана қадам басқан Шариповаға жеңіс бұйырған жоқ. Төрешілердің бүйрегі жергілікті боксшыға бұрып, жеңіс Софья Очигаваның еншісіне жазылды. Бірақ, бұл кездесудің қалай өткенін көрген бокс сарапшылары Фируза қарсыласына есе жіберген жоқ дегенді айтты. Бұдан соң Фируза Шарипова ресейлік промоутерлік ұйыммен келісімшартқа қол қойып, кәсіби мансабын әрмен қарай жалғастырды.

Ресейде жаттыққан ол екінші жекпе-жегін Испания төрінде Италияның нөмірі бірінші боксшы қызы саналған Анжела Канецароға қарсы өткізді. Кездесу барысында Фирузаның басымдылығы мен шеберлігі бірден көзге көрініп тұрды. Қаарсыласын жойқын соққылармен күтіп алып, шабуылдаған сәтте тікелей және қапталдан жұмсаған соққыларын дөп тигізе білген қазақстандық боксшы қыздың аяқ алысы жанкүйерлерді қуантқаны анық. Рингте өзін еркін сезінген ол бұл күні төрешілердің біржақты шешімімен жеңіс тойын тойлады.

Осы кездесудің алдында Фируза өзінің дайындығы туралы да пікірімен бөліскен болатын.

«Мен кәсіпқой рингте жекпе-жек өткізіп үлгердім. Бір сөзбен айтқанда тәжірибем бар. Менімен мықты мамандар жұмыс істеді. Осы жолы кездесуге дайындалуға менде жеткілікті уақыт болды. Командамызбен бірге нақты тактиканы таңдадық. Шаршы алаңда өзімді қалай ұстауым керектігін жақсы білемін. Қарсыласым Италия рейтингінде бірінші, әлемдік рейтингті өз салмағында отызыншы орында тұрғанынан хабардармын. Жекпе-жекке қатысты менің өз тактикам бар. Кездесу оның қалауы бойынша өтпейді»,-деген еді ол пікірімен бөліскенде. Иә, ол айтқан сөзінде тұрып, қарсыласынан айласын асырып, кәсіпқой рингте алғаш рет жеңімпаз атанды. Бұдан кейін Фируза жеңіске бастар жолдан жаңылған жоқ.

Кәсіпқой бокс әлеміне әлем чемпионы атану мақсатымен келген Фируза Шарипова 2017 жылы елордада өткен «EXPO – 2017» көрмесі аясында ұйымдастырылған бокс кешінде болгариялық Милена Колевамен жұдырықтасты. Бұл кездесуде WIBA және WBU тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынды. Жекпе-жек барысында қарсыласынан гөрі анағұрлым жылдам қимылдай білген Фирузаның шеберлігі жанкүйерлерді сүйсінтті. Шаршы алаңда еркін ойқастаған ол әдемі комбинациялық шабуылдарымен дараланып, болгариялық боксшыны соққының астына алды. Милена соққы көтере алады екен. Қаншама соққыны өткізіп алса да, есеңіреген жоқ. Бұл кездесуде айқын басымдылық танытқан Фируза Шарипова төрешілердің біржақты шешімімен шаршы алаңдағы кезекті жеңісіне қол жеткізді. Осылайша ол сегізінші шайқасында қазақ арулары арасынан шыққан кәсіпқой бокстағы алғашы әлем чемпионы атанып, тарих парақтарына атын алтын әріптермен жазды. Осы жылы Фируза келесі шайқасында Алматы төрінде бельгиялық былғары қолғап шебері Джемилла Гонтарюкпен қолғап түйістірді. Он раундтық жекпе-жекте кезекті жеңісін тіркеді. Бұл кездесуден кейін Фируза екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесі бойынша IBO және WBC silver тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Осылайша ол екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық боксшы ару ретінде елге танылды.

Осыдан біраз уақыт бұрын Тараздан түлеп ұшып, екі салмақта әлем чемпионы атанған Фируза Шарипова WBA рейтингінде көш бастап, әлем чемпионы Кети Тейлордың міндетті қарсыласы атанғаны да есте. Одан бөлек, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Ева Валсьтреммен де қолғап түйістіреді деген ақпарат тарап кеткен еді. Алайда бәрі біз ойлағандай болмады. Боксшының кәсіби мансабында түрлі өзгерістер мен жағдайлар орын алды. Оның бәрін тәптіштеп айтудың қажеті шамалы шығар.

Бір қызығы Фируза Шарипова 2019 жылы өзінің кәсіби мансабын аяқтағанын ресми түрде мәлімдеді.

