«…Жалғыздық жылап тұрып алды ғой»

61

Өз басым кітап парақтағанда немесе басылымдар мен әлеуметтік желілерден әңгіме я болмаса өлең оқығанда жанның рахат тапқанын құп көремін. Жамбыл жері қай кезде де таланттарға кенде болмағанын жақсы білеміз. Әсіресе, өлең өлкесінде өзіне тән сүрлеу іздеген таланттар шоғыры әлі де баршылық. Әдебиет әлеміне 2010 жылдары келіп қосылған жаңа буын ақындар жаңашылдыққа ұмтылды. Әсіресе, поэзия дегеніңіз тау суындай тынып ағып жатуы, таза болуы керек қой. Таза, тұнық дүние ғана жаныңды жаулайтыны, жүректі баурайтыны рас. Жазған шығармасы тереңдігімен, сыршылдығымен, тұнықтығымен жүрекке жетсе, ақынның миссиясының орындалғаны шығар. Әйтпесе, жалған пафосқа ұрынып, айқай-сүреңмен бірдеңе жазып, өзін «ақын» көріп жүргендер аз емес. Жасы елу мен алпысты алқымдағанда редакцияларды жағалап жүрген қаптаған өлеңшілер де жетіп артылады.

Жамбыл жеріндегі жастар поэзиясы дегенде біздің буыннан бірден еске түсетін есім – Данияр Әлімқұл.  «Не в одних стихах поэзия: она разлита везде, она вокруг нас. Взгляните на эти деревья, на это небо — отовсюду веет красотой и жизнью, а где красота и жизнь, там и поэзия»,-деген Иван Тургеневтің орамды ойы Даниярдың өлеңдеріне арналып айтылғандай көрінетіні де бар. Ол шын мәнінде сұлулықты жаны сүйетінін анық аңғартып, жүрегінде жұлдыздай жанған сезімін шумақтарында өзінше өретін ақын. Поэзия деген мөлдір әлемге публицистиканы араластырып, өлеңді лайламайды. Құрғақ ұран, жалаң баяндаудан гөрі әдемі теңеу, тосын ойлар арқылы көркемдіктің биігіне көтерілуді көздейді.

Даниярдың өлеңдері туралы ой қозғай қалғанда ә дегенде ойыма оның «Гүлжүрек» деген өлеңі орала береді. Өзі, айналасы үшін оның қай өлеңі төлқұжаты саналатынын қайдам, бірақ мен үшін Даниярдың «Гүлжүрегінің» орны бөлек шығарма екені рас.

«Қыз қолында гүл сынады,

Гүл сынады өкініштен.

Кеуде қалай тұрсын әрі,

Күбірлейді Өкіл іштен»,-деп басталатын өлеңнің бірінші шумағының өзінен-ақ Даниярдың өлеңге өзгеше бояу әкелуге ұмтылатынын байқаймыз. Осы жолдардағы «Өкіл» деген сөз жүрек екені айтпаса да түсінікті. Данияр жүректі «Өкіл» сөзі арқылы беруімен оқырманын елең еткізеді. Өн бойы тамаша теңеулермен өрілген өлеңнің екінші тармағында ақын «Күбірлейді Өкіл іштен, «Жүрекпін» деп таныстырған» деген жолдарды қоспай-ақ қойғанда болар ма еді деп те ойлаймыз. Өйткені ол жүрек сөзіне өзінше теңеу, балама тауып қойды ғой…

«Ең соңғы рет құшып қалад,

Сұлу мұңы әсілінде.

Топ көбелек ұшып барад,

Гүлді жерлеу рәсіміне». Данияр өлеңін осылай түйіндейді. Бұл шумақтағы «Гүлді жерлеу рәсіміне» деген тармақ өлеңге трагедиялық сипат бергендей көрінгенімен, ақын бойындағы сезімнің мұңын әдемі жеткізіп тұрғаны сөзсіз. «Топ көбелек ұшып барад, гүлді жерлеу рәсіміне». Бұл ақын жүрегінде әлдилеген мұңы. Махаббатына қош айтуы секілді көрінеді. Әрі оқырманын әсерсіз қалдырмайды.

