- Advertisement -

Ақжүрек Таңатаров, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері: «Бозымбаевқа Олимпиададан алтын аламын деп уәде бергенмін»

234

- Advertisement -

«Спиридоновты бір емес, 3-4 мәрте ұрдым»

– Ақжүрек, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында үндістандық Сейшул Кумардың «құлақ тістеу операциясының» құрбаны болдың.  Қатты өкіндің. Өйткені финалға бір қадам қалған. Қазір сол өкініштің оты сейілді ме?

– Кейде өзім жалғыз қалғанда: «Әттең, сенің қолаң алтынға тең. Сол үнді балуанының лас әрекеті болмағанда алтын алатын едің» деп біреулер жұбату сөздерін айтып жатса, бәрі қайтадан еске түсіп, жүйкем сыр береді. Бұл өмір бойы ұмытылмайтын өкініш шығар. Тіпті кішкентай баламның өзі: «Ой, әке, сол үндісті тістегені үшін бетінен бір ұрып «ұйықтатып» тастамадыңыз ба? Тістерін сындырып тастау керек қой» деп айтады. Сол кезде шынымен сөйту керек пе еді деп те ойлайсың. Алайда ондай қадамға барсаң жарыстан шеттетіп тастайды ғой. Кейде «өйту керек пе еді, бүйту керек пе еді» деп ойланасың. Сондықтан мен ол оқиғаны ешқашан жадымнан өшіре алмаймын-ау.

– Сол кезде бапкерлер неге қарсылық танытпады, олардан сұрадыңыз ба?

– Көрмедік дейді. «Көрмедім, білмедім» деген адам оңай құтылады ғой. Сондай сылтау бізге жақсы болды.

– 2008 жылы өткен Бейжің Олимпиадасына тастүйін дайын болсаңыз да сіз бармадыңыз, жанып тұрған кезіңіз еді. Таңдау легионер Леонид Спиридоновқа түсті. Сұхбаттарыңыздың бірінде оның жеңілетінін айттыңыз. Мұндай болжам жасауыңызға не түрткі болды?

– Спиридоновтың техникалық шеберлігі бүкіл якуттардікі секілді жоғары саналады. Әйткенмен олардың физикалық, функционалдық әлеуеті төмен. Сондықтан оның Олимпиадаға физикасы, функционалдық дайындығы жетпейтінін 22 жастағы жалғыз мен емес, барлық бапкерлер білді десем қателеспеймін. Олар біліп тұрғанмен, «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» дегеннен әрі аса алмады. Ол секілді өкіл әкем алмаз зауытының басшысы болса, мен де баратын едім. Тіпті қазір жұмыс істеп жүріп-ақ, Жапониядағы Олимпиадаға да қатысатын едім. Бірақ менің жағдайым оныкіндей емес қой.

– Сол Спиридоновты кезінде оқу-жаттығу жиынында ұрғаныңызды білеміз. Сол оқиғадан кейін қол алыстыңыздар ма, әлде бітіспес жауға айналдыңыздар ма?

– Мен оны бір емес, 3-4 мәрте ұрдым ғой. Олимпиада біткеннен кейін әрине, қазір сөйлесеміз. Бірақ жақсы араласпаймыз. Өйткені спортшының арманы – Олимпиада ойындарына қатысып, медаль алу. Шынын айтсам, 2008 жылы мен нағыз бабымда болатынмын. Салмақты да көп қумаймын. Функционалдық дайындығым 2012 жылғыдан әлдеқайда мықты еді. Сол кезден бастап Спиридоновты сүйреді. Жұрт әсіресе Спиридоновты Қырғыз Республикасында ұрғанымды көп айтады. Ол кезде екеуміздікі де дұрыс емес. Бірақ біздің қазақтың бапкерлері Леонид Спиридоновты емес, мені бір жылға спорттан шеттетті. Неге дейтін шығарсыз? Өйткені мен қазақпын ғой. Егер мен якут, ол қазақ болғанда Спиридонов шеттетілетін еді. Бапкерлердің жаман әдеті – қазақтар өспесе екен дейтіні. «Қазақтың баласы өсіп кетсе күні ертең мені танымай кетеді. Мен оған жақсылық жасап едім. Ол ұмытып кетеді», – деп ойлай ма?! Оларда қазақ өссін деген әңгіме, ниет болмады.