«Құрметті достар! Мен боксшы ретіндегі кәсіби мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Менімен бірген жұмыс істеген бапкерлерді, менеджерімді, жалпы командамды білесіздер. Жанкүйерлерге, бәріңізге рахмет айтамын.  Біз бірлесіп жұмыс істеп, біраз биікті бағындырдық. Қазақстанда бізден басқа ешкім өте қысқа мерзім ішінде кәсіпқой бокстан бұндай нәтижеге қол жеткізбеді. Өкінішке қарай, біз кәсіпқой бокстағы ең негізгі титул саналатын WBC тұжырымы бойынша толыққанды әлем чемпионы атануға бір ғана қадам қалғанда тоқтадық. Біз оған дайын едік. Бірақ, тек қаржылық жағынан ол мақсатқа жету мүмкін болмады»,-деген еді Фируза өз ойымен бөлісіп.

Алайда арада көп уақыт өтпей, Фируза кәсіби мансабын қайта бастайтынын әлеуметтік желілер арқылы хабарлаған еді. «Мен ресми түрде ораламын! Қарымта жекпе-жекті қалайсыздар ма?», деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында менеджер Сергей Завилейский мен Софья Очигаваны белгілеп.

Бұл хабарламадан кейін екі боксшы арасында жекпе-жек өткізу туралы келіссөздер жүргізіліп, ол тіпті сәтті аяқталған да еді. Қос мықты үшінші сәуір күні Қазан төрінде шаршы алаңға көтеріліп, рингте кім мықтыны анықтауға тиіс болған. Алайда Фируза Шарипова сол күні ресейлік Юлия Чернобородоваға қарсы шаршы алаңға шығып, жеңіске қол жеткізді. Әйтеуір соңғы сәтте Шарипова мен Очигава арасындағы шайқас өтпей қалды. Бұл туралы ресейлік боксшы өз пікірін білдірді.

«Төленуге тиісті қаржының жартысы кездесу өтерден бір апта бұрын беріледі деген келісім болған. Екінші жартысы жекпе-жектен кейін аударылуы тиіс еді. Алайда біздің демеушілер берген уәделерінде тұрмады. Сөйтіп тиісті ақшаны төлеген жоқ. Біз өз тарапымыздан келісілгендей дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргіздік. Алайда демеушілер бізбен хабарласып, мән-жайды түсіндірген жоқ. Сол себепті де жұртшылық асыға күткен қарымта кездесу өтпейді»,-деді ол өз сөзінде.

Фируза Шарипованың кәсіпқой рингтегі көрсеткіші көңіл тоғайтады. Шаршы алаңда он төрт кездесу өткізген тараздық кәсіпқой боксшысы тек бір мәрте ғана жеңілгенін жоғарыда айттық. Он үш жекпе-жегінде жеңімпаз атанған Шарипова жеті қарсыласын мерзімінен бұрын жеңгенін жанкүйерлер жақсы біледі.

Иә, кәсіпқой рингте тек Софья Очигаваға ғана жол берген Фируза алдағы уақытта тәжірибелі қарсыласынан есе қайтарғысы келетіні даусыз. Оның үстіне екі боксшы арасында өткен бірінші шайқаста қазақстандық боксшының қарсыласынан кем түспегенін көз көрді. Одан бері де біраз жыл өтті. Очигава жазда 34 жасқа толса, Фируза 27 жасқа келеді. Бір сөзбен айтқанда Фируза нағыз спорттық бабына енетін жаста болса, Софья жыл өткен сайын спорттық бабын жоғалта түсетіні сөзсіз. Мұның өзі қазақстандық боксшы қыз келесі кездесуде фаворит болатынын айқындайтын сияқты. Қалай болған күнде де екі боксшы арасындағы екінші кездесу ұйымдастырылатын секілді. Өйткені қос мықты екінші кездесу өтсе бір-бірін сұлатып салуға уәде кеткен еді. Әсіресе Шарипованың: «Мен барымды салатын боламын. Кәсіпқой рингке Софья Очигаваны нокаутқа жіберу үшін оралдым»,-деген сөзі елдің есінде.

Кәсіпқой рингте жасындай жарқыраған Фируза Шарипованың әуелден арманы асқақ. Ол талай мықтыны тұғырынан тайдырып, өз салмағында әлемнің шын мәніндегі теңдессіз чемпионы атануды көздейді. Шаршы алаңда жеңіл қимылдап, ауырт соққыларымен қарсыластарының зәресін алатын тараздық боксшының бағындыратын биіктері әлі де көп. Ол сол өзі көздеген мақсаттарына жетпей тоқтамайтын шығар.

Осыдан біраз уақыт бұрын Фируза Шарипова: «Алдағы кездесулерімнің бірінде Олимпиада чемпионы Кэти Тейлормен жұдырықтасқым келеді»,-дегенді алға тартқан болатын. Тіпті оған дайын екенін де жеткізген. Әрине, Тейлормен шайқасқа шығу үшін Софья Очигава секілді кәсіпқой бокс әлемінде аты бар боксшыларды жеңу қажет-ақ. Ол күн де алыс емес шығар деген ойдамыз.

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support