- Advertisement -

Оқушылар оралғанмен, жағдай оңалмай тұр

94

- Advertisement -

Еуропада эпидемиологиялық ахуалдың ушыға бастағаны жайлы жайсыз ақпарат ақпан айының ортасында-ақ жеткен. Бірер аптада коронавирустың мутацияға ұшыраған жаңа штамдары қарт құрлықтағы ахуалды ушықтырып, бірқатар елдер пандемияның жаңа толқыны басталғанын мәлімдеп те үлгерген. Дереу карантиндік шараларды қатаңдатып, халықаралық байланысты шектеуге кіріскендер де – сол Еуропа жұрты. Ал біз бұл уақытта оқушылар төртінші тоқсанда мектепке оралатынын айтып, даурығып жатқанбыз…

Қош, сонымен оқушылар мектепке оралды ғой. Жұрт анау деді, мынау деді, жергілікті сала басшылары «білім мекемелерінде санитарлық нормалар сақталады, сыныптарда жиі дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп тұрады» деген соң, ата-аналар балаларын сабаққа жіберуге келіскен. Ұл-қызының денсаулық жағдайына алаңдаған кейбірі ғана өтінішін жазып, онлайн оқытуды құп көрген-ді. Азды-кем болса да, олардың сонысы да, дұрыс секілді. Себебі төртінші тоқсанның алғашқы екі аптасы өтпей жатып, жас жеткіншектер коронавирус жұқтырып, ауыра бастады.

Жалпы төртінші тоқсан басталғалы бері 10 күннен астам уақытта 11 оқушы індет жұқтырды. Оның төртеуі – Тараз қаласындағы № 46 мектептің 3 және 7-сыныптарында оқиды. Қалғандары Қордай, Байзақ және Шу аудандарында тіркелген. Қазір облыс орталығындағы індет шыққан мектептің екі сыныбы карантинге жабылып, балалар қайтадан онлайн режимге көшірілді. Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Есеевтің айтуынша, осы сыныптарға сабақ берген 8 мұғалім оқшауланып, мектепте дезинфекциялық жұмыстар жүргізілген екен.

Бір мектепте вирус жұқтырған 4 оқушы анықталса да, 2-ақ сыныпты карантинге жабуы – көпшілік үшін түсініксіздеу болып тұр. Қанша жерден «Бір сынып – бір кабинет» қағидаты сақталғанымен, бала біткен, бір-бірімен араласып-құраласпай тұрмайтыны белгілі. Сол жеткіншектер асханаға бармады ма? Солармен қол ұстасып, ойнап жүрген балғындар бір мектепте оқып жүрген әпке-сіңлі, іні-ағаларымен сабақтан қол ұстасып, бірге қайтқан шығар?! Әлде бір жыл бойы онлайн оқу кезінде, қазіргі пандемия жағдайы енгізген өмір салтына жас жеткіншектер көндігіп, тәртіпке бой ұрды ма екен? Өздері сағынып әзер жеткенде «тәк» дегенге бір-бір үйдің еркелері қайтіп көнсін?! Төртінші тоқсанда балалар мектепке қарай асыға лап қойғаны шындық.

Бастапқыда  ата-аналары да сабақтың дәстүрлі түрде өтетініне қуанғанымен, «оқушылар да ауырып жатыр» дегелі бауыр еті баласының денсаулығына алаңдап қалғаны жасырын емес.  Жалпы пандемия жағдайында білім беру үдерісін ұйымдастырудың өзіндік қиындықтары қазіргі таңда  мектептерді де біраз әуре-сарсаңға салып тұрғаны да анық. Осы жайды саралау  мақсатында біздің редакцияның бір  топ журналисі Тараз қаласындағы бірқатар мектептерді аралап, мән-жайды көзбен көріп қайтқан едік.