Шетелдің адамы кетіп қалады. Сол кезде олар «оны мен шығарғанмын» деп сыртынан отырып айта береді. Мысалы, Тигиевті, Лалиевті, Спиридоновты, Муталимовты, Шапиевті, Семеновты әкелді. Қаншама дайын легионерді тартты. Біреуі қалған жоқ. Бәрі ақшасын алды да, тайып тұрды. Ал сол кезде күресіп, Олимпиададан медаль берген бірінші қазақ Мәулен Мамыров ағамыз еді. Оның өзіне керемет қошемет көрсетпеді. Неге десең ол қазақ. Қаншама бапкеріміз «Спиридоновты, Тигиевті мен дайындағанмын» дейді.  Бұл енді кез келген адамға түсінікті ғой. Барып: «Сен оған не үйреттің?» деп сұрақ қойыңызшы. Ол сол жақтан дайын келген бала ғой. Келді де күресіп қайтты. Ал енді солар маған айтып көрсінші. Әлі күнге дейін ешқандай жаттықтырушы маған келіп олай дей алмайды. Өйткені мен айтатын бір-екі ғана адам бар. Біреуі марқұм боп кеткен Шоқан Нәдірбеков ағайым, екіншісі Бауыржан Нұрмаханов. Осы кісі айта алады. Одан бөлек Шоқан ағайымның Мәлік деген досы бар. Сол кісі де бапкер болған кезінде мені командаға алып, екі жылдай көмектесті. Бірақ оның өзінде мен Қазақстан чемпионатын лайықты ұтып, командаға қосылдым. Ол жерде енді мені шеттете алмайтын шығар. Қазақстан чемпионы ретінде Олимпиадаға, әлем чемпионатына қатыстырмаса да, командада отыруға лайықпын ғой. Бауыржан ағайымыз кәдімгідей үйіне жатқызды, үйленгеннен кейін де сол үйде тұра беруіме қарсылық білдірмеді.

– Туған баласына қарағандай қарады дейсіз ғой…

– Иә, тап солай. Жалғыз маған емес, мен сияқты 12-13 адамға қамқорлығын аямады.

– Әңгімелерге сенсек, сіздің Лондон Олимпиадасына қатысуыңыздың өзі оңайға соқпаған сияқты. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған Гамлет Қайнарбеков сіздің Олимпиадаға қатысуыңыз үшін сол жылдары облысты басқарған Қанат Бозымбаев барын салғанын айтады…

– Рас. Қанат Алдабергенұлы қатты көмектесті. Медальдің жартысы сол кісінің еңбегі десем, қателеспеймін. Ақиқатын айтсам, Леонид Спиридонов додаға бір апта қалғанша салмақ тастап отырды. Мен салмақ қуып жүргендіктен көрген жоқпын. Бірақ бір кісілер «Лондон Олимпиадасына бір апта қалғанша Спиридонов салмақ қуды» деп айтады. Сонда біреулердің ойында «Ақжүректі бір күні болмаса, бір күні лақтырып жібереміз» деген ой болған ғой. 16 килограмм салмақ қуып, қан қысымың көтеріліп жүрген кезде сенімен бірге бәсекелесің де салмақ тастап, қасыңдағы үстелде тамақтанып отырғанын көресің. Содан шыдай алмай кеттім де Қанат Алдабергенұлына қоңырау шалып, жағдайды айттым. Ол кісі шақыртып, әкімдікте күтіп алды. Қоңырау шалатын жерлерге қоңырау шалды. Абыройы бар адам ғой.

– Сол кезде «алтын алам» деп уәде бергеніңіз рас па?

– Тұтқаның арғы жағындағы адамдар сұраған болуы керек. Тіпті «Ол медаль бермейді. Қатардағы қапшық» деп те айтқан шығар. Қанат Алдабергенұлы: «Ақжүрек, қандай медаль аласың? Айтшы, мен мыналарға айтамын қазір», – деді. «Алтын медаль беремін», – дедім. Тұтқаның арғы жағындағылар рахаттанып күлді. Сөйтіп алтын алам дегеніммен бұйырғаны қола жүлде болды. Орталық алаңға кешігіп келдім. Бармаймын дегенмін. «Ол кісіге алтын алам деп уәде бергем. Алдына қалай барамын. Ұят емес пе?» – дедім. Сонда әкімдіктегі кісілер келіп: «Олай деме, ол кісі шақыртып жатыр. Белдесулеріңнің бәрін өзі көрді. Әділетсіздік орын алғанын біледі. Жүр», – деп алып келді. Орталық алаңда тұрған кезде Қанат Алдабергенұлы: «Ақжүрек, жарайсың! Сөз бердің, уәдеңде тұрдың. Болды. Мен саған разымын», – деп қолымды қысты.

