- Advertisement -

Қарасай батырдың картинасы мектепке ілінеді

40

- Advertisement -

Қазақстан және Қырғыз Республикасының Суретшілер одақтарының мүшесі, қордайлық қылқалам шебері Өжет Нүсіпбаев Қарасай ауылындағы қазақ мектебіне өзінің жаңа туындысын тарту етті. Бұл – даңқты баба Қарасай батырдың майлы бояумен салынған бейнесі.
Өжет Қазыкеұлының шығармашылығы қордайлықтарға көптен таныс. Балалық шағы Алмалының тұмса табиғаты аясында өткен оған суретшілік өнер анасынан дарыған. Уәзипа ана он саусағынан өнер тамған ісмер жан еді. Қолынан қайшысы түспей, бүкіл ауылдың текемет, сырмақ, тұскиіздеріне көзбен-ақ мөлшерлеп небір ғажап ою-өрнектерді сызып шығатын еді. Өжет 1970 жылы Фрунзедегі көркемсурет училищесін үздік бітіріп шықты да, содан бері жүрегі қалаған кәсібінен қол үзген жоқ. Сурет өнерінің живопись, графика, теріге бедерлеп бейне салу түрлерімен айналысты. Үнемі жаңа образдар сомдаумен ізденіс үстінде жүреді.
Оның қазіргі туындыларынан өмірдің мәні туралы салмақты ойлар аңғарылады. Тақырыптарына арқау болатын – «Ұлы Дала», әлемдегі мәңгі қозғалыс пен бітіспес тартыс. «Ұлы Даланың символы