- Advertisement -

Ескі Шу ауылдық округінің әкімі есеп берді

105

- Advertisement -

 

Әр жылдың алғашқы айында ауыл әкімдерінің жергілікті тұрғындар алдында есепті кездесулер өткізіп, жыл бойы атқарылған жұмыстардың жәй-жапсарын түсіндіруі – демократиялық жақсы нышан. Бұндай есепті кезеңнің нәтижелері жыл сайынғы осындай іс-шаралар негізінде айқын көрініп келеді. Аталмыш оң үрдіс биыл да жалғасын табуып отыр. Дейтұрғанмен, ауыл әкімдерінің биылғы есеп беру кездесулері бұрынғыдан бөлектеу болғанын айта кету керек. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты кеселдің таралу қаупін сейілту мақсатында барлық санитарлық талаптар сақталып, есепті кездесуге шақырылған тұрғындардың санына да шектеу қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек» деп қатаң ескерткен болатын. Президент қойған талаптың нәтижесі болса керек, ауыл әкімдері халық алдындағы есепті кездесулерін жоғары деңгейде өткізуге тырысты.

Мәселен, Шу ауданы бойынша Ескі Шу ауылдық округінің әкімі Бақытжан Жаманғараев аптаның алғашқы күнінде-ақ округке қарасты екі бірдей елді мекенде есеп беру кездесуін өткізді. Әкімнің тұрғындармен ашық диалогқа барып, ел-жұртты толғандырып жүрген түйткілді мәселелердің түбін қопарып, шешілетін жолын іздестіруге бағыт бұрғанын анық байқадық. Әсіресе, әкімнің мінберге шығып, халықтың үстінен қарамай, керісінше, ауыл тұрғындарымен етене араласып, бір қатарда отырғаны бөлек әсер қалдырды. Оған қоса, ауыл әкімі өткен жылы ғана тағайындалғанына қарамастан баяндамасына қайта-қайта жалтақтамай, жаттанды сандарға тоқталмай, елді мекендерде атқарылған іргелі жұмыстар мен кездесуде көтерілген маңызды мәселелерге кеңінен тоқталды. Байқағанымыздай, үш бірдей елді мекенді біріктіріп отырған ауылдық округте өткен жылы ел игілігі үшін ауыз толтырып айтарлықтай тірліктер атқарылған. Есепті жиын барысында ауыл әкімі елді мекендерді абаттандыру, көгілдір отынмен қамту жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қарттарға көмек беру мен мемлекеттік бюджеттің игерілуі, Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттердің орындалуы және ауылшаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға да қысқаша тоқталып өтті. Мұндай кездесуде әкімдік атқарған жұмыстармен қатар, ауылдық округке қарасты елді мекен тұрғындарының қордаланған мәселелері де көтерілетіні белгілі. Өйткені жергілікті тұрғындардың ауылда болып жатқан ортақ іске бей-жай қарай алмасы анық. Мысалы жиын барысында Еңбекші ауылының тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Кеңесбек Дуанбаев ауылда көгілдір отын мен жарық мәселесі шешілгенімен, ауыз суға қатысты түйткілдің түйіні әлі күнге тарқатылмай тұрғанын жеткізді. Өз кезегінде ауыл әкімі Б.Жаманғараев Еңбекші ауылына ауыз су жүйесінің құбырын жүргізу үшін жер таңдау мәселелері қаралып жатқанын және тұрақты жер пайдалану құқығы нақтыланып, шешім шыққан соң ғана құбыр тарту жұмыстарының жүзеге асатындығын жеткізді.

Ауылды жердегі өзекті мәселелердің бірегейі – ғаламтор жылдамдығының тым төмендігі болып отыр. Дәл осы түйткілді есепті кездесуде көтерген ауыл тұрғыны Асылхан Жапсарбаев ауыл әкімінен осы мәселені шешіп беруді сұрады. Аталмыш сұраққа жауап  берген Б.Жаманғараев бұл бағыт бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатқандығын айтты. «Өткен жылдың тамыз айында ұялы байланыс операторларына хат жолдаған болатынбыз. Нәтижесінде, «Кар-Тел» ЖШС оң шешім шығарып, ағымдағы жылы ауылға байланыс желісін орнатып беретіндерін жеткізген. Оған қоса, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі 250 адамнан аса тұрғыны бар елді мекендердің барлығы 2025 жылдың соңына дейін жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен қамтамасыз етілетінін мәлімдеген болатын. Сол себепті бұл мәселе жуық арада шешіледі деген сенімдемін» деді ауыл әкімі. Сонымен қатар ауыл әкімі  тұрғындар тарапынан қойылған өзге де сұрақтарға толық жауап беріп, көтерілген мәселелерді өз бақылауына алатындығын жеткізді.

Дәл осы күні Шу қаласының іргесінде орналасқан Алға ауылдық округінің әкімі Бағдат Есбергенов те округке қарасты Жайсан және Сауытбек ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, есеп берді. Жайсандағы кездесуде әкім ауылға қатысты қордаланған мәселелерді түгелдей тізіп шығып, оның алдағы уақытта қалай шешілетіндігін жеткізді. «Күнделікті көріп жүргеніміздей, ауылда шешімін күткен мәселелер бар. Мысалы Жайсан ауылындағы мектептің бұрынырақта тұрғын үй болғанын жақсы білесіздер. 1986 жылдан бастап ғимарат мектепке беріліп, оқушылар осында білім алып келді. Қазір де мұнда 130-дан аса оқушы оқиды. Әкімдік тарапынан мектеп соғуға 1,60 гектар жер беріліп қойған. Алдағы уақытта қаражат бөлініп, нақты шешімдер қабылданса, жаңа білім ошағы бой көтеретін болады. Сондай-ақ, ауыз су құбырының да әбден тозығы жетіп, жарамсыз күйге түскен. Ал ауыдағы жолдың жобалық-сметалық құжаттары әзір тұр. Тек қаржы бөлсе болғаны. Ауылдағы Қ.Рысқұлбеков көшесін жарықтандыруға келсек, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша тиісті қаражат бөлінді. Жұмыстар жуық арада басталатын болады» деді ауыл әкімі. Бұдан кейін ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхамедкәрім Көпбаев жайылымдық жердің жетіспейтіндігін, жастарға спорт алаңшасы керектігін жеткізсе, ауыл тұрғыны Аманжол Әшибаев елді мекен маңындағы жердің басым бөлігі жекеменшікке өтіп кеткенін, соның салдарынан үй салуға бос орын табылмай жатқандығын айтты. Ауылдықтардың талап-тілегін мұқият тыңдаған ауыл әкімі қалыптасқан түйткілдердің түйінін тарқату үшін бар күш-жігерін жұмсайтындығын жеткізді.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,

Шу ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support