«Белоглазов Қазақстаннан ақша жасап кетті»

– Осыдан біраз уақыт бұрын спорттық мансабыңызда Олимпиада медалінен бөлек, Әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының медалін алуға уәде берген едіңіз. Сөзіңізде тұрдыңыз. Неге сонша сенімді болдыңыз?

– Бұл жерде мен өзімнің мүмкіндігімді білдім. Ешкім оқу-жаттығу жиындарында ашуландырмаса, мен ол жарыстан 100 пайыз медаль алатынымды білемін.

Кезінде Белоглазовты бапкер қылып әкелейін деп жатқан кезде Ерлан Қожасбаймен Астанада сөйлестік. Ол кісі «Белоглазовты алып келгелі жатырмыз. Ақжүрек, қалай қарайсың?» – деп сұрады. Мен оны алып келгенмен мемлекеттің ақшасын беретіндерін, «Самұрық-Қазына» қаржы құйды екен деп 15-20 мың доллар төлей берген де болмайтынын айттым. Айналып келгенде ол әр қазақтың салығынан түскен қаражат. Былайша айтқанда, сол Белоглазов әншейін келіп, ауадан ақша жасап алды ғой. «Оны басқа жақтан келген біреуге бергеннен не пайда?» – дедім. Одан да сол қаражатты қазақтың балаларына бөліп берейік. Бұл оларға стимул болады. «Мына жарыстан орын алсаң, осынша сыйақы беріледі. Енді мына додада өзіңді көрсетсең, осынша сыйақы» деп бөліп берсе, ұтатын еді. Көп баланың жағдайы жоқ. Ондай адам өз жағдайын жасағысы келеді. Аш бала әрдайым тоқ болуға тырысады. Жарыстарды ұта бастаған баланы осылай қанаттандырып отырып Олимпиадаға дейін апаруға болатын еді.

Белоглазов мысалы, Белорусь елінде, АҚШ-та, Германияда, Жапонияда, Ресейде және өзге жерлерде бапкер болды. Кейін эксперименталды база секілді интернат ашқан. Онда жүзден астам бала жаттыққан. Олардың сексен-тоқсанының жүрегінен ақау шыққан. Сонда Ержан Қожасбай маған күліп қарап: «Ақжүрек, сенде қызғаныш сезімі туып тұр ма?» –  деді. Мен не үшін қызғанамын? Маған бәрібір. Қалтамнан төлеп жатқан жоқпын. Бірақ біздің елдің ақшасы ғой. Оны бөтен біреуге бергенше, қазақтың қолына ұстатайық деген ой болды. Жоқ, әкелді. Аяғы қалай аяқталды? Шығарып салу керек, шығарып сала алмайды. «Үйіне қайтам деп айтты. Бүйтті, сөйтті. Қайтарып жатырмыз», – деп ақталды. Ал нәтиже қайсы? 2016 жылды алып қарайық. Бір медаль жоқ.

– Қысқасы, қазақтарға ондай жағдай жасамайды дейсіз ғой…

– Мысалы, мені де командаға бапкерлікке шақырады. Бірақ маған 1500-2000 доллар төлемек. Ал анау 20 мың доллар алады. Мен жұмыс істеймін, анау қарап отырып 20 мыңды қалтасына басады. Егер сол ақшаны маған берсе, қазір жаттықтырушы болатын едім. Балалармен бірге жүріп, олар жатса жатып, тұрса тұрып, үш мезгіл жаттығу жасаса, солармен бірге үш мезгіл мен де жаттығуымды жасап жүретінім сөзсіз. Жалақыма сай аянбай тер төгуден қашпайтын едім. Ал ол келді, жатты, ішті, жеді. Америкадан әйелін, қызын алдырады. Демалады, қайтады. Рахат деген осы ғой. Оны қойшы, кейін Гацаловты алдырды.

