«Шеше көрген тон пішер»

22

Ою ойып, көрпе тіккен әйелдердің табыс табуына да болады

Облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені көрме залында өткен «Көрпе fest» фестивалінің этникалық инсталляциясында Ырза Тұрсынзаданың «YouTube» арнасындағы шеберлік сыныптарына қарап дайындалған бұйымдар таныстырылды. Заманауи стильге сәйкестендірілген ұлттық киімдер де бар. Мақпал, барқыт, шыт маталардың сан түрінен құралған көрпелер ежелгі қолөнеріміздің қаншалықты бай үлгісі болғанын көрсетті. Ши құрақтардың арасына түйе бейнесіндегі, түрлі қошқармүйіз сынды ойылған көрпешелерге жаңаша сән кіргізуді көздегендері де байқалады.
Тігіншілердің заманауи стильде тіккен ұлттық киімдері де ұйымдастырушылар тарапынан оң бағаланды. «Біз осындай іс-шара ұйымдастыру арқылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында айқын көрініс тапқан халықтық қолданбалы өнерді дамытуды көздеп отырмыз. Жоба өткен жылы бастау алғаны баршаға мәлім. Осындай ұсынымызды айтқанда бұрын вице-премьер қызметін атқарып жүрген Бердібек Сапарбаев бірден қолдау көрсеткен. Міне, енді, Жамбыл өңіріне басшылыққа келгенінде Бердібек Мәшбекұлы осы бастаманы жүзеге асыруға ықпал етіп отыр. Фестиваль сондай-ақ Нұрсұлтан, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Шымкент қалаларында өтті. Дайын өнімдерді сату көрмесін өңірлердегі кәсіпкерлер барынша қолдап жатыр, – деді Ырза Тұрсынзада.
«Көрпе fest» фестивалінің жабылу салтанатына өңір басшысы Бердібек Сапарбаев арнайы қатысып, нәзік жандыларды ұлттық өнерді дамытуға атсалысқан ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
– Ардақты аналар, аяулы арулар, құрметті Ырза Тұрсынзадақызы! Міне, үш күн бойы осы біздің киелі Тараз жерінде өтіп жатқан көрпе фестивалі өз мәресіне жетті. Біріншіден Ырза Тұрсынзадақызына және қолөнершілерге үлкен рахмет айтамын. Осы арқылы біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздың қандай бай екенін көрсеттік. Көрпе-көрпешелер, жастықтар – өнеріміз, салт-дәстүрімізден туған ұлттық өнімдеріміз. Біздің міндет – осының барлығын өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, қайта жаңғырту. Ең алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласында бастау алған жоба еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатыр. Біз де бүгінгі жобаға қатысқан әпке-қарындастарымызды, бикештерімізді қолдауымыз керек. Олар алдымен көрпе-көрпешелерін тігіп өз кәсіптерін ашып, салт-дәстүрді жалғастырса, ең негізгісі, мына қыздарымыз мемлекетке қол жаймай өздерінің отбасыларын асырап, қасындағы азаматтарына қолдау жасаса үлгі болады деп түсінеміз, – деді облыс басшысы.
Мұнан соң Бердібек Мәшбекұлы ұлттық өнерді дамытуға және қайырымдылыққа қосқан үлесі үшін кәсіпкер Туғанай Жолақоваға және «Дәмді себет» ЖШС-ның құрылтайшысы Алмас Төлтаевқа «Аманат» қоғамдық сыйлығын тапсырды. Облыс әкімінің Алғыс хаттарына Ырза Тұрсынзада, Майрагүл Махмұтқызы және Бақыт Қайратқызы ие болды.
Сондай-ақ ең озық тігіншілерге Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Тігін машиналар үйі» атынан 30 тігін машинасы, сертификаттар мен Алғыс хаттар табысталды.
Шеберлік сағатына қатысып қана қоймай үздіктер қатарынан көрініп, тігін машинасына ие болғандардың қатарында Жуалы ауданы Көлтоған ауылынан келген 73 жастағы «Алтын алқа» иегері Төребала Күзембекқызы да бар. Көп балалы зейнеткер қарап жүрмей, қыз жасауын тігумен айналысуға, тігіншілікті дамытуға идеал болған Ырза Тұрсынзадаға алғысын білдірді.
Фестивальдің ең жас қатысушысы Шу ауданының тумасы 10 жастағы ісмер Медина Жұмаділдә іс-шараға анасымен келген екен.
– Мен 7 жасымнан қолыма ине-жіп ұстап, қуыршақтарыма неше түрлі киімдер тіге бастадым. Қазіргі кезде кез келген көрпе дейсіз бе, көрпеше дейсіз бе тіге беремін. Ою да оя аламын. Анамның көмекшісімін. Ырза апайдың ұйымдастыруымен өтіп жатқан фестивальге қатысып, тігін машинасына ие болдым. Енді өзімнің жеке машинаммен жұмыс істеймін, – дейді ол.
Өңір басшысы мен әулиеаталық қолөнер шеберлерінің лайықты бағасына ие болған жоба келесі жылы да Жамбыл жерінде тағы да жалғасын таппақ. Оған дейін қыз-келіншектерге өз бұйымдарын жаңадан ашылған ақысыз алаң арқылы кеңінен насихаттауға зор мүмкіндік туып отыр. Нәтижесінде барлық ісмер, тігіншілер дайындаған өнімді бір алаңнан таба алады. Әрі тараздықтарға ұлттық тауар бұрынғыдан да қолжетімді бола түспек.

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.