Шаһардағы 2-шағын ауданда орналасқан №38 орта мектепке әдейі түске таман бардық. Себебі, қазіргі пандемия жағдайында сабақ процесін неғұрлым сырттай бақылап, барынша әлеуметтік арақашықтықты сақтауды ойладық. Бөгде адамдарды білім мекемесінің ауласына кіргізбеудің қамын мектеп басшылығы алдын ала ойластырған-ақ екен. Қақпадан кезекші мен құқық ісі жөніндегі орынбасары Ғалиасқар Керімқұлов қарсы қалды. Бастапқыда орынбасардың өзі-ақ қандай санитарлық шаралар қарастырылғанын айтып, мән-жайды түсіндіріп бергенімен, директордан рұқсат сұрауымыз керек екенін ескертті.

Біз кіргенде кіреберісте кезекші медибике орнында жоқ болып шықты. Дене қызуымыздың бар-жоғын сол постқа жауапты техникалық қызметші тексерді. «Екіншісімен де өлшеп көріңізші» деген сөзімізге үстел үстінде тұрған екі термометрдің біреуі істемейтіні енді есіне түскендей, «бұл негізі әшейін тұр, дұрыс істемейді» деп жауап қатып, жақын тұрған бір сөреге ысырып тастай салды. Негізі талап етілетін барлық санитарлық құрылғылардың бәрі бар екен. Бірақ соған жауапты адамдар өз ісіне немкетті қарайтынын байқадық. Орнында отырмаған медбикеге ескерту жасалғанымен, ол «мына кісі тексеріп қойды ғой» деп жүре тыңдап, қайтадан басқа жаққа кетіп қалды.

Мектеп директоры Мадина Бисенғалиева қазіргі пандемия жағдайында мекеме ішіне кіргізе алмайтынын айтып, аралас форматта өтіп жатқан төртінші тоқсандағы оқу процесінің қалай ұйымдастырылып жатқанын түсіндірді. Мұнда 1723 оқушы білім алады екен. Жалпы 68 сынып бар. Оларға екі ауысымда 34 кабинет дайындалыпты. «Біз «Бір сынып – бір кабинет» қағидатын ұстанамыз. Сабақтар аралас форматта өтеді. Қашықтан оқытылатын және ата-анасының өтініші бойынша онлайн форматты таңдаған балалар конференция форматында «Daryn.online» платформасы арқылы сабаққа қатысып жатыр», — деді ол.

Мектеп басшысы мектеп сыртында да, ішінде де кезекшілік ұйымдастырылғанын айтып қалды. Сабақ арасындағы үзілістер кезіндегі тәртіпті бақылау үшін ұстаздардың да бұл жұмысқа тартылғаны түсінікті. Балаларды тәртіпке шақырып, 5-10 минуттық үзілісте арақашықтықты сақтауын қадағалау аса қиындық туғыза қоймас. Бірақ қақпа алдындағы пән мұғалімдерінің сағаттап күзетте тұрғаны көзге оғаштау көрінгені, рас. Бір жағынан бұл «Мұғалім мәртебесі» туралы заңға қайшы екенін де ұмытпаған жөн. Білім және ғылым министрі  Асхат Аймағамбетов биыл қаңтардан бастап аталған заңды бұзғаны үшін 100-ден астам директор мен басқа азаматтардың  жауапкершілікке тартылғанын бекер айтпаған болар. Заң туралы сөз қозғағанымызда Мадина Сұрағанқызы балалардың денсаулығының қауіпсіздігі үшін осындай қадамға барып отырғанын, сырттағы кезекшілікке дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдері өз келісімдері бойынша жұмылдырылғанын жеткізді. Бұл туралы арнайы жиын жасап, хаттамасы да толтырылған екен. Ал оқушылардың көпшілігінің мектеп формасымен сабаққа келетінін директор былай түсіндірді: «Оқу жылының басында әлеуметтік қолдауды қажет ететін 580 жеткіншекке көмек көрсетілген, олар формасы дайын болғандықтан, соны киіп келіп жүр», — деді.

