- Advertisement -

Шоқ тілді Шона еді…

463

- Advertisement -

Мыңбай РӘШ,
сатирик, жазушы.

Шона екеуміз бір-бірімізбен әзіл-қалжыңымыз жарасқан дос едік. Біздің достығымыз сонау алпысыншы жылдардың басынан басталып, ол бақиға озғанға дейін жалғасқан еді.
Әңгімемізді басынан бастайықшы.
Мен өткен ғасырдың 1953 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдебиет пен өнер бөлімін басқаратынмын. Ол кезде газеттің тиражы да, авторы да көп. Сол авторлардың бірі ғана емес, бірегейі Шона Смаханұлы болатын. Жамбылдың Талас ауданынан хат жазып, сықақ өлеңдерін жіберіп тұратын. Редакцияға құшақ-құшақ тасқындап түсіп жататын хаттар арасында елеусіз қалмасын деп:
– Смаханұлынан келген хатты тіркемей-ақ маған бере бер, – дейтінмін хат бөліміндегілерге.
Шона әрі ықшам, әрі күлдіргі етіп жазады. Арамызда алты жас айырмамыз болғанына қарамастан, ол өзінің әдеттегі саңқылдай сөйлейтін даусымен Жамбыл облысының сол Талас ауданында туған жерлесі – сықақшы Оспанәлі Иманалиев пен біздің қатарымызға кейін келіп қосылған оспа тілді Оспанхан Әубәкіровке:
– Мынау Міңкең менің ұстазым екенін біліп қойыңдар! – деп әзілдейтін.
Бұл әзілдің шыны да бар еді. Олай дейтінім, Шөкеңе «келмейсіз бе?..» деп арнайы хат жазғанмын. Ол қуана жауап жазғаны есімде. Көп кешікпей, Шөкең көшіп келді. Келе сала, редакцияға іздеп келіп:
– Ә, Мыңбайым сен екенсің ғой, – деп езу тартты.
– Е-е, шоқ тілді Шонамыз сіз екенсіз ғой, – деп мен де әзілдеп жатырмын.
О кезде Алматыда пәтер алу құс сүтінен қат. Бір үйден бір үй жалдап жүріп Шөкең Калинин көшесінің бойынан, шеттеу жағынан үй алды.
– Міңке, үй алдық, келінді ертіп кел. Қонақ болыңдар, – деді бір күні Шөкең.
– Рахмет, Шөке!
Айтқан күні Шөкеңнің алған үйін «жууға» келдік. Ырым етіп оны-мұнымызды ала келдік.
– Мынау жеңгең болады, – деп таныстырып жатыр, – есімі – Өмира!
Аласа бойлы келген, өңі жұмсақ, биязы, тым қарапайым адам екен.
– Өз үйлеріңіздей көріп, қысылып-қымтырылмай отырыңыздар! – деп жатыр.
– Анау екі қара домалақ біздің қарғаларымыз, бірінің аты – Тұран, екіншісі – Құрал, – дейді балаларын да таныстырып.
Мені әйгілі классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов 1956 жылы жаңадан ашылған «Ара – Шмель» журналына шақыртып алды.
– Асқар Тоқмағамбетов денсаулығына байланысты туған қаласы – Қызылордаға кетті. Фельетон бөлімін басқаруға қалай қарайсың? – деп сигаретінің күлін шертіп түсіріп, маған тесіле қарады.
Күндіз-түні мезі қылған газет жұмысынан тыныштау жерге қызмет ауыстырғым келгенін жасырмай, бірден келістім.