Тұла бойын сезім өрті шалған ақын өлеңдерінде «көктем» сөзі арқылы да өз поэзиясының көкжиегін кеңейтуге ден қояды. Оны «Мұңмезгіл» деп аталатын өлеңдерінен байқай түсеміз. Мәселен «Мұңмезгіл» деп ат қойған өлеңінің соңғы шумағын ол:

«Еш Ақылдың ермей есті Сөзіне,

Еңкіш тартып Обал менен Ашыныс.

Көктем іздеп барып едім көзіңе,

Күз басталып кеткен екен асығыс» деп түйіндесе, «Мұңмезгіл 2» атты шығармасында:

Сұрақ белгі сияқтанып қоймап ең,

Із суытқан! Қайда? Жоқ қой… ілкі леп?

Мен көктемге бармаймын деп ойлап ем,

Көктем сенің көзіңде жүр сіркіреп»,-деп аяқтайды. Көктем – сезімнің, барлық ақынның фантазиясында сұлулықтың салтанат құратын мезгілі. Ал күз – сарғайған сағыныш. Арудың көзінен көктем іздеп барған ақынның күзге тап болғаны таусылмас сағыныштай көрінетіні де бар. Қазір қайдам, әйтеуір күндердің күнінде Данияр осы жолдарға кейіпкер болған сұлуды сағынышпен еске алып отырып, жоғарыдағы жолдарды езу тартып оқиды деп ойлаймыз.

Біз оқыған Даниярдың өлеңдерінің бірінде: «Мен енді сағат болам, жүрегі тоқтап қалған» деген тармақтар бар. Әрине, өлең жолдары үшін үйлесе кеткен әдемі жолдар екені сөзсіз. Бірақ, болашақта ақынның мұндай теңеулерден алшақ болғанын құп көремін. Біздікі ақынның жүрегі тоқтамасын, оқырманы жоқтамасын деген ой ғой…

«Кірпігіңнің ұшындағы кіл сағым,

…ол мендегі жыр шағын.

Оңашада қауышармыз қайтадан,

Жалғыздықтың жарып шығып құрсағын

 

Әзірге сол сағына тұр, шыдаммен,

…Жүрек жүгін арқалатпай ақылға…

Көңіліңнің көшесінен шығам мен

Сен мендіксің.

Мақұл ма?!».

 

«Күлгін… Күлгін…

Күрсіністер ішінен,

Жүрегіңе жебе болып ұшып ем.

Сезім-сауыт соққысына ұшырап,

Майырылды махаббатым. Ұсын ем.

 

Үміт… Үміт…

Үмітті үдетті арман,

(Көлеңкелер көзінен түнек тамған)

Сенің иә…

Иә… сенің бар болмысың,

Жанарыма жасырын түнеп қалған».

Бұл жыр шумақтары Даниярдың «Тоғжан» деп аталатын циклдық өлеңдерінен алынып отыр. Махаббаттың алауына қанаты шарпылған құстың күйін кешкен ақынның ғашықтық ғазалдарының бір көрінісі жеті түнге жалғасқан. Осынау өлеңдерді оқи отырып, Даниярдың екінші тынысы ашылғанын байқай түсесің. Тағат, мұң, сағыныш секілді өзге де көптеген көзге көрінбейтін абстракциялық ұғымдарды, адамның жан дүниесі сезінгенімен, қолға ұсталмайтын дерексіз дүниелерді керексіз қалдырмай, поэзия тілінде әдемі сөйлете білген. Сонысымен ерекшеленуге талпыныс жасаған. Бір сөзбен айтқанда ақын сөзбен сурет салуға зейін қояды. Абстракция дейсіз бе, әлде мифтік санаға ерік берді дейсіз бе, экспериментке барды дейсіз бе, өзіңіз білерсіз. Бастысы, ақынның жаңашылдыққа, жаңалыққа ұмтылуы сәтті шыққаны талас тудырмайтын ақиқат деп білеміз.

Жыл бұрын талантты ақынның «Жүрек хаттары» атты жыр жинағы жарық көрген болатын. Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасынан басылып шыққан жаңа жинақтың оқырмандар үшін үлкен олжа болғаны да рас. Автормен ұзақ жылдар бойы араласып, оның өлеңдерімен етене таныс болғаныма қарамастан, «Жүрек хаттарын» парақтағанда оның жүрегін жарып шыққан өзге де әдемі өлеңдерді оқып, ақын үшін шын қуанған едім.