Тура түскі ауысым уақытында барғандықтан, бізге сабақтан қайтқан оқушылармен де тілдесуге мүмкіндік туды. Олар мұғалімдер «форма киіп келіңдер» деп талап етеді десті.

Бүгінде 2300 оқушы білім алатын қаладағы Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясында директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Даданбеваның айтуынша, білім беру үдерісі еліміздің бас санитары бекіткен арнайы қаулының негізінде жүзеге асырылып отыр екен. Ата-аналардың өтінішімен 247-ден астам оқушы білімін қашықтан жалғастырып жатыр.

Жуырда осы мектептің бір ата-анасы бастауыш сыныпта оқитын баласына сынып жетекшісінің арнайы форма талап еткенін айтып, редакцияға қоңырау шалған болатын. Оқырман сұранысына орай, біздің алғашқы сауалымыз осы еркін форма төңірегінде өрбіді. Орын алған бұл жайдан мектеп әкімшілігі бейхабар болып шықты. Бәлкім, ол сынып жетекшісінің «өз белсенділігі» болса керек.

Білім ордасының ауласына енгенімізде, кезекті қоңырау соғылып, бір топ оқушы алдымыздан шыға келді. Бәрі дерлік мектеп формасын киіп алыпты. Оларды әңгімеге тартқанымызда, көпшілігі мектепке еркін формада келуге болатынын білмейтінін айтты. «Ақ көйлек, ақ жейде кеймей сабаққа келуге бола ма?» деп таңданып жатты балалар. Енді ше сынып жетекшілері тарапынан да «мектеп формасын киіңдер» деген  сын-ескертпені жиі естіген соң, талап солай деп жүрген ғой. Ал Эльмира Тоқтасынқызы: «Формаға қатысты  мәселеде мектеп әкімшілігі ешқандай сын-ескертпе жасаған жоқ. Бұл бағытта алдағы уақытта тағы да зерделеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Ол біздің ұдайы назарымызда тұрған мәселе. Бізге қазіргі кезеңде  балалардың сырт келбеті емес, толыққанды білім алу үшін мектепке аман-есен келіп кеткені маңыздырақ», — деді.

Бұрын екі аусымда оқитын мектепте соңғы тоқсан  қалыптасқан жағдайға байланысты үш ауысымдық оқу жүйесіне көшіріліпті. Бұл жерде оқу кабинеттерінің санитарлық тазалығы мен сабақтардың жиілігі басшылыққа  алынған.   Оқу кабинеттері уақытымен кварцталып, әр кабинетке арнайы медицианлық бұрыш қойылыпты. Онда антицептик, артық бетперделер де бар. Егер балалалар бетпердесін қалдырып кеткен жағдайда, оның қауіпсіздігі мектеп тарапынан қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар білім ошағының  ауласына кірген-шыққандарды залалсыздандырып тұратын  арнайы туннель орнатылыпты. Алайда, оның тұрақты жұмыс істеп тұрғанына күмәнданып қалдық. Өйткені, ол құрылғы біз өткенде істемей тұрған. Содан кейін іште біреу нұсқау берді ме, біраз уақыт өткен соң жауапты қызметші келіп, іске қосып қойды. Осыны нақтылау үшін ертеңіне мектеп ауласына екінші рет  келіп, әлгі туннельмен тағы бір рет жүріп өттік. Тағы қосылмады. Сонда бұл аппараттың қай уақытта қосылып  және кімдерді залалсыздандыратынын түсіне алмадық.

Пандемия біздің өмір салтымызды өзгерткенін айтып жүрміз. Еркін жүріп-тұрудан қалдық. Дүкенге бетпердесіз кіре алмайтын болдық. Әйтсе де, «Қонақ шақырмау керек, той-думанға бармаған жөн» деген ескертулерді ескермей жатырмыз, әлі. Ал, бір орында байыз тауып тұра алмайтындар  балаларды тәртіпке шақыру тіпті қиын. Сол себепті оқушылар  мектепте карантиндік шектеулерді орындап жүр десек сөзіміз шындыққа жанаспас. Сондықтан білім ошақтарында қазіргі кезде тәртіп пен тазалықты  бақылау ісі екі есе күшейтілуі тиіс.