Келесі жылы Ғабең Жазушылар одағының төрағалығына біржола ауысты. Бас редактор болып Қаныш Сәтбаевтың күйеу баласы Қайнекей Жармағамбетов келді, қай уақытта келдің-кеттіңмен жұмысы жоқ. Журнал тапсырарда материалың болмай қалса:
– Жағаны жайлауға салғанды қою керек! – деп столды бір тоқылдатып қойып, шорт кететін мінезі бар-ды.
Айналасы үш-төрт жыл өтпей, Қайнекей ағамыз да қызметтен кетті.
– Енді кім келер екен? – деп шегір көзін жыпылықтатып қойды Садықбек.
Бұ кезде редакцияға фельетонист қызметіне Шона келген-ді.
– Басеке, менің бір шаруам бар еді, кешікпей келемін, – дейтін кейде Шөкең.
– Е, бара беріңіз! – деп кеңшілік жасайтынбыз.
Кейін байқасам, Шөкең өзінің жеке шаруасы емес, қазақ тілі пәні неге шегерілді, балабақша неге қысқартылып жатыр?.. іспетті мәселелермен айналысып, Оқу министрлігіне дейін барып, күйіп-пісіп жүреді екен ғой, жарықтық.
Бір күні өрт сөндіргендей тұтана күреңітіп келді.
– Не болды, Шөке? – дедім.
– Ой, оңбағандар, балабақша атаулыны қысқартып жатыр. Кішкентай балаларды бүлдіршін кезінен тәрбиелейтін жерге тұсау салынса, не болмақ? – деді ол.
«Қысқартыла берсе балабақша,
Қазынада қалғаны арам ақша», деп екі жол өлең жазып маған оқып берді.
– Өткір екен! – дедім.
Бір күні және сіркесі су көтермей келді.
– Не болды, Шөке? – деймін.
– Пәлен мектепке барып едім, қазақ тілі пәні қысқартылып қалыпты. Мұғалімді де қысқартпақ түрі бар…
– Шөке, күйгелектене бермеңіз, денсаулығыңызды бұзып аласыз! – деймін.
– Әй, қойшы, бассыздықты көріп отырып қалай шыдауға болады – дейді.
Арада көп жылдар өтті. Шөкең екеуміз Құрманғазы көшесінің бойында тұрдық. Телефонмен жиі тілдесетінбіз. Кешікпей дүниені дүрліктірген 1986 жылдың желтоқсаны да келді.
– Міңке, естідің бе? – деп телефон шалды Шөкең.
– Естімекті былай қойып, көзім көріп тұр балконнан.
– Не көрініп жатыр?
– Ағылып кетіп барады.
– Қайда?
– Брежнев алаңына.
– Ойпырым-ай, мынау тегін емес, бір сұмдықтың басы шығар, – дейді Шөкең.
– Солай шығар, Шөке.
– Әй, үйде бұғып отыра береміз бе жүр, барып көрейік! – дейді.
– Көрсек, көрейік!
Алаңға келдік. Ортасына кіре алмаймыз. Толқыған жастар. Құдды үлкен дауылдан теңселіп, ақ жал толқынын аспанға атқан, сабасынан да, жағасынан да лықси асқан мұхит іспетті. Бастарында темір каска, қолдарында темір қалқан мен дубинка ұстаған сұсты солдаттар мен милиция қызметкерлері:
– Жастар! Сабыр етіңдер, үйлеріңе қайтыңдар, – деп жатыр.
Жұдырықтарын түйіп, жоғары көтерген жастар тобы:
– Көнбейміз, келіспейміз! – деседі.
– Ақырғы рет ескертеміз, әйтпесе…, – деп сес көрсетеді аналар.