«Бір тілегім бар еді қайта маздап,

Келем тағы… құстар да қайтады аздап.

Сенің күлкің шашылған көшелерді,

Менің мүлкім деп елге айта жаздап.

 

…Сен келетін мезгілді күз деп білдім,

Құстарменен қатар боп тізбек құрдым.

Сен келетін күзді сол қоя салшы,

Сен жоғалған көктемді іздеп тұрмын»,-дейді ақын тағы бір өлеңінде.

Осындайда Пушкиннің: «Не тот поэт, кто рифмы плесть умеет»,-деген сөзі еріксіз ойға орала береді. Шынында да біздің Данияр өлең жазу дегеннің сықпырта ұйқастыра беру еместігін жақсы түсінеді. Мәселен, жоғарыда біз келтірген өлең жолдарын оқыған кез келген бойжеткен ақынмен диалог құрып отырғандай күй кешетіні анық қой. Өлеңді жүрек көзінен өткізіп жазуы – Даниярдың жылдар бойы дамығаны, өскені. Әйтпесе, шығармашылық тұрғыдан өспей жатып, көшкен бұлттай құтыра сөйлейтін, екілене «әңгіме» айтатындар аз емес қой.

Кейде маған поэзия мен бейнелеу өнері егіз ұғым сияқты көрінетіні бар. Кейбір суретті көріп тұрғанда поэзияны көргендей күй кешесің. Ол енді суретшінің шеберлігі екені талас тудырмаса керек. Сол туындыға қарап тұрып, естілмейтін, бірақ жүрекпен оқылатын өлең екенін түйсінгендей боласың. Біз кешкен әлгі сезімді, беймәлім бір тылсым дүниені әйгілі Леонардо да Винчи бір-ақ ауыз сөзбен айта салған ғой. Леонардо да Винчи бүй дейді. «Живопись – это поэзия, которую видят, а поэзия – это живопись, которую слышат». Бұдан асырып не айтуға болады? Шүкір, бүгінде сөзбен сурет салатын талантты ақындар Жамбыл жерінде жеткілікті. Солардың бірі Данияр Әлімқұл екені айдай ақиқат.

Дара әлемі бар Данияр ақынның біз сөз еткен «Жүрек хаттары» атты жыр жинағына белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай алғысөз жазыпты.

«Тебіренісі терең, жырларын шашпай-төкпей тұңғыш кітабына жинап келген Даниярдың табиғи таланты тайға таңба басқандай. Поэтикалық өресі мен өмір-өзен құбылыстарын өзіндік өрнегімен өзгеше жасайды. Ақындық болмысының бояуы бойдан кіріп, ойды оятады. Әдебиетке осылай келу керек»,-депті қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі сол жазған алғысөзінде. Ғалым Жайлыбай секілді Алаштың мықты ақыны Даниярдың шығармашылығын бағалағаны, ағалық ниетпен алғысөзін жазғаны бізді де қуантады.

Даниярды біз тәп-тәуір ақын деп жүргенбіз. Бірақ оның сол «Жүрек хаттары» атты кітабы бізге оны жаңа бір қырынан ашқандай болды. Ол бірқатар шетел ақындарының шығармаларын тәржімалауға да ден қойған секілді. Аудармаларынан Сергей Есениннің, ағылшын ақыны Уильям Хенлидің өлеңдерінің қазақша нұсқаларын байқап қалдық. Жинаққа әзірге үш аудармасы енгізіліпті. Әлбетте, көп емес. Соған қарап оның шетел ақындарын қаншалықты тәржімалап жүргенін байыптай алмаспыз. Әйткенмен, аяқ алысы қуантады. Қалай болған күнде де Хенлидің қазақша сөйлегеніне қуандық.

«Түнектей түнмен қоршалған қайғы,

Қиналысымның қара зынданы.

Құзырыма менің сор салған жайды,

Құдайға айттым, дара шыңдады.

 

Сорым боп қозған кеселге ауыр,

Таң көзі боп, атыпты арманым.

Тағдырдан соққы жесем де тәуір,

Жаралы болдым, жатып қалмадым.

 

Көз жасым сіңген жолдарды білем,

Қап-қара ниет қолдарды білем.

Бағытым – жұмбақ, қайғы мен сорым,

Қорқыныш емес ол дағы кілең».