Бұл мәселеге келгенде №53 мектеп әкімшілігі техникалық қызметшілердің міндеті екі еселеніп отырғанын атап көрсетті.  «Мектеп ауласына үш бағытта кіріп, шығуды ұйымдастырып отырмыз. Оның әрқайсысында 7 лаборант қызметкеріміз бен медбикелер кезекпен кезекшілікке тұрып, тәртіпті қатаң бақылауда ұстайды. Ата-аналардың және басқа да бөгде адамдардың мектеп қақпасынан кіруіне жол бермейді. Себебі, барлығы да балаларымыздың амандығы үшін. Бұған пән мұғалімдерін жұмылдырып отырған  жоқпыз. Себебі ол «Мұғалімдер мәртебесі» туралы заңның талаптарына қайшы келеді», — деді Эльмира Тоқтасынқызы.

Қала орталығындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясына барғанымызда басқа мектептердегідей емес айнала тыныш, абыр-сабыр болып жатқан оқушыларды көзіміз шалмады. Сабақтан қайтқандарының өзі жеке-дара, өзімен-өзі. Іштей бұл да дұрыс екен дестік.

Төртінші тоқсандағы оқу үрдісінің қалай ұйымдастырылып жатқанын мектеп директорына жолығып, білмек болғанымызда, бос болмай біраз күтуге тура келді. Сонда байқағанымыз, түсте оқитын бастауыш сыныптың оқушылары есіктен енгеннен бірден дене қызуларын өлшетіп, қолдарын залалсыздандырып, сыныптарына кіріп кетеді екен. Жалпы оқу үрдісінің осындай талаппен ұйымдастырылғанына оқушылар да, ұстаздар да үйреніп қалғандай көрінді.

Балалары мектепке барғанымен, індеттің күннен-күнге ушығып жатқанын естіп-біліп отырған ата-аналардың әлі де болса – алаңдаулы. Мектеп директорының айтуынша, төртінші тоқсан басталғанда қашықтан оқуға ниет білдіргендер қатары он пайыз болса, бүгінде олардың қатары күн санап көбейіпті. Қазір 2297 оқушының 500-ге жуығы онлайн оқып жатыр екен.

– Біз оқушыларға дене қызуың көтеріліп, өзіңді жайсыз сезінсең, сабаққа келме деп айтып, ескертеміз. Бұрын 1 сыныпта 35 бала отырса, қазір бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес 25-тен асырмаймыз. Бала саны белгіленген шектен асып кеткен сыныптар болды. Сондықтан тағы қосымша үш класс аштық. Мәселен, 1 сыныптар бұрын жетеу болса, қазір сегіз. Оны қалалық білім бөлімі бекітіп берді. Сондай-ақ оқушылардың мектепке кіруі мен шығуы бақылауда. Сабақ кестелері де әртүрлі уақытқа қойылды. Бірінші топ сағат 8-де, екіншісі – 8.15-те, үшіншісі 8.30-да келеді. Бұл бірінші ауысым. Екінші және үшінші ауысымның да сабаққа келу уақыттары осылай белгіленген. Ғимарат екі бөліктен тұратындықтан, ортасы жабық, бір жағында оқып жатқандары екіншісіне ары-бері өтпейді. Кезекшілер бақылап тұрады. Асхана ортақ болғандықтан, кезекпен кіргіземіз. Сыйымдылығы 100 адам. 30 пайызына шақтап орындықтарды қойып, қалғандарын алып тастадық. Бұрын оқушылар 1 есіктен кірсе, енді 4 есіктен кіреді, — дейді мектеп директоры Салтанат Төлеу.