Енді қараңыз, Сайтиев секілді дүние жүзінде балуан жоқ. Бірақ ол неге жаттықтырушы болмайды? Сайтиев өзінің мықты бапкер еместігін мойындайды. Гацалов Олимпиада чемпионы. Осетиндіктер оны Қазақстанға жібере салды. Ал Газюмов Олимпиаданың күміс жүлдегері. Алайда оны бас бапкер қып алып қалады. Мен «неге Олимпиада чемпионын бас бапкер қылмайды?» деп ойладым. Біреулер осетиндер христиан деп бөлді дегенді алға тартады. Мен ол жаққа барып жүргеніме қаншама уақыт болды. Оларда ондай жоқ. Демек, Гацалов олар үшін бапкер ретінде – нөл. Бірақ оны бізге бапкер қылып әкеліп, 15 мың доллар жалақы берді. Екі жыл жұмыс істегенде Гацалов не бітірді? Түк тындырмады. Сол кезде біз блогерлерге де айтып үлгермеппіз ғой. «Соның жаттықтыру процесін барып түсірші», – деп айту ешқайсымыздың ойымызда болмапты. Ол бір адамға әдіс көрсетеді. Үйрете алмаған соң бұрышқа барып, ұялы телефонын шұқылап, 15 мың долларыма қанша уақыт қалды деп жатады. Онымен жалақысын бөлісіп алу туралы келісті ме, басқаша келісімшарт жасасты ма, ол жағы Құдайға ғана аян.

Ал енді Майрбек Юсуповтың әңгімесі бөлек. Оған қажет болса, 30 мың доллар төле, еңбегін ақтайды. Бірақ оған 10 мың доллар береді. Юсуповтың еңбегін көрсең, адал жұмыс істейді. Осы кісі келген кезде қуандым. «Бітті, мен Әлем, Азия чемпионаттарында медаль алу керекпін», – дедім. Бір жылға жетпей Әлемнің қола жүлдесін алып, Азия чемпионы атандым. Астанада да көрдіңіздер, әлем чемпионатының қанша жүлдегерін шығарды, Олимпиадаға қанша жолдама алды. Азиядан екі алтын алуды қазақтар армандап өтіп еді ғой. Қазір екі чемпионнан бөлек, әрбір Азия чемпионатынан алтын жүлдемен келіп жатыр. 74 килограмм салмақта жыл сайын Азияда топ жарамыз. Арман ақиқатқа айналды. 65 килограмм салмақ дәрежесінде де жағдай солай. Осы бапкер келгелі бәрі дұрысталды. Бас бапкер Әсет Серікбаев бауырымда қызғаныш жоқ. Оның арманы – күресті дамыту, өркендету. Мен күресіп жүргенде Әсет мені жаттықтырды. Досым болған соң онымен сырласамын. Одан соң күресу де, жаттығу да оңай болады. Юсупов қай елге барса, сол елден Олимпиада чемпионын шығарып жатыр. Әлемдегі нөмірі бірінші бапкер. Алла оны қазақтың пейіліне берген. 2016 жылы Якутияда Лебедев пен Мусукаевтың белдесуінде екіншісін төрешілер қысып жібереді. Сол кезде бүкіл Дағыстан жарыстан кетіп қалады. Көрдіңіз бе, олар «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» дейді. Юсупов Ресейді жаттықтырмаймын деп өкпелеген сәтте Ислам Байрамуков мүмкіндікті пайдаланып қоңырау шалған. Осындай мүмкіндікті пайдаланбағанда ол келмес еді.

«Лицензия алғанға дейін 18 мың жалақы алдым»

– Қазақта «сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз бар. Праймеризге түстіңіз. Не үшін?

– Депутат болған соң, спорттың мәселесін көтеруге болады. Сол үшін қатыстым.

– Олимпиададан келген соң біраз уақыт тым аз жалақы алыпсыз…

– Шынымды айтайын ба? Олимпиададан келген кезде 64 мың теңге жалақы алдым. Екі жыл бойы Олимпиаданың қола жүлдегері болғаныма қарамастан осынша айлықты қанағат тұттым.

– Неге?

