- Advertisement -

Әлеуметтік желілер арқылы көмек сұрау неге көбейіп кетті?

201

- Advertisement -

Шынтуайтына келгенде, қайыр, көмек сұрап тіленшектікпен күнелту –қоғамдағы масылдықтың бір белгісі. Бұрын  мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоспағанда, тепсе темір үзетін соқталдай азаматтар мен аяқ-қолы бүтін бола тұра, шиеттей бала-шағасын жетелеп алақан жайып жүретін  аналарды  халық көп шоғырланатын жерлерден жиі  кездестіретінбіз. Қайыр сұраушылардың арасында тіпті, өз «кәсібіне кіріскенде» өтірік балдаққа сүйене қалып, «жұмыс уақыты» аяқталып, қайтарында балдағын қолтықтап, екі аяғын нық басып, қымбат көліктерге мініп кететін жандар да барын аракідік еститінбіз. Пандемияның әсері ме, әлде «заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенге сайып тұр ма, бүгінде  қайыр сұраушылар офлайннан онлайнға көшіп, ғаламторға ойысты. Әлеуметтік желілерде дертіне дауа іздеп, басқа да қиындықтарға тап болған жұрттың қаржылай көмек сұраған жарнамасы желдей есіп жүреді. Әсіресе, аудиториясы ауқымды өнер жұлдыздары мен белгілі блогерлердің парақшасындағы пікірлер легінде өздерінің есепшоттарын көрсетіп, баласының немесе  өзге де  жақынына жылу іздегендерді міндетті түрде кездестіресің. Қазіргі пандемия кезінде  онлайн ақша сұрайтындардың қатары тіпті көбейіп кеткен. Мұндағы негізгі мәселе көмекке зәру, қиындыққа  тап келген  жандар жайында емес. Иманы азайған топтың интернетте қайыр сұрауды әдетке айналдырып алғанында болып тұр.

Осылай оңай жолмен  олжаға кенелгісі  келгендердің талайы сізге байқатпай, өзіміздің де  арамызда  жүруі бек  мүмкін. Ең алдымен ондай әккілер жүрегі  жұмсақ,  мейірімді адамдардың сеніміне кіріп, берік қатынас орнатары анық.  Интернет арқылы «жылу жинаушының» арбауына түскен тараздық Самал (кейіпкердің аты-жөні өзгертілген) есімді келіншектің басынан өткерген жағдай да осындай әдемі  араласудан басталған. Өзінің оқиғасы өзгелерге сабақ болсын деген мақсатпен ол болған жайды ағынан жарылып, бүкпесіз баяндап берді. «Ол қыздың жолдасымен бір мекемеде қызмет атқардым. Жадыра (есімі өзгертілген) менің әріптесім Асқардың  (есімі өзгертілген) жүретін қызы еді. Әлеуметтік желі арқылы таныса келе, ол қыз маған бір жағы құдаша болып шықты. Бір-екі рет жүздестік. Бірақ маған аса ұнай қоймаған. Алайда, күнде хабарласып, іші-бауырыма кіріп, халімді біліп жүрді. Саған осынша біреу емеурін көрсетіп, құрақ ұшып тұрса, өзің  де жылы қабақ таныта береді екенсің. Жақсы араласып кеттік. Бір күні ол Асқар екеуінің Алматы қаласында қыдырып жүргенін, жуырда шаңырақ көтергелі жатқанын айтты. Мен де қуанып, қос ғашықты құттықтап қойдым. Бір күні ол инстаграм желісіндегі парақшасына аударылып жатқан машина мен дәкемен оралып қан-жоса болған аяқтың суретін салды. Қоңырау шалып,  жағдайын сұрап едім, «әпке, сұрамаңыз жол апатына түстік,  халім  мүшкіл» деді. Менің есім шығып сауығып кетуін тілеп, бәйек болдым. Арада бірер күн өткенде, тағы соның нөмерінен  жансақтау бөлімінде жатқан, түрі анық емес бір фотосурет келді уатсапқа. «Жадыраның жағдайы күннен-күнге нашарлап барады,  бауыры езілген екен. Қан керек, қыруар ақша қажет болып жатыр. Күнде 24 мың теңгеге  дәрі алудамыз. Мен Асқармын» деген  хабарлама жазды артынша. Солай үнемі жігітінің атынан сөйлесіп жүрді. Мен секем алып, қанша рет видео және аудиомен хабарластым, телефонды көтермеді. Көкейімде күдік болғанымен,  жамандыққа қимай сөйлесуді жалғастыра бердім. Бір күні Жадыраның  жағдайы туралы хабарды менің де әлеуметтік желілерге салуымды сұраған хат келді. Инстаграмдағы парақшама жазғаным сол еді, танысым танымал  блогердің бірі  хабарласып, «ол қызға бірлесіп қолұшын берейік» деді де өзінің парақшасына пост жариялады. Көп ұзамай, жұртшылық тарапынан қыруар қаржы жиналып қалды. Мен оны, Жадыраның есепшотына сол күні-ақ аударып жібердім.  Артынан желідегі парақшалардан пікірлер топтамасын оқып отырып, «бұл қыз алаяқ, сендер де солардың сыбайласысыңдар ма?» деген сынды  жағымсыз пікірлерді көзім шалып қалды. Сонда ғана алданғанымды біліп, әлгі қызға қоңырау шалдым. Көп күттіріп, барып трубканы әзер көтерді. Қатқыл дауыспен ақшаны қайтаруды талап еттім. Ол да қорқып кетті білемін, абырой болғанда біз жинап берген ақшаны дереу есепшотыма аударды. Оны иелеріне  қайтадан үлестіріп шықтық. Сол бір келеңсіз оқиғаны есіме алғым келмейді. Мені бір қуантқаны арамызда жақсылық жасауға асығатын қаншама жандар бар екен. Тіпті, Жадыраның «еміне» деп  бір өзі елу мың теңгеге дейін қаржы  салған жомарт жандар кездесті. Кейін білсем, ол қыз маған дейін де біраз адамды қанжылатса керек. Сүп сүйкімді, жап-жас қаракөздің осынша көзбояушылықты қайдан үйреніп алғанына налыдым», -деп аяқтады сөзін кейіпкеріміз.