Әрине, біздіңше аударма сәтті шыққан секілді. Данияр ағылшын ақынының туындысын түпнұсқада оқымаған шығар. Оқыса да бойына сіңіре қоюы екіталай. Алайда, шығарманы қазақы қалыпқа салып, тамаша теңеулермен әрлей білгені шындық.

Ақынның өлеңдері ойды образға орап беретін дәлдігімен ерекшеленетінін айтып өттік қой. Даниярдың «Тәңірмен тілдесу» деген бір өлеңі бар. Лирикалық жыр жүрекке жетеді. Жинақы жазылған.

«Көп ерік беріп сезімге,

Көтеріп кеудем алып мұң.

Бейнеңді көрген кезімде,

Байқамай сүйіп қалыппын.

 

Қолымды байлап қолыңа,

Соғар ма еді сыңар леп.

Аптығам ылғи жолыма,

Алдымнан өзің шығар деп»… Осылай әдемі өріліп кете беретін өлең соңы: «Тоғжаным деп ем Тәңірге, тозғаның бекер деп қалды»,-деген екі тармақпен түйінделеді. Біздіңше Данияр ақын бұл өлеңді ертеректе жазған. Ол осы өлеңін қазір жазса, тым құрығанда тақырыбын «Тәңірмен тілдесу» деп қоймас еді. Кім біледі, бұл күндері Данияр осы шығармасын оқыған кезде еріксіз жымиятын шығар…

Ақын шығармаларының ішіндегі маған айрықша ұнайтыны – «Бәрі де түгел» деген өлеңі.

«Жүрек жеңілді, алдырмайын деп ем,

Сезім шетінеп, тірі қалды ой.

Сені жалғыз қалдырмайын деп ем,

Жалғыздық жылап тұрып алды ғой.

 

Кірпіктен мұң боп құламайын дегем,

Жел болып қана жосылғым келді.

Сен үшін бола жыламайын деп ем,

Жаңбырға бірақ қосылғым келді.

 

Ақылдан әрі аспайын деп ең,

Төзе де төзе, төзім бопсың-ау.

Бәрін де қайта бастайын деп ем,

Бәрі де түгел, өзің жоқсың-ау». Үш қана шумақтан тұратын осы өлең жолдары жүректі қозғап жіберетіні рас. Ақынның «Кірпіктен мұң боп» деуінің өзі де тапқырлық дер едік. Әрі бұл шумақтардан Даниярдың өлең өлкесіндегі өзіне тән қолтаңбасы мен ақындық қуатын байқауға болады. Бірін-бірі толықтырып тұрған тармақтардағы ой, әдемі ырғақ құдды бір ән секілді оқылатыны да жасырын емес. Шын мәнінде осындай өлеңдер ғой, патша көңілді оқырманның ойында қалатыны, әрі лезде жатталатыны.

Дәкең  2014 жылы жазған өлеңдерінің бірін былай деп түйіндепті.

«Сағынышың көзіңнен гүлдеп ашып,

Сезімнің еңсесін де бірге басып.

Отырғаның оңаша мүлде жасып:

Боларыңды біле алмай кімге ғашық,

Тығылып қаласың ба түнге қашып?..

 

Түн барып, түңілейін түнек қамау,

Үмітім өкініштен үдетті алау.

«Бақытты бол!» Мендегі… Тілек. Қалау.

Қарамай кетсең дағы өз-өзіңе,

Қараусыз қалдырмашы жүректі анау».

Сұлулықты көзімен көрген ақын жүрегімен сезінеді ғой. Жүрегі әдемілікке ынтық ақынның сол кеудесіндегі жұдырықтай етке салмақ түспесе екен. Өлеңдеріндегі поэтикалық әуен әлсіремесе дейміз.

Бір анығы Данияр Әлімқұл эстет ақын. Жүрегін жарып шыққан өлеңдері жүректерге жетеді. Кейде құдды бір өз-өзімен немесе ғашығымен диалог құрып отырғандай әсер қалдырады. Оның тілді білуі, өлеңді өзіне тән өресімен өре білуі – поэзияның қайнар-бұлағынан қанып ішкенін аңғартады. Өзі де, өмірі де өлеңге айналып кеткен ақынның оқырманға берері әлі көп деп білеміз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.