- Advertisement -

Осы мәселе отыз жылға жуық уақыттан бері көтеріліп келеді

96

- Advertisement -

Газетіміздің ( №12 (18965) санында жарық көрген сенатор Мұхтар Құл –Мұхаммедтің «Өшпес ерлік» мақаласын қызу қолдап, пікір білдірген Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ардагер журналист Баттал Жаңабайұлынан Тараз қаласында Ыбырайым Сүлейменовтің немере қарындасы тұратынын біліп, тілдесуге асықтық. Батырдың қарындасы Айткүл Сүлейменова Тараз қаласы, Қазыбек би көшесі, 135 үйде тұрады екен. Жасы 85-ке қарай кетсе де, әлі сергек, тың көрінді.

–  Газеттерде жарық көрген «Өшпес ерлік» атты көлемді мақаланы оқып, қуанып жатырмыз. «Халық қаһарманы» атағы берілсе, батыр ағамның рухының алдында бір парызымыз өтелгендей болар еді. Мерген ағама атақ беру мәселесі отыз жылға жуық уақыттан бері көтеріліп келеді. Кезінде өзінің замандас қаруластары Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов көтерді. Елбасыға дейін ашық хат жазылды. Әрине, ештен кеш жақсы. Ұзақ жылдар сарыла күткен лайықты марапаты батырға енді берілсе де Жамбыл халқы үшін үлкен қуанышты оқиға болар еді. Ыбырайым ағадан жалғыз тұяқ Алмагүл атты қыз болған. Ол кісі осыдан оншақты жыл бұрын өмірден озып кетті. Әттең, марапат қызының тірі кезінде берілгенде деп ойлайсың. Бірақ ол қыздан ұрпақ бар. Хабарласып, солар жайлы да жазып қойсаңыздар болады.  Жеңістің 50 жылдығы кезінде Тараз қаласында Ыбырайым ағаға арнап үлкен көлемде Құран оқытып, ерлігін еске алдық. Ал мен Ыбырайымның туған ағасы Сүйіндіктің қызымын. Жамбыл облыстық білім басқармасын ұзақ жыл басқарған Жатай Жұмаділов менің өмірлік жолдасым. Ол да үнемі Сүлейменов жайлы ізденісте, батырдың ерлігінің лайықты бағалану жолында тер төгіп өтті. Ұсыныстың аяғы қуанышқа ұласып жатса еш арманымыз жоқ, – дейді Айткүл  Сүйіндікқызы.

Айткүл апай облыстық ауруханада ұзақ жыл мейірбике болып еңбек еткен екен. Қазіргі таңда да аталған мекеменің ардагері ретінде сый-құрметке бөленіп отырған жайы бар. «Жеңіс» саябағындағы «Даңқ залында» Айткүл апайдың тыл ардагері ретінде суретті де ілінген. Батырдың қарындасы бұл күнде 5 ұл-қызынан 10  немере, 27 шөбере сүйіп отыр. Үлкен баласы Ертаймен бірге тұрады.  Ертай – құрылысшы.

– Өшпес ерлік жасаған Ыбырайым ағаның батырлығын бағалау туралы мақала үмітімізді оятып, қуантып тастады. Жақсылық хабар болады деп елеңдеп отырмыз. Батырдың ісі лайықты бағаланып жатса үлкен құрмет болар еді, – дейді батырдың жиені Ертай Жатайұлы.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support