– Біздің депутаттар спортшылардың жалақысын көтеру мәселесін қолдамаған деді. Енді депутаттардың көбі миллион жалақысы бар жұмыс болмаса істемейді ғой. Бала-шағасынан бөлек, көлігінің өзі керемет. Бірақ спортты білмейді, түсінбейді. «Ой, спортшылардікі не ол? Барып күресіп, бір медаль алып келді. Онда тұрған не бар? 64 мың жетеді» дейді. Лицензия алғанға дейін мен Қазақстан чемпионатын 2003 жылдан бастап ұтып келдім. Жалақым 18 мың теңге болды. Жолдама алған соң 36 мыңға көтерді. Олимпиадада үшінші орын алған соң 64 мың теңге жалақы қойды. Сол кезде мен Гамлет Төреханұлына кіргенмін (сол жылдардағы облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы). Сонда ол: «Ақжүрек, мен бастық болып отырып, 92 мың теңге айлық аламын. Аллаға шүкір жетеді. Неге жылай бересің?» – деді.

Екі бауырым, әке-шешем бар. Қалай жағдайды реттеймін? Бала-шағам өсіп келе жатыр. Еңбек етіп жүрмін, қаншама денсаулығымды бердім. Қан қысымым көтеріліп ауруханаға түсіп жүрдім. Тіркеуде болдым. Омыртқам қозғалған, басқа да аурулар жеткілікті. Бір отаны дәрігерлер «өзімізсің» деп жеңілдікпен жасағанның өзінде дәрісі, басқасы бар 200 мың теңге кетіп жатты. Аяғыма бір емес төрт рет ота жасаттым. Сақтандыру мүлде төленбеді. Бәрі өз қалтамнан шықты. Сонда бұл қалай деймін ғой. Депутаттар қолдамаған дегенді алға тартады. Мұның бәрі көкейде тұрады. Сол үшін спорттың мәселелерін жетер жеріне жеткізіп айтпақ ниетпен депутат болғым келген.

«Е, мынандай жағдай. Әрқайсысының денсаулығы жоқ. Қазақстан чемпионы атанған балаға грант берейік, орын алғанына елу пайыз жеңілдік жасайық. Ректорларды шақырып сөйлесейік. Мемлекеттік оқу орындарының грантын кілең байдың баласына бере бермей, спортшыларға белгілі көлемде грант бөлдірейік», деген мәселені көтерсем деп ойладым. Жылына 50 спортшыға грант берсінші. Қандай чемпиондарды тәрбиелейтін едік. Оқу үшін Алматы мен Елордаға қанша спортшымыз кетті. Бұрынғы педагогикалық институтты Дария Пернешқызы басқарғанда қанша спортшының жағдайымен кірдім, қарсы болмады, қолдады. Балалар дене шынықтыруды былай қойғанда заң факультетіне дейін түсіп жатты. ТИГУ-дің ректоры Ерболат Саурықов та қамқорлығын аямады. Үш жыл болды. Осындай жұмыстардың арқасында Алматы мен елордаға бала жібертпедім. Грантқа түсе алмаған кейбір балаларды жігіттердің көмегімен оқытып жатырмыз.

– Ал қазір спортшылардың жалақысы дұрысталды ма?

– Шүкір, Нұрбол Жүнісбеков басқарма басшысы болып келгелі мәселені көтеріп, әкімдікке барып, тиісті адамдарға қол қойдырды. Аллаға шүкір, қазір спортшылар жақсы жалақы алады. Олимпиаданың, Әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы болған мен ондай айлық алған емеспін. Олимпиада жолдамасын алған Әлішер Ерғали қазір 600 мың теңге айлықпен жүр. Негізі бір миллион екі жүз мың теңге ғой. Қазір елу пайызын төлейді. Егер Олимпиададан үшінші орын алса, қалған ақшасын береді.

