- Advertisement -

Барлығы халық игілігі үшін

63

- Advertisement -

Аудан әкімі осымен жетінші аймақта ел алдында есеп берді. Әкімнің баяндама тезистері осы есеп беру науқаны басталар алдында аудандық газетте жарияланған. Әкім соған қарамастан қай елді мекенге барса да, оның бір сөзін қалдырмай жұрттың құлағына жеткізуден танбады. Сондай-ақ Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі Айбек Әбішев те, Құмарыққа жаңадан әкім болған Болат Мансұров та, Көкдөнендегі Төлеген Атабаев та өздерінің атқарған жұмыстары жайлы баяндады.Жиналған жұрт көбіне аудан әкіміне сұрақ қойды. Ол сұрақтарға Ерболат Садырқұлов толыққанды жауап қайтарып отырды. «Аудан халқының көкейінде жүрген үш мәселені жете зерттедім. Қазір 47 ауылдың 26-сына ауызсу келген. Жеті ауылға облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді. Алты елді мекенге биыл су келеді. Екінші өзекті мәселе – «көгілдір отын» кіргізу. Ол да жақын болашақта шешімін табады. Ал тұрғын үй мәселесімен айына екі рет қабылдау өткіземін. Пәтер осы уақытқа дейін бірде-бір адамға берілмепті. Өткен жылы 4 көп балалы отбасына республикалық бюджет есебінен үй сатып алып бердік. Сондай-ақ үш үйдің кілтін демеушілердің көмегімен кезекте тұрған жағдайы төмен аналарға ұстаттық. Үй кезегінде тұрғандар әлі де бар. Соны ескеріп, биыл 80 пәтерлі екі үй салуды жоспарға қойдық», – деді әкім.
Ақыртөбедегі балабақша меңгерушісі З.Тойбекова көшелерді жөндеу туралы сөз қозғаса, зейнеткер Ә.Жолшыбеков жұмыссыз жүрген жастарға жұмыс тауып беру керектігін айтты. Ауыл тұрғыны Е.Сәрсенбаев Ұлы Жеңістің 75 жылдығын лайықты қарсы алуға дайындық жасауды, кварц өндірушілер жайлы өз ойын ортаға салды. Әкім осы мәселелердің барлығын хаттамаға енгізіп, тиісті органдарға тапсырма берді. Ә.Әбішевтің көпір өткелі жайлы қойған сұрағына байланысты «Қазақстан темір жолы» басшыларына хат жолдайтынын білдірді.
Жиналыста сөз алған ауылдың қадірменді ақсақалдары Кеңес Көкімбаев пен Еркімбек Сәрсембаев: «Біздің ауылда Тахир Хахазов деген азамат бар. Осыдан үш жыл бұрын әйелі қаза болып, алты баламен қалған болатын. Осы азаматты ауылымыздың әкімі Айбек Әбішев өзінің машинасына мінгізіп алып, балаларына ала алмай отырған жәрдемақысын, Қазақстан азаматтығын алып беріп, қорғаншылық бойынша көмек көрсетіп, бір миллионға жуық қаражат бергізді. Балалардың әкелері қазір ай сайын тағы да 60 мың теңге зейнетақы алады. «Береке» шаруа қожалығында жұмыс істейді. Алайда оның баспанасы жоқ. Әкім бұл мәселені шешіп беруге де ынталы болып жүр. Сондықтан ауыл әкіміне рахметімізді айтып, алғысымызды білдірсек дейміз», – деді.
Құмарық ауылында пилоттық жоба бойынша несие халықтың өз қолына беріле бастапты. Сондықтан болар, жиналыста сөз алған зейнеткерлер М.Киікбаев пен Ш.Жапаралиев әкімге өз ризашылықтарын білдіріп, балабақша мен тау суы, жол жөндеу сияқты мәселелерді көтерді. Аудан әкімі бұл туралы да тиянақты жауап қайтарды.
Көкдөнен ауылындағы жиналыс Мәдениет үйінде өтті. Жиында аталған клубқа газ кіргізу мәселесін әкім кешеуілдетпей шешіп беруге уәде етті. Жарыссөзге шыққан Х.Дүкенбаев Сарыбұлақтан келетін тау суының ауылға жетпейтінін, жайылымның тарылып бара жатқанын тілге тиек етті. Аудан әкімі халықтың барлық талап-тілектері мен ұсыныстарын ескерусіз қалдырған жоқ, қайта оларды жеделдетіп шешіп беру үшін ауданның барлық елді мекендері жанындағы жайылымдық жерлердің картасын сызып беруді тиісті орындарға табыстағанын айтты. Жиналыста сондай-ақ, ауыл тұрғындары Кәрім Ағыбаев пен Бекен Қырбасов, Болат Махаметкерімов сөйлеп, әкімге шағын футбол алаңын салып бергені үшін алғысын білдіріп, жасаған есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Үш аймақта өткен жиналыстар бойынша қорытындылар жасалды. Ол нәтижесіз де емес. Мәселен, алдағы жылы Ақыртөбе ауылы мен Жаңатұрмыста мәдениет ошағы, Луговой кентінде спорт кешені салынбақ. Осының барлығы халықтың ұсыныстары мен талап-тілектері негізінде салынғалы отыр. Жақын жылдары халық ауызсудан да таршылық көрмейді. «Көгілдір отын» әр үйде маздап жанып тұрады, тұрғын үй де елдің игілігіне беріледі.

Сейсен ҚОЖЕКЕ, журналист.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support