- Advertisement -

Тиын жұтып қиын болды

70

- Advertisement -

Ардақ Үсейінова

Әлі есімде 3-сыныпта оқып жүрген кезім, математика сабағында қолымдағы тиынды аузыма саламын деп әбден әуреге түскенім бар. Ұсағы болса да, мұнша қиналмас едім, бақандай 50 тиынды жұтып қойып, қара терге түстім. Әпкейге айтайын десем, ұят қысып барады. Айтпайын десем, жай кездері демде үзілістің болғанын жеткізіп, шылдыр ете қалатын қоңыраудың үні естілер түрі жоқ. Бір қызарып, бір сұрланып отырғанымда, әйтеуір қоңырау да соғылды-ау. Сыртқа қарай тұра жүгірдім. Өңешіме көлденіңнен кептеліп қалған тиынды әрі итерер деп су іштім. Оған болмаған соң, қуаласпақ ойнап жүрген қыздарға қосылдым да кеттім. Ет қызып, тершігенге ме, бірте-бірте тынысым кеңейіп, дөңгелек темір әрі қарай лып берді.

Жақында байқамай тиын жұтып қойған бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына түсіп, дәрігерлер көрсеткен шұғыл көмектен кейін аман қалды деген хабарды естігенде, бірден осы оқиға есіме түсті. Ойнап отырған 9 жасар бала жағдай дәл осылай болатынын ойламаған шығар, бірақ тамағына кептелген түймедей темірді алу оңайға түспегені анық.

Алғашында жай ғана тамағы ауырып қалғандай сезінген жеткіншектің жағдайы бір сағаттан соң нашарлай түскен. Бірте-бірте тыныс алуы да қиындап кеткеннен кейін ата-анасы жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болыпты. Дәрігерлер де уақыт жоғалтпай, бірден шешім қабылдап, рентгенге түсіріп, тиынның өңештің жоғары жағында тұрып қалғанын анықтап, шұғыл түрде оны алуға кіріседі.

Тәжірибелі  хирург Нұртуған Әлқуатов мұндай жағдайда көбінесе Фолея (Испания) катетері (резеңке түтік) қолданылады дейді. 2-3 сантиметрлі үрленетін 2 қуысты силиконды түтікті негізінде тамақта тұрып қалған затты босату, дәрілік заттарды енгізу, шаю үшін пайдаланады екен. «Осы резеңке түтікпен балаға жалпы наркоз салдық. Бұл әдіс оқыстан болған шұғыл жағдайда тиімді саналады.  Себебі, уақыт өтіп кетсе, денеге бейімделіп кеткен затты алу қиынға соғады», — дейді ол.

Хирург Әлімжан Әлкеновтің айтуынша, мұндай жағдайлар жиі болмаса да, ұшырасып тұратын көрінеді. Шұғыл көмек көрсетілген соң баланың жағдайы бірден жақсарған. Дәрігерлер  ата-аналарға барынша сақ болып, балаларын қараусыз қалдырмауды ескертеді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support