Олимпиададан кейін жағдайым жақсы. Мал шаруашылығы, фазендам бар. Ақша жетпей жатса, сыйақыны балаларға өз қалтамнан беремін. Проблема емес, бір жылқыны сата саламын. Жылына 3-4 жылқы сатамын. Менікі асылтұқымды мал болған соң миллион, екі миллионға ойланбай беремін. Сосын әрбір ел чемпионатына ақшамен кетемін. Жарыстың уақытын біле сала, тұтынушыларыма қоңырау шаламын. Келіп алып кетеді. Орын алған бойда сыйақысын ұстатамын. Осылайша оларды ынталандырамын. Көп ақша беріп жатқаным жоқ. Чемпиондарға 100 мың, күміс медаль алғанға – 50, үшінші орынға 30 мың төлеймін. Олар үйіне қуанып барады. Спорттық киімдер де қымбат. Балалар қасындағы жігіттердің киімін көрген соң олардан кем түскісі келмейді. Чемпион болмаса, жағдайы келмесе, жаман киіммен жүреді. Бірақ бәрі дұрыс киінгісі келеді ғой. Сол үшін тырысады. Ана жылы командамыз тарихта бірінші рет командалық есепте топ жарды. Бір жылда екі Азия чемпионын беру деген қандай табыс, мысалы. Бүкіләлемдік ойындардан да біздің өңірдің баласы алтын алды. Енді Қазақстан чемпионаты Өскеменде өтпек. Олардың командасы Таразға оқу-жаттығу жиынына сұранып жатыр. Бәрі Таразға келгісі келеді. Атырау, Шымкент, Ақтөбе тағы өзге қалалар да атбасын бұрмақ. Оларға «Мықты балалар күресте қалады. Қалғанын қуып жіберемін», – дедім. Бұл дағыстандық әдіс. Балаларымызды бағалауға тиіспіз. Менің балаларым олардан бір бас жоғары болса да, қонақ екен деп сыйлап күреспей қоймайды ғой. Оларға «Мықтыларың болса, мақұл. «Қапшықтарың» үшін өз балаларымды құрбандыққа шалмаймын», – деп ашық айттым.

– Әлішер Ерғали Алматы қаласының атынан Олимпиадаға жолдама алды. Оны ертерек облысқа әкелуге болмас па еді?

– Гамлет Төреханұлы басқарманы басқарғанда бұл мәселе айтылған. Ол кезде Әлішер кішкентай болатын. Ізімді басатын спортшы керектігін жеткіздім. Руслан Сексенбаев пен Мейіржан Әшіров қасымда жүрді. Руслан жарақат алған соң бапкер болуға кеңес бердік. Ол келісті. Шоқан ағайымыздан кейінгі мықты бапкер осы Руслан болды. Азия чемпионаты және басқа жарыстардан нәтиже көрсетті.

Кейде бізге сенбейді ғой. Аллаға шүкір, интернатқа алдырып жатқан балалар чемпион боп жүр. Лицензиялық жарыстың алдында Әлішердің мәселесі айтылды. Нұрбол Жүнісбеков мақұлдады. Бірақ лицензиялық жарысқа аз уақыт қалған соң оны шақыртып, ойын бөлгіміз келмеді. Аман-есен жарысын өткізіп алсын дедік. Сосын әкесімен, ағаларымен сөйлестік. «Қолымыздан келгенше жалақыңды жоғары қойғызамыз», – деп алып келдік. Қолдаған ағаларға рақмет. Құдай қаласа, Олимпиадада медаль беріп қалады деп отырмыз.

– Әлішерді Токиода медаль береді деп отырсыздар ма, әлде одан кейінгі Олимпиадада ма? 97 килограмм салмақта қазір кіл мықтылар жүр. Садуллаев бастаған саңлақтардан жеңісті жұлып алу утопия сияқты көрінеді кейде…

– Олимпиадада ешкім ештеңені білмейді. Менің салмағымда әлемді үш рет ұтқан, Олимпиада чемпиондары болды. Менің тобыма кіл мықтылар түскенде «Ой, Ақжүрек мына топта бір айналымнан өтсе жақсы болады», дескендер де кездесті. Іштерінде спорт шебері тек қана мен. Қалғандары еңбек сіңірген спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Олимпиада чемпионын да, Әлем чемпионын да жеңдім ғой. Бабы жақсы болса, Садуллаевты да жеңуге болады. Ол да адам.

«Қызмет әкемнен  қалған мұра емес»

– Үш дүркін «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев сұхбаттарының бірінде: «Саланың өткір мәселесін әкімге айтпақ болсаң, қасыңда басқарма басшысы отырады», – депті. Өзіңіз де қазір спорт мектебінің директорысыз. Мәселені еркін көтеруіңізге қызмет кедергі келтірмей ме?

– Бұл орын әкемнен қалған қызмет емес қой. Аллаға шүкір, қай күні әкім немесе басқа басшы келіп: «Жұмыс істей алмайсың, орныңды босат», – десе, қорықпай тұрамын да кете беремін. Неге десеңіз, Олимпиададан келген соң қаншама сыйақы алдым. Мал шаруашылығын аштым. Кішігірім бизнесім бар. Олигарх болмасам да, ел қатарлы өмір сүре аламын. Байлық 20-30 килограмм алтында немесе екі-үш қабатты үйде емес, ұл-қыздарыңа білім бергеніңде, соларды дұрыс өсіргеніңде. Оған миллион доллар керек емес.

