- Advertisement -

Саяжайлар назардан тыс қалмайды

64

- Advertisement -

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың округ тұрғындары алдындағы есеп беру кездесуі жаңаша форматта өтті. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай, жұртшылықтың талап-тілегін тыңдауға көбірек бағытталған кездесуде шаһардың өткен жылдары жеткен жетістіктері мен алдағы уақытқа жоспары да айтылды.
Мысалы, экономика саласының негізгі көрсеткіштерінің бірі саналатын өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылы 275 миллиард 280,2 миллион теңгені құрапты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 35 миллиард 57,1 миллион теңгеге артық.
Ал 2020-2021 жылдары жалпы құны 22 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 519 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде екен.
Ал әлеуметтік негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында қала аумағынан әлеуметтік дүңгіршектер салу үшін қосымша 55 жер телімі «Тараз – Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына» берілген. Әкім бұл жұмыстар күнделікті бақылауда екенін айтты.
Қала әкімі бүгінгі таңда қала тұрғындарынан келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі қаладағы саяжайлар мен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері екенін жеткізді.
Осы мақсатта өткен жылы «Шалғай Қарасу» тұрғын алқаптарын, «Тектұрмас», «Қарасай», «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Шаңырақ», «Казарма», «Жиделі» алқаптары, «Құмшағал» стансасы және осы алқаптарға жапсарлас орналасқан 28 саяжайды электрмен, газбен және сумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалары әзірленіп, қаржыландыруға 2020-2021 жылдарға ұсынылатын болыпты. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы «Родничок», «Ақжол», «Қайнар» және «Мичуринец» алқаптарын ауызсумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалары әзірленіп, 2020-2022 жылдары құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылмақшы.
Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта жеке тұрғын үйлер құрылысы бойынша жеке инвесторлар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлердің құрылыстарын жүргізу үшін 403 жер телімі белгіленген. Осы жеке тұрғын үйлер бірінші кезекте жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтарға ұсынылуда.
Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық түрлі көрсеткіштері мен жоспар-жобалары таныстырылған соң халық өзінің тілегін жеткізді. Жарыссөзге шыққандардың алғашқысы – қала тұрғыны Жұлдызай Жапаева болды. Ол №2 мөлтек ауданындағы бірқатар мәселелерді көтеріп, ПИК жұмысына қатысты бірнеше сауал жолдады. Бұл орайда шаһар басшысы оның айтқан мәселелерін қағазға түсіріп, жеке қабылдауына келуді сұранды. Ал «Байланыс» ПИК төрағасы Рано Кенжеханова Рысбек батыр көшесіндегі №4, 6, 9 үйлердің шатыры ауысқанымен жөндеу жұмыстары толық аяқталмағанын айтты. Сондай-ақ, ол Рахимова көшесіндегі жатақханаларда жылудың төмен екендігіне шағымданды. Бұл орайда қала әкімі жауапты сала маманын ортаға шығарып, мәселені шешуді жіті тапсырды.
Сондай-ақ қала тұрғыны Ақерке Бозбалаева пәтер кезегі 2006 жылдан бері жылжымайтындығын, сол жылы 4944-ші болып тұрған ол биыл 4052-ші болғандығына наразы екендігін және жер кезегі де жылжымайтындығын жеткізді. Бұл сауалға Айтқазы Дәулетқұлұлы: «Қазіргі таңда жер телімдері қала бойынша жоқ. Жер беруді доғардық. Өйткені мемлекет тарапынан сатып алатын жерге қыруар қаржы керек. Оның үстіне, қалада бос жерлер жоқ. Ал үй кезегіне келер болсақ, бүгінде қала бойынша 19083 адам кезекте тұр. Оның ішінде 1921-і көпбалалы ана болса, 9902-сі әлеуметтік осал топ иелері, сондай-ақ жетімдер мен мемлекеттік ұйым жетекшілері бар. Жалпы сіз жер қатынастары бөлімі мен тұрғын үй инспекциясына жолығып, мемлекеттік бағдарламаларды көріңіз. Бүгінде «Бақытты отбасы», «7-20-25» сынды тиімді бағдарламалар арқылы тұрғын үйге қол жеткізіп жатқандар көп» деп жол көрсетті.
Жарыссөзге шыққан зейнеткер, қала тұрғыны Пернебек Сырғалиев болса шаһар басшысының есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Биылғы есептік кездесудің ерекшелігі – қала әкімі Айтқазы Қарабалаев барлық бөлім басшылары мен жауапты сала мамандарын тұрғындар танысын, білсін деген мақсатта халыққа қарама-қарсы отырғызып, халық алдында олардың жауапкершілігі мол екендігін жеткізді. Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы: «Қаланың келбеті күннен-күнге ажарланып келеді. Атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес, нәтижесі де көз алдарыңызда. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табатыны сөзсіз. Бірақ біздер шалғай елді мекендер мен саяжайлардың жағдайын ұмыт қалдырмауымыз керек. Қалаға қосылған барлық саяжайлардың мәселесі назардан тыс қалмайды», – деді.

Арайлым Шабденова,
журналист.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support