Бұл интернет алаяқтар ұйымдастырып, кейін әшкере болған бір ғана жағдай. Ал әлі күнге жұрттың аяушылығын туғызып, алдап, ақша жинап жүрген қаншасы бар. Облыстық Полиция департаментінен алынған мәліметке сүйенсек, өткен жылы облыста интернет желісін және ақпараттық теxнологияларды қолдану арқылы 259 алаяқтық фактісі тіркеліпті.

-Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы көптеген қайырымдылық парақшаларын көруге болады. Өз басым, оларға қол ұшын беру мақсатында ақша аударып тұратын сәттерім аз емес. Дегенмен, алаяқтық деректері де орын алып жатқанын білемін. Мәселен, өткен жылы жамбылдық полицейлер екі адамнан құралған топты құрықтады. Олар жалған қайырымдылық қорын ашып, адамдарды алдап, қомақты қаражат жинаған. Тергеу барысында олардың 17 қылмыстық дерекке қатысы бар екендігі анықталды. Оның бір ғана дерегінде жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі 1 миллион теңгеден асады. Осы орайда, оқырмандарға жәрдем сұрағанға көмектесуге асығып, мобильдік қосымша арқылы аударым жасауға асықпай, сақтық шараларын күшейту қажеттігін жеткізгім келеді,-деді  облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.                        Онлайн қайыр сұраушыларға садақа бергенде тұрғындардың көпшілігі күмәндәніп тұрса да,  жақсылықты жаратқаннан ғана күтіп, қолұшын көрсетуге даяр тұрады екен. Бұл жөнінде белгілі әлеуметтанушы Бақыт Әлмұратов та тарқатып айтты. «Былтыр  желтоқсан айында облыс тұрғындарының арасында Азаматтардың әлеуметтік-саяси белсенділігі тақырыбында сауалнама жүргізгенімізде, тұрғындардан «Азаматтар көбінесе қай түрдегі қоғамдық және саяси өмірге қатысады деп ойлайсыз?», — деген сауалға респонденттердің 21 пайызы қиын жағдайға душар болған жандарға қаражат, киім жинауға (табиғи апат, емделу т.б) деп жауап берді. Бұл сұрақ нұсқасын таңдағандардың үлесі де көп екені белгілі болды. Демек, азаматтар қиын жаңдайға душар болған жандарға қайырымдылық көмек көрсетуден қашпайды. Сондай-ақ тұрғындардан «Сіздің қоғамдық және саяси өмірге белсене араласуыңызға не итермелейді (итермеледі)?», — деп сұрағанымызда жауап берушілердің 34  пайызы, яғни әрбір үшіншісі «халыққа көмек көрсеткім келді» деп жауап берген. Зерттеулер көрсеткендей, қазақ қоғамының ерекшелігі де осында деп ойлаймын. Қолынан келгенше халыққа көмек көрсеткісі келіп тұрады. Күнделікті әлеуметтік желілерден де әртүрлі қайырымдылық көмек сұрап жатқан жандарды жиі көкездестіреміз. Көпшілігі жас балалардың  денсаулығына байланысты көмек сұраушылар.  Алайда, ол көп жағдайда шын мұқтаж,  тиісті адамға жетпей қалады екен. Осы жағына қынжыласың», — дейді  әлеуметтанушы,  М.Х.Дулати атындағы  Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институты директорының орынбасары Бақыт Әлмұратов.