– Осыдан біраз жыл бұрын Әділет Дауланбаевты соңғы мүмкіндігінен айырып, Олимпиадаға легионер Аслан Кахидзені апарды. Сол кезде Әділеттің Асланды үш рет қатарынан ұтқанын айтып, Ислам Байрамуков қана дабыл қақты. Кахизде Олимпиадада түк тындырған жоқ. Басқа спортшылар неге үндемеді?

– Енді Дауланбаев қазақ қой. Егер ол басқа ұлт болса, шырылдайтын еді. 2016 жылы Белоглазов отырған кезде Олимпиадаға мен де салмақ қудым. 65 килограмм салмақта бақ сынау үшін тырыстым. «Мен лицензия алып келемін. Сосын кіммен болса да күресемін. Тек мені лицензиялық жарысқа қойыңдар» дедім. Қоймады. Ақыр соңында 65 килограмм салмақта лицензия ала алмады. Менің лицензия алатыныма олардың да көздері жетіп тұр.

– Неге олай болды?

– Мен лицензия алып келсем, Қазақстандағы балаларды тағы жеңіп аламын. Ал Олимпиадаға барған соң, әлгі түрік, моңғол, өзбектер болды ғой.  Моңғол мен өзбек үшінші орынға таласты, өзбек барлық жарыстың (Олимпиаданы қоса есептегенде) жүлдесін алды. Мен оларға ешқашан ұтылмағанмын. Мен барсам, орын алып тұрмын. Ертең екі дүркін жүлдегер немесе Олимпиада чемпионы атансам, әңгіме басқаша болады ғой. Ол кезде шындық тіпті қатты айтылады. Маған барар жер, ашылатын есік көбейеді. Қазірдің өзінде ойын еркін айтатын Ақжүрек сосын тіпті оталады. Фейсбукте өз ойымды тоқтамай еркін жаздым ғой. Кейін: «Ақжүрек, саған не болды?» – деді олар. Олар маған қаншама адам қоңырау шалғанын, боқтағанын «Ей, «вольниктер» медаль қайда?» дегенін қайдан білсін? Сол кісілерге нөмірлеріңізді берейін, жауап беріңіздер» дедім. Белоглазовқа абырой емес, ақша керек болды ашығы. Сол кезде күрескен қазақ балаларынан сұрасаңыз, кез келгені шындықты жайып салады.

– Күреске легионерлер неге керек, осыған тоқтау салатын кез келген жоқ па?

– Тоқтату керек! Онсыз болмайды. Егер бір салмақ дәрежесі нашар болса, мейлі. Мәселен, бізде қазір 120 килограмм салмақ онша болмай тұр. Осы салмаққа өте лайықты легионер әкел. Өйткені қазақта 120 килограмм салмақта балуан жоқ. Шындық осы. Бірақ, сырттан әкелген соң кемі Олимпиададан жүлде алатын жігіт келсін. Нәтиже қажет. Өйткені мемлекет қанша ақша салып жатыр. Қанша айлық, дәрумен… Кезінде Таймазовты алмай, Муталимовты әкелді. Таймазовты қараңызшы, қанша рет Олимпиаданы алды. Муталимов үштікке әрең кірді. Финалға таласта жеңісті өзінің інісіне бере салды. Неге олай? Өйткені сатқын. Бізге өңкей сондайлар келеді.

– Сізге де «белдесуді сат» деген екен Олимпиадада…

– Армяндар 150 мың доллар ұсынды. «Сатпаймын!» – дедім.

– Сізді көше төбелесінде жиі жүрген дейді. Рас па?

– Он жасымнан бері Тараздамын. Тараздың байырғы түсінігін білесіздер. Спортшы балалармен бірге жүрдім. Сосын «Ақжүрек бандит екен» деген әңгіме кетті. Спортшылар үшін барлық жерге ойланбай барамын. Интернатқа келгенде де төбелестім. Милицияның да алдын көрдік. Пістік, жетілдік. Спортшылардың мәселесі үшін бәріне барамын. Жекпе-жекте бәрін ұтатынымды анық білемін. Тіпті танымайтын спортшылардың мүддесі үшін де барып жүрдім. Өйткені спортшының жаны бір.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан:

Табиғат Абаилдаев.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support