- Advertisement -

Чемпион болғым келмейді (Новелла)

538

- Advertisement -

Биылғы жаз тым ерекше… Осылай ойлаған үйірме жетекшісі Ерлан ағай артына бұрылды да, балаларға көз тастады. Балалардың барлығы да бұл жерге үмітін үкілеп келген. Барлығының арманы асқақ. Елге танымал спортшы болғылары келеді. Алайда мұндай нәтиже кез келген баладан шықпасы анық. Осылай ой түйген ол шәкірттерінің бірі Саматқа көз тастады. Бұл баланың спортқа икемі бар, басқаларына қарағанда шапшаң қимылдайды. Ұстазы Саматтан зор үміт күтеді. Оның үстіне баланың тағдыр жолы да оңай емес- ті. Мықтылардың дені өмірдің ащы-тұщысын ерте татқан. «Сірə,осы бала болашақта чемпион болады ау», – деп ойлайтын ағай. Сөйтті де Саматты бозкілемге Ілияс деген оқушымен шығарды. Ол да басқалар сияқты чемпион болуды қалайтын. Байдың баласы. Спортқа деген ебі еш байқалмады. Екеуін бозкілемге шығару себебі де сол еді. Күресуге белгі берді. Айтса айтқандай-ақ, Самат қарсыласы Ілиясты әдемі әдіспен лезде таза жеңіп кетті. Ағайдың күткені де осы еді. Балалардың тынығуына мұрсат берді.

Кешкұрым балалар үйіне оралды. Самат бүгінгі белдесуін ойлады. Ілиястың оған бәсекелес екенін бұрыннан білетін. Алайда бүгінгі күресі тым ерекше көрінді.

Келесі күні ағай аудандық жарыс болатынын, жеңген адамды додаға жіберетінін хабарлады. Мұны есіткен Самат қуана кетті. Алайда қарсыласы Ілияс екендігін есіткенде, бозарып сала берді. Ағайдың ойлағанындай-ақ жарыс күні Самат жеңіске жетті. Осылайша келесі жарысқа жолдама алды. Чемпион болсам деген арманының орындалатынына іштей қуанды.

Ертеңіне Самат сыртта жүріп, көрші баламен сөзге келіп қалды. Ашуға берілген ол бар күшімен көрші баланың танауынан соғып жіберген. Сол күйі мұрны қанаған бала ауруханаға түсті. Кешкұрым үйірмеден келген бала əкесінің үйде жоғын байқады.

– Бағана ауданға əкеткен, – деді əпкесі. Сен ұрған баланың жағдайы ауыр екен.

Келесі күні бала ауданға жетті. Сөйтті де, əкесі отырған бөлімге кіріп, əкесін босатуды сұрады. Алайда инспектордың жауабы тек: «Сенің чемпиондығыңның кесірінен əкең осы халге түсті. Əкеңді босату менің қолымда емес», – деді.

Бапкер балалармен келесі жарысқа жолдама алған Саматты құттықтады. Алайда Самат орнынан тұрды да, есік жаққа беттеді. Соңғы сөзі: «Менен чемпион шықпайды». «Чемпион болғым келмейді» деді де, кете барды. Ал басқа балалар мен Ерлан ағайы таңданған күйі есік жаққа қарап тұра берді. Қарсыласы Ілияс қуанудың орнына таңғалған күйі не істерін білмей қалды. Бәрінің жүзінде: «Саматтың басынан қандай жағдай өтіп еді?» – деп сұрақ тұрды.

Жасырын жасалған жақсылық

Көктем мезгілі келіп, ауа райы түсініксіз күйге енді. Күн райы бірде ашылып өз шуағын шашса, енді бірде нөсер ойнап жер бетін ми батпаққа айналдырды. Терезе ішінен осы құбылысқа қарап бой алдырып жатқан Ерлан бақ жаққа көз салды. Ағаштар əлі бүршік жармаған екен. Анау шеткі тұрғаны шабдалы ағашы еді. Ана жолы əкесі арнайы əкеліп отырғызған. Биыл жеміс беруі қажет. Ерлан сол күнді асыға күтті.