Оқушылар «Бір сынып –  бір кабинет» қағидаты бойынша оқиды. Жалпы бір ауысымдағы сабақтың ұзақтығы – 4 сағат. Негізгі пәндер дәстүрлі форматта, қалған сабақтары онлайн. Сыныптар арасындағы үзіліс кезінде кварц лампасы қосылып, дизенфекция жұмыстары жүргізіледі. Әр сыныптың сабаққа кіру кестесі есіктерінде жапсырулы. Үзілісте бұрынғыдай қоңырау соғылмайды.

Иә, қоңыраудың үнін естімей, сабақ оқу оқушылар үшін психологиялық тұрғыдан оңай емес. Десе де аз күннен кейін оқу жылы да аяқталады. Бәрі бұлай тұра бермес, бүкіл дүниені дүрліктірген аты жаман індет те тоқтап, жаңа оқу жылын алаңсыз бастайтын күн де келер.

Мектеп директорының айтуынша, бұл мектепте де ғимараттың іші мен сыртын кезекшілер бақылайды екен. Оған медбикелер, лаборанттар мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері тартылған. Сақтық үшін өте қажет қадам. Бірақ сабақ беретін мұғалімінің есік алдында тұрғанын көрген оқушының ұстазына деген құрметі азайып кетпей ме? Осы жағын да ескеріп, кезекшілік мәселесін пән мұғалімдеріне жүктемеудің бір амалын қарастыру керек шығар, бәлкім.

Орталықта орналасқан Төле би атындағы №8 мектеп-гимназиясында «оқушылардан коронавиурустық инфекция анықталды» деген ақпарат тараған болатын. Бұл ақпараттың жалған екенін мектеп директоры Әлішер Әзімбай жоққа шығарды.

– Осындай қауесетті ата-аналардан да естідім. Негізі мектебімізде ешқандай ауру анықталған жоқ. Жалпы санитарлық талаптар қатаң сақталған. Тәртіпті сақтап, ата-аналарды мектеп ауласына кіргізбей, балаларды өзіміз күтіп аламыз. Бұл жұмыстарға ешқандай пән мұғалімдерін тартпай, мектеп әкімшілігі жұмылдырылған. Өзім бастап, орынбасарларыммен қадағалап тұрамын. Мектептің 4 блогын вахта қызметкерлері қадағалайды. Сабаққа келген оқушылар дене қызуын өлшеп, өздері кіре береді. Оған барлық жағдай жасалған, — дейді мектеп басшысы Әлішер Әзімбайұлы.

Жалпы мектеп гимназияда 2327 оқушы білім алады. Оның 178-і қашықтан білім алып жатқандар. Бір айта кетерлігі, ата-аналардың өтініші негізінде олардың кейбірі оффлайнға көшсе, кейбірі онлайнға кетіп жатқан көрінеді.

Тілші түйіні: Басты байлық денсаулықтың қамымен бір жыл бойы қашықтан білім алған оқушылар да, ата-аналар да, мектеп мұғалімдері де  соңғы тоқсанда оқу форматы офлайнға ауысады дегенде  қунарын да, қуанбасын да білмей әрі-сәрі күйге түскені рас. Көп ұзамай,  сабақ та қызу басталып кеткен-ді. Алайда, мерзімі жағынан ең қысқа  соңғы тоқсанда балалардың мектепке келіп білім алғанының, қуанышынан қарбаласы көп болып тұрғаны анық.  Осы орайда офлайн форматқа ойланбай қойып кеттік пе, деген ой біздерді де қатты мазалады.  Мектепте де, үйде де әлеуметтік арақашықтық туралы қанша айтылып жатқанымен, баланың аты бала   мектеп қақпасынан шыға салып қолтықтасып, алысып-жұлысып, топырлап, топтасып  үйге жеткенше біраз жерді шарлайды емес пе?…

 «Аq jol»-дың  тілшілер тобы: 

Ардақ Үсейінова,

Фариза Әбдікерімова,

Камила Борашова.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support