Ал, философия ғылымдарының кандидаты Парида Мамедова болса, онлайн қайыр сұраушыларға көмек көрсетуге байланысты екі түрлі көзқараста екендігін айтты. «Діни тұрғыда қиналған жанға қолұшын беріп, көмек көрсетудің жақсылығы Алладан ғана қайтады. Сондықтан мен садақа бергенде оның тереңін ақтармаймын. Ең бастысы өзімнің амалым дұрыс деп топшылаймын. Дегенмен, қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы қайыр сұрап, оны өз пайдасына асыратын жағдайлар көбейіп барады. Тіпті, бүгінде белгісіз бір  қорлар да қаптап кетті.  Сондықтан, оларға құзырлы органдар тарапынан бақылауды күшейту керек», — деді Парида Иманжанқызы.

Тараздың тағы бір тұрғыны, зейнеткер Мұрат Рахманқұлов та  ай сайын зейнетақысын алғанда, интернет арқылы ақша сұраушылардың есепшотына садақа беріп қоятынын айтты. Ол кісі әсіресе, түрлі дертке душар болған кішкентай балалардың фотосын көргенде, жүрегі елжіреп, титтей болса да көмегім тисінші деп асығады екен. Алайда, ақ көңіл жұрттың ақ пейілінен туған жақсылығы шын мұқтажға жетті ме, жетпеді ме бір Аллаға ғана аян болып тұр.

Тілші түйіні:  Онлайн тіленіп,  артпай-тартпай өздігінен ақша табуға мемлекеттік тұрғыда қатаң бір  тоқтам керек. Әйтпесе қалың бұқараның қалтасын қашықтан-ақ қағып отырғандар көбеймесе азаймас. Ал момын халқымыз әлі талай алаяқтарға жем боларын кім білсін?! Бұл тұрғыда бізге өзге елдердің тәжірибесіне де зер салған дұрыс сынды. Мәселен,  Ресей мұндай кезеңге осыдан 15 жыл бұрын, «Ян­декс кошелектің» уақытында  тап келген көрінеді. Ал, Еу­ропа мен АҚШ-та онлайн қайыр сұрау басқаша сипат алып, кәсіптің  бір түрі деңгейіне жетіпті. Нақтырақ айтсақ, алып Америкада әлеуметтік желі арқылы ақша сұрау бүгінде  ес­кір­ген. Ол жақта қайыр сұрайтындар же­ке сайт ашады және сонда  өздеріне қажетті мәселеге қаржылай көмек сұрайды екен.

Осындай жайттарды саралай келе Ресей үкіметі  онлайн тіленшектікпен заңдық тұрғыда күресуді қолға алыпты. Жуырда интернеттен «Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы Үкіметтің қолдауымен наурыз айында Ресей Федерациясының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (ӘҚБтК) жаңа бабын қабылдауы мүмкін, оған сәйкес азаматтар мен ұйымдар қайырымдылыққа заң бұза отырып ақша жинаса, айыппұл салынады»  деген ақпаратты көзіміз шалды. Заң жобасының авторы, РФ Мемлекеттік Думасының бақылау және реттеу комитеті төрағасының орынбасары Наталья Костенконың айтуынша, тиісті нормалар сәуір айында қабылданбақшы. Сонымен қатар депутат «Известия» газетіне берген сұхбатында  алаяқтар ауру балаларға көмек көрсету туралы  хабарландыруларды олардың деректері мен фотосуреттерін пайдалана отырып жиі жүктеп алады, ал жиналған қаражат өздеріне тиесілі екендігін, оларды жазалаудың  мүмкін еместігін айтқан. Өйткені, бұл үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмайды.  «Заң жобасында осындай қылмыс жасаған адамның кінәлілік дәрежесі мен мәртебесіне байланысты алаяқтық құралын тәркілей отырып, 5 мыңнан 150 мың рубльге дейін айыппұл салу ұсынылады» деген Костенко өз пікірінде.

Қашықтан қайыр сұрап, қалтаны қағатын беймәлім  алаяқтардың алшаң басып, көбеюіне  бізде де осыған қатысты белгілі бір заң, шектеу болмағаны    себеп болып отыр. Сондықтан бақылауды күшейту керек-ақ. Әйтпесе, оның соңы жастарды ар-ұяттан алшақтатып, масылдық психологияның кең қанат жаюына әкеліп соғары анық.

Фариза Әбдікерімова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support