- Advertisement -

«Тізгінді бердік жастарға, Ел жайын айт, жасқанба…»

180

- Advertisement -

Облысымыздың 80 жылдығына және Жастар жылына орай облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының, аудан әкімдігінің қолдауымен Айша бибі ауылдық мәдениет үйінде «Тізгінді бердік жастарға, ел жайын айт, жасқанба» атты облыстық жастар айтысы өтті. Жыр аламанын аудан әкімі Бақыт Қазанбасов сөз сөйлеп ашып, атамұра өнердің туын биікке көтеретін жас буынның сөз сайысының маңызы зор екенін, аталған ауданнан соңғы жылдары Нұрлыбек Құрманов, Шапағат Сәбитқызы секілді жас ақындар шығып отырғаны жергілікті жердегі қолдаудың жемісі екенін айта келіп, сәттілік тіледі.
Мұнан соң айтыскер ақын, «Айша бибі» аула клубының жетекшісі Нұрлыбек Құрмановтың жүргізуімен айтыс басталып кетті. Алғашқы жұпта таластық Нұржан Манатбек пен меркілік Мұқағали Балтабай айтысты. Мұқағалидың: «Ақындардың жасы үлкен сен боп тұрсың», – деген сәтсіз тіркесіне жауап берген Нұржанның: «Қайтейін Мұқағали болғаныңды, атың үшін бермейді саған бәйге. Күшікті арыстан деп атағанмен, бәрібір аң патшасы бола алмайды» – дегені аса үйлесімді шыққан жоқ. Екінші жұпта шулық Әділет Медетқұлмен айтысқан байзақтық Ернұр Бейсенов: «Әулиебұлағы бар осы ауылдың, адам түгіл әулие екен бұлағы да» деп әдемі ой айта білгенімен, орысша сөздерді бей-берекет қолданып, арзан шумаққа алданған Әділетпен салмақты айтыс жасай алмады. Тіпті бұл екеуінің сөз сайысын тәуелсіз сарапшы Алик Бекмұсаев: «Лақпа айтыс» деп бағалады.
Бұдан соң Жамбыл ауданының қос ақыны Шапағат Сәбитқызы мен Елібек Нұрмағанбетовтің жарасымды айтысының куәсі болдық. «Қатарларың «мама» боп жатқан кезде, маман болам деп жүрген қайран әпкем» деген Елібектің әзіліне Шапағат: «Мен қазір Алматының алмасымын, Күләш, Шырын, Үміттің жалғасымын» дей келе: «Елібегім ерекше ойлар айтып, елдің сөзін сөйлейтін бала бопсың» деп ізін басқан інісін еркелете білді. Төртінші жұпта тараздық Мұхтар Қонарбаев пен жамбылдық Мерейхан Райымбаев айтысты. Екеуі құрдас екен, осы оқу жылында мектеп бітіреді. Мерейханның: «Келесі жыл ҰБТ-да бұл Мұхтарды, ойлаймын қандай балды алады деп? Мен мүшәйрадан грант ұтып алдым, ондайдан бұл Мұхтардың хабары жоқ» деген әзіліне Мұхтар: «Айтмұханбет, Ахмет, Ербол ағам, грантсыз-ақ биікке жетті емес пе?» – деп ұтымды жауап берді.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Ербол Елшат пен ТИГУ-дің студенті Медеу Мырзатайдың арасындағы айтыс ұтқыр ой, кестелі сөз, тосын теңеуімен ерекшеленді. Әсіресе бізді Ерболдың ізденісі, тапқырлығы тәнті етті. Оның «Ақ жаулықты әжелер аман ба екен, дәретсіз су алмаған ақ бұлақтан» деп амандасуының өзі ақындық деңгейін байқатып тастады. Медеудің:«Дүниені қусаң да, соңына оның жетпейсің» дегеніне Ербол: «Дүние жаман болса сары алтыннан, сақтарым сауыт киініп шығар ма еді» дей келе: «Балалары тер төгіп еңбек етсін, аталарым қан төккен топырақта» деп елдің рухын көтеріп тастады. Тараздық Дидар Апбасов пен шулық Айым Көшербай қыз бен жігіттің жарасымды айтысын жасады. Дидардың: «Елбасы келіп, тамсанған бұл ауылдың, бақытты әр тұрғыны, әр адамы» деп сөз бастағанына Айым: «Айтыскер аруы боп бүгінгінің, Айымдай қызың келді айдын аңсап. Армысың, бар ғаламның сұлулығын, қойнауына сыйдырған әйгілі алқап» деп, кезегін үйлесіммен жалғай білді. Дидардың: «Айым саған құрметпен қарайтыным, түнгі клубтардан да табылмайсың. Басыма қонған менің бағымдайсың» немесе «Қасиетті ауылда кездестік-ау, Сауытбек жолыққандай Ақбөпемен» деген өлең жолдары ел жүрегін сергітіп тастады. Ақтық айналымға 4 жұп айтыскер өтіп, лайықты айтыс жасады.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Дидар Апбасовқа берілсе, Ербол Елшат бірінші жүлдеге лайық деп танылды. Шапағат Сәбитқызы екінші, Айым Көшербай мен Медеу Мырзатай үшінші орындарды иеленді. Нәби Момынов атындағы арнайы жүлде Мұхтар Қонарбаевқа, «ҚазТрансГазАймақ» тағайындаған арнайы жүлде Елібек Нұрмағанбетовке, Темірлан Арзымбетов атындағы жүлде (жүлдені өнер жанашыры Әлия Арзымбетова тағайындады) Мерейхан Райымбаевқа бұйырды. Осы сөз сайысына «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-ның басшысы Рашид Пірманов демеушілік жасағанын, айтыстың жоғары деңгейде өтуіне Нұрлыбек Құрмановтың зор үлес қосқанын айта кеткен жөн.
Айтыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, облыстық «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков, айтыс ақындары Айтмұханбет Исақов пен Ербол Қамбатыр, Дархан Әбдіманат марапаттады.
Бұл айтыс өңірімізде жас айтыскерлердің деңгейі өсіп келе жатқанын, халыққа ғажайып айтыс өнерінің қажет екенін тағы да дәлелдеді.

 

Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support