Осыдан екі жыл бұрын Ерлан аңдаусызда шатырдан құлап, аяғын жарақаттап алған еді. Содан бері өз аяғынан тұра алмады. Ата-анасы қанша жерге апарғанымен, нәтиже жоқ. Бәрі: «Ақылы түрде емдету қажет» дегенді айтады. Ал ондай мол қаражатты олардың жағдайлары көтермеді. Арада екі ай өтіп, Ерлан ауруханаға жатқызылды. Дəрігердің сөзі бойынша, ата-анасының жинаған аз қаражаты аяқталғанша ем ала алады. Егер толық емделсе, жазылуы мүмкін.

Жаздың ортасына қарай бақтан жеміс жинауға шыққан Ерланның əкесі өз көзіне сенбеді. Ұлы тəуір болып оралды. Əкесін көрген Ерланның қуанышында шек жоқ. Әкесінің берген қаражаты зор пайдаға асқанын айтып, асқар тауын көтермелеп қойды. Алайда əкесінің «Еш қаржы салмадық» деген сөзінен кейін қабағына кірбің ұялады.

Сол күні Ерланның əкесі кеткеннен кейін бейтаныс жан мейірбикеге жақындап, емнің қаражатын өзі төлейтінін айтты. Мейірбикенің «Сіз олардың кімі боласыз?» деген сұрағына күлімсірей қана: «Жер бетіндегі ең ізгі нəрсе болса ол – жақсылық. Ал оданда жақсысы – құпия болған жақсылық», – деді.

Аманатқа адалдық

Көктем мезгілі басталып, жер беті жасыл кілемге айналды. Өзенге қарай асыққан балалар топтасып жүгірді. Бақ топырағын қопсытпаққа сыртқа шыққан Ерлан атай күн көзін қолымен көлегейлеп, бақ жаққа беттеді.

«Мынау алма ағашы ғой», – деді өзіне-өзі. Биыл көп жеміс беретін сияқты. Ал анау – алмұрт. Осылайша, бəрін көзбен шолып шықты. Сөйтті де, қолына күрегін алып, бақ топырағын қопсытпаққа кірісті. Арада шамалы уақыт өтіп, дарбаза сыртынан жамырай шыққан балалардың дауысы естілді. Əдетте əр жыл сайын олар қартқа көмекке келетін. Биыл да сол жəрдемдесуге асыққандай. Осылай ойлаған қарт балаларды қуана қарсы алды. Алдымен барлығы бақ топырағын бірігіп қопсытты. «Самат көрінбейді ғой», – деді қарт. Содан кейін ағаштың түбіне су құйды. Арада сүт пісірім уақыт өткенде шай да келді. Əңгіме барысында əркім өз жаңалығымен бөлісті.

Бір кезде Ерлан ата балалардан Самат жайлы сұрады. «Ол қалаға кеткен» – деді Айдын бауырсағын шайнаған күйі. Жақында ота жасалынады екен. Бұл сөзді есіткен атайдың тұла-бойы мұздап қоя берді. «Самат тəп-тəуір бала еді-ау», – деді ішінен. Содан соң балаларға бұрылды да, «Саматқа міндетті түрде жазылған соң менің бағыма келсін деп айтыңдар», – деді.

Арада алты жыл өтіп, балалар ересек адамға айналды. Бұл кезде олар мектеп бітірген де еді. Бір күні түс қайта сыртқа шыққан Ерлан ата бақ ішінен бөтен адамды байқады. «Сен кімсің?» – деді қатал дауыспен. «Неге біреудің бағына рұқсатсыз кіресің?».

– Маған өзіңіз рұқсат еттіңіз емес пе? Есіңізде ме, осыдан алты жыл бұрын маған «баққа кел» деп айтқаныңыз…

 Гауһар НИЯЗЫМБЕТ,

оқушы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support