– Орыс басшының керегі жоқ!
– Тым құрыса Қазақстанның орысы болса екен-ау!
– Көкемізді орнына қайта қою қажет!!!
Міне, тұс-тұстан естіліп жатқан айбатты ашу сөздер!
Теңізше толқыған жастар қолдарына тас, мрамор сынықтары, таяқ алып сес көрсетіп жатыр. Сатыр-сұтыр. Ілгерілеп барып сабасып, кейін шегініседі. Дубинкалар сілтенеді. Милиционерлер басың бар, көзің бар демейді. Қыздарды шаштарынан, жігіттерді желкелерінен жұлқи ұстап, қорлап-ақ жатыр.
Айқай-шу басылар емес. Қасқырқұлақ иттерін жетектеген шекарашылар іспетті біреулер келді. Бронетранспортерлер қаптады. Жастарға қарай жылжып барады. Қарсыласқандарды басып-жаншып таптамақ. Жермен жексен етпек.
– Ой, иттер, әй, найсаптар-ай! – деп Шона тісін қайрап тұр.
Күресерге дәрмен жоқ. Қалтасынан алып волидолын ішеді.
– Байқаңыз, Шөке, сырқаттанып қаласыз! – деймін.
Толқынға қарай барғысы келеді. Қарсылық сөзін айтқысы келеді.
Бір жүзі таныс кісіні көзіміз шалып қалды. Басы қан-қан, әлгі дубинкалар тигені көрініп тұр.
– Ойбай-ау, мынау Әзірбайжан ғой!
– Қай Әзірбайжан, бакулық па? – дейді Шөкең.
– Жо-ға, өзіміздің халық әртісіміз, режиссер Әзірбайжан Мәмбетов.
– Обал-ай! Әй, иттер-ай! – дейді Шөкең.
Кешікпей қандай азап пен тозақ болғаны, оның ақыры немен тынғаны белгілі болды ғой.
Қазақ жастарына «ұлтшыл» деген айып тағылғанда да Шөкең мысқылдай күліп:
– Е-е, өз ұлтын сүйген айып па екен?! – дегені есімде.
Иә, Шона шын мағынасында ұлтжанды азамат еді. Ол өмірден солай өтті де. Көзі тірі кезінде 60 жылдық тойының асабасы болған едім. Мен Шөкеңнің 70 жасында да (өзі қайтыс болған соң) баяндама жасадым. Жазушылар одағы көрнекті сатириктің сексен жылдық торқалы тойында да баяндама жасауды ұсынды.
1959 жылы жарық көрген «Тотияйын» атты тұңғыш сатиралық жыр жинағынан кейін «Қу түлкінің сыбағасы», «Көріп жүр ғой көздерің», «Үкімін айт өздерің», «Ұры тіс», «Кездік» іспетті көл-көсір сықақ жанрын қамтитын қилы-қилы кітаптарын жарыққа шығарды. «Қоңыраулы шеңгел» атты таңдамалысы, өзге де шығармалары оқырман қолына тиді.
Яғни кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырды. Алматыда Ш.Смаханұлы атында қазақ орта мектебі бар. Біз – сатириктер қауымы жылма-жыл ағамыздың туған күніне орай сонда барып, арнайы кештер өткізіп тұруды әдетке айналдырдық.
Егер тірі болса биыл Шөкең тоқсанға толар еді.
Сүтті сылп-сылп ішіп,
Мырс-мырс күлді мысық:
– Сен де мендей болар ең,
Жүрсең егер, әрине,
Құйрығыңды қысып, («Мысық уәж») дегеніндей сықақтар жаза берер еді.
Жатқан жерің жарық, жаның жәннатта болғай, жан дос!

2004 жыл.

БАТЫРЫМ

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты, сатирик-жазушы.

Аты-жөні аталған сәтте арғы жағы өзінен-өзі түсінікті болып жүре беретін, ол кім, не істеп еді (егер марқұм болса), не істеп жүр (егер тірі болса) – бет-бейнесі, жүріс-тұрысы, сөзі, күлкісі, реніші көз алдыңа келе қалатын адамдар бар. Смаханұлы Шона – солардың бірі, бірегейі. Тігінен тұрғызып қойған шымкірпіштей шағын да мығым бітісті еді. Ұзын кірпікті қой көзі күлімдеп, күміс тістері айдың сынықтарындай жылтырап, әлдебір әзілін айта амандасатын. Ренішті минөт-сағаттары аз болатын, қаншама кездесуімізде Шөкеңнің шырайлы жүзінің қуқылданғанын бір-ақ рет көрген шығармын. 1985 жылдың ақпаны-ау деймін, түс әлетінде кабинетімнің есігі тық-тық етіліп ашылып, домалана кіріп келген Шөкең:
– Мырза, хал жаман! – деді де, диванға отыра кетті. Орнымнан аңтарыла тұрдым да, жанына барып отырып, қолын алып:
– Ассалаумағалейкүм, батыр, не хал? Аспан аласара бастады ма? – дедім. Жас айырмашылығымыз біраз болғанымен, екеуміз әзілдесе беретінбіз. Шөкеңді мен «батыр» дейтінмін де, ол мені «мырза» дейтін.
– Үш әріп тағы шақырып жатыр, пәле болды! Мен өзім үшін жанталасып жүрген жоқпын ғой, соны ұқтыра алар емеспін! – деді, қынатонының түймелерін ағыта бастап. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін жұрт «үш әріп» деп атайтын-ды, орысшасы – КГБ-ны – «комитет глубокого бурения» деп әжуәлайтын. Әрине, сырттай айтатын.
– Бұған дейін түк істемегенде, батыреке, енді не істер дейсің, «шақырдық, келді, түсінік жазып берді» деп күпіну үшін шақырады да, оларға да «Солай етіңдер!» деген бұйрық бар шығар, апшымағын! – дедім, иығынан құшақтап.
– Әй, өздері қызық, біз Алматыда қазақ мектебі аз екенін дәлелдеп, жаңадан ашу керек деп жүгіріп жүрміз, мәселе Қонаев жолдасқа дейін барды, екеуі ашылды, үшіншісі ашылғалы жатыр, дұрыс қой? Дұрыс! Ал мына «үш әріптегілер» болса, «сізде ұлтшылдық бірдеңе бар деп мылжыңдайды, бүгін де соны айтатын шығар, сағат төртке шақыртыпты, атаңа нәлеттер!
– «Бірдеңе бар» дейді, бірақ, не барын білмейді, ә? – деп едім, Шөкең маған жалт қарады да:
– Шықты, шықты! «Бірдеңе бар дейді, бірақ не барын білмейді»! Соңғы «ә» дегеніңді сұрағыңмен қоса өзің алып қал да, мына жеті сөзіңді маған сат! – деп кенет күліп жіберіп, тіземді нұқып жіберді. Шөкеңнің көңілдене қалғанына мен де қуанып кетіп:
– Әрине, сатамын, тегін дүние жоқ, батыреке! – дедім.
– Керегіңді ата!
– Атасам… екінші жеңгемізбен қайда, қалай табыстың, соны айтшы!
– Әй, мырза! – деп Шөкең екі алақанын шарт еткізіп, диванға жантая кетті…
Және бір жайт әлі есімде. Жұмыс аяқталар мезетте кіріп келген Шөкең қолын соза жетіп:
– Әй, мырза, Абай мен Байкөкше өлең туғызайық, келісесің бе? – деді.
– Келісем, батыр, келісем, бастағын!
– «Жазушы» баспасынан келе жатырмын, бір қолжазбам бар еді, соны әнеу бір жігіттер алай деп, былай деп, бүгін ренжіп шықтым. Одақтың хатшыларына барып едім, олар: «Баспа бізге бағынышты емес» деп комитетке сілтеді. Соларға арнап: «Орта жүздің одағы, кіші жүздің баспасы» дедім, қалай? Кәне, осыны жалғашы! – деп күлді. Мен:
– Осы екеуі болмаса, өзімізде басқасы! Десемші дедім мен де бірдеңені тұспалдап. Шөкең бір сәт селт етті де, қолтығына қыса келген қара былғары папкасын диванға тастай бере қарқылдап күліп:
– Шықты! Шықты! – деп мені иыққа бір түйіп, диванға отыра кетті. Оқыс жауабымның астарын аңғара қойды. Ол тұста Жазушылар одағының басшысы найман Әнуар Әлімжанов еді де, «Жазушы» баспасының директоры кіші жүздік Әбілмәжін Жұмабаев еді. Ал республиканың, Алматы облысының, Алматы қаласының бірінші басшылары Шөкеңнің руластары болатын.
Тағы бірде:
– Әй, мырза, сен наймансың, бірақ ініңе қамқорлық жасамай жүрсің! – деді.
– Е, кімге?
– Осында Айдарбек Ғазизов деген ғажап карикатурашы-суретші жігіт бар, «Халық кеңесі» гәзетінің редакциясында. Өскеменнен келген. Карикатуралары керемет енді! Соның суреттерін кітап етіп шығару керек, талантты қолдау керек. Сен соны қолға алшы! – деді, құлшына сөйлеп.
– Ә, ол баланың суреттерін гәзеттерден көріп жүрмін, бірақ өзін әлі білмеймін, таныса қоймадық.
– Айтам ғой, нашарсыңдар деп! – дейді Шөкең ренжіңкіреген кейіппен.
– Батыреке, ұсынысың жақсы, кітабын шығарайық, оның суреттеріне сен өлеңдетіп текст жаз, ал мен алғысөз жазайын.
– Келістік! – деп қолын ұсынып, менің қолымды қатты қыса жымиды. Ақ көңілімен риза болғаны.
Айдарбектің карикатуралар кітапшасын «Жазушы» баспасынан шығардық. Жас талант қуанышқа кенелді.
Қашанда кімге болсын тек пайда ойлаған, жақсылық жасауға дайын тұратын қайран Шөкем-ай!

пікірлер, лебіздер

Дінмұхамед ҚОНАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері:

«…Бұл мәселемен бір адам кабинетіме бас сұғып кірсе, кәне. Бәрі қызмет сұрап келеді, бала-шағасына пәтер сұрап келеді, атақ-дәреже сұрап келеді. Бірақ туған халқымның үмітін ақтайын деп ел аманатын арқалап алдыма келген тірі пенде болған емес осы уақытқа шейін. Сонда қалай? Ел мүддесінен гөрі, өз мүддесін жоғары қоя бастағаны ма бұл зиялы қауымның? Талап-тілегің өте орынды, Шөке. Өтініш-хатыңды тиісті құзырлы мекемеге қол қойып, пәрмен беріп жөнелтем. Оған алаңдама. Хабарласып тұр…»

Асқар
ТОҚМАҒАМБЕТОВ,
ақын:

…Шонаны таптым. Шонаны тауып, шындықты тапқандай болдым. Ойың, көзқарасың, пікірің бір әрі әріптес іні табу адамды ерекше қуанышқа бөлейді екен. Шона – жарқ-жұрқ еткен алмас қылыш. Батыл қаламгер бола беруі мүмкін, ал ол – батыр! Кез келген келеңсіздіктен керемет ой туғызып, тауып айтқанда таңғаласың.

Темірбек ҚОЖАКЕЕВ,
профессор:

«…оның оңтайы мысқыл, сықақ жағында екені, лирикалық өлеңдерінен гөрі, сатираны тәуір жазатыны, тілі бай, айтайын дегенін еркін, іркіліссіз жеткізетіні – мойындалған шындық».

Үмбетбай УАЙДИН,
жазушы:

…Біздіңше, Шөкең әлі де өмір сүретін еді, егер біреулердей жақсылыққа да, жамандыққа да мыңқ етпей, ішкен-жегеніне мәз боп, пеш түбінде қорылдап ұйықтай бергенінде… Ол әлі де өмір сүруге тиісті еді, егер біреулердей неше түрлі бәле-бәтерлерді іштеріне жинап, халқын ойламай, қақайған қара басын ойлағанда. Желтоқсан көтерілісі кезінде біреулер тырқылдап ойнап-күліп жүрсе, Шөкең ұрпақтарын аяп, қанша уақыт қайғырып жүрді.
Өлімге қимағандықтан ба, әлде халықтың Шөкеңдей мінездері өлуге тиісті емес деп ойлағандықтан ба, көп адам оның суық хабары құлақтарына тигенде нанбай, шошып, біразға шейін жаман атты хабарды жандарына жолатпай қойды. Жамандықтың да өз шындығы бар ғой, жолатпағанмен ол шіркін, мойындатпай қоя ма? Мойындатты. Мойындадық.

Сауытбек АБДРАХМАНҰЛЫ,
журналист-публицист:

«…Бұған Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің кезінде баспасөзде жарияланған құжаттарындағы «По делу проходили известные писатели Шона Смаханулы, Акселеу Сейдимбеков…» деген жолдар дәлел. Шона ағамыздың ол тізімде жүретіні Алматыда қазақ мектептерін ашқызуға атсалысып, үй-үйді кезіп жүріп, тұрғындардың қолын жинағандығы екендігі белгілі.
…Сөйтіп, жеме-жемге келгенде ол мақаланы бастырудан Орталық комитеттің өзі тартынды. Мақала басыла қалғанда, сонда аты аталатын басқаларды қайдам, нақты айыпталатын Ш.Смаханұлы мен А.Сейдімбековтің желтоқсанда қазақ ұлтшылдығының идеологиялық негізін дайындаушылар ретінде істі болуы әбден мүмкін еді…»

ҮМІТ ЖҰЛДЫЗЫ

Ізбасар БАЛТАҒҰЛҰЛЫ,
мемлекет және қоғам қайраткері.

Қазақ әдебиетінің сатира сарбаздары кімдер дегенде, ел аузына Асқар Тоқмағамбетовтен кейін ілінген бір есім бар. Ол – кезінде әдебиетімізге елеулі үлесін қосқан, қазақ тілінің басынан кешіріп жатқан ауыр да азапты халі туралы дауысы жеткенше үн көтеріп, дабыл қаққан қайраткеріміздің бірі – ақын әрі әнші, композитор әрі шебер орындаушы Шона Смаханұлы. Бауырым еді. Мен Шөкеңмен Абай атындағы педагогикалық институтының тіл-әдебиеті факультетінде бірге оқыдым. Тілектесі, жаршысы, жанашыры ретінде танысып, кейініректе бауыр-туыстай табыстық. Өткен ғасырдың елуінші жылдары оқу оқып, білім алам дегендерге сырттай оқу бөлімдері ашылып, мүмкіншілік берілген болатын. Міне, осы сырттай оқу іздеп келген біздер Шөкеңмен Қазақтың педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде табыстық. Сонда таныстық. Ол кісі менен бес жас үлкен болатын. Алғашқы қадам менен басталды. Аз әрі ұтқыр сөйлейтін Шөкеңнің тапқырлығы, өткірлігі, шыншылдығы баурап алды. Қателіктерді мінеп, тіліп өтетін өткір сөзімен.
Кезінде Алматы қаласы мен облысында басшылық қызметтерде жүрген кездерімде қолымнан келген көмектерімді де көрсеткен жанның бірімін. Шөкең кезінде от-жалын бар қазақтың жас жігіттерін көрсе, қолынан ұстап, жетектеп келіп: «Ізеке! Қарашы мына жігіттің көзінде от бар. Осыған шама-шарқыңша көмектес. Азамат болар, өсер, өнер» деп, талай жігіттердің өсуіне, көтерілуіне себепші болып жүретін. Оның астарында оның тілеуқорлық, бауырмалдық жанашырлығы жататын. Өмір атты теңіздің толқындары адамды бірде шалқытады, бірде қалқытады емес пе? Біз де – Шөкең екеуміз солардың бірі едік. Кезінде, тіпті өте жақын пікірлес, ниеттес, сырлас болдық. Міне, сондай жылдардың бірінде, дәлірек айтсам 1950 жылдары Шөкең біздің Балқаш ауданы, Бақанасқа келіп еді. Жерді аралап, Іленің бойын жағалап, менің әкем Балтағұл ақынмен көп күндер әңгімелесіп, ел тарихы, жер тарихы, әсіресе ысты деп аталатын ру тарихын, одан шыққан Бөлтірік шешен туралы, Димекеңнің арғы атасы болып есептелетін Қонай батыр туралы сұрап, жазып алып, мол сырға қанығып қайтқаны бар.
1970 жылдары мен Алматыға келгеннен кейін де Шөкеңмен араластық. 1980 жылы Шөкең маған келіп: «Ізеке! Димекең – қазақтың бақытына біткен әлемдік ұлы тұлға. Бұл кісі – тегін жерден шықпаған адам. Бұл кісінің арғы ата-бабалары туралы бәрі болмаса да, ең болмаса Димекең әлемге Меңліахметов емес, Қонаев болып танылып жүрген Қонай туралы қысқа ғана болса да бір дерек жазуым керек. Бұл – менің парызым, міндетім, сіздің әкеңіз Балтекеңнен естігенім бар. Енді соны ары қарай нақтылап, дәлелдеп кішігірім бір повесть жазайын, мені Димекеңнің әкесі Меңліахмет ақсақалға бір жолықтырсаңыз. Димекең мұны білмеуі керек. Егер ол кісі білсе, «Қонаев ата-тегі туралы кітап жаздырып жатыр» деген сөзден қашып, тыйым салатынына сөз жоқ. Өйткені ондай лауазымы өте үлкен адамдар туралы бірдеңе жазу үшін Мәскеуден рұқсат керек қой» деп, қолқа салды. Мен біраз күн ойланып жүріп, ақыры тәуекелдің қайығына мініп, Шөкең екеуміз Мира мен Абай көшесінің қиылысындағы Мекеңнің үйіне келіп, ақсақалға сәлем бердік. Мекең бізді өте жылы қарсы алып, құлағына киген аппаратын киіп, ел жайлы әңгіме сұрап: «Ізбасар, саған рахмет! Мен осы уақытқа дейін тіпті бір жөнді суретке түспеппін. Анада сен үйіңе шақырып, қыздарыммен, шешеңмен, өздеріңмен түсірген суретіңді алып, қуанып қалдық» деп, суретті көрсетіп, әзілдеп мұны қазір шай үстінде «жуамыз» дегені әлі есімде.
– Ал, мына жігітің кім? – деді. Мен жайлап: «Бұл – Шона Смаханұлы деген жазушы балаңыз. Сізге үлкен өтінішпен келіп отыр. Мен де өтінемін, сізден осы бір ақ-адал ниетімізді құптауыңызды сұранамын» дедім. «Мақұл, есіме түскенін айтып беремін» деді қария.
Біз Ыстының Ауызүсіген деген атасынан тараймыз. Одан Байгелді, Кемеш. Кемештен: Таз, Құланшы. Таздан Қатықұлық (Әлмембет). Одан Қаракемпір, Сарыкемпір апаларымыздың атымен аталып кетіпті. Біз соның Сарыкемпірінен боламыз. Сарыкемпірден Жолым, одан Қылыш, одан Нұрманбет, одан Азынабай, одан Шолақ пен Қонай. Одан Жұмабай, одан Меңліахмет, одан Дінмұхамед пен Асқар болады, – деп мұртын бір сипап күліп қойды. Содан кейін ата-бабаларының төменгі Талас, Іле мен Шу өзендерінде өсіп-өнгендері, ондағы тұрмыс-тіршіліктен көрген қиыншылықтары, үдере көшу, сонан Арқа жеріне дейін барып қайтқандарын бүгінгі күнге дейінгі өмірлерінен білетіндерін Шөкеңе айтып берді.
Шөкең осы әңгімелерден Қонай өмірі туралы «Үміт жұлдызы» деген повесть жазып, 1984 жылы «Жалын» баспасынан шығарды.
Сөйтіп, Шона Смаханұлы өзінің «Үміт жұлдызы» атты Димекеңнің арғы атасы Қонайдың атын Жанай деп, Қонайдың әкесі Азынабайды Қазынабай деп, ал Қонайдың баласы Жұмабайды Тұмабай деп атайды. Бұл сол заманның ызғарынан сескенгендіктің нәтижесі еді. Өзіндік әдеби әдіс-тін…
Сонымен, Шона шебер кішігірім ғана повесте қазақ халқының өткен ғасырларда көшпенді ғұмыр кешкенін, қазақтың адал, еңбекқор, қиыншылыққа төтеп бере алатын, оны түбінде жеңетінін, қазақта нағыз, шынайы, мәңгілік сүйіспеншіліктің болатындығын, әділетсіздік пен қаскүнемдікті, жауыздықты шындықтың, әділдіктің, адалдықтың жеңетіндігін оқырманға өте көркем, шебер жеткізе білген. Повестегі басты қаһарман Жанай-Қонай арқылы арамызда кеше ғана кеткен үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, 50 жылға жуық ел ағасы, 25 жыл Қазақстанды басқарған, 20 жыл СОКП Саяси бюро мүшесі болған Дінмұхамед Қонаевтың бабасы – Қонай атамызды көз алдымызға тірілтіп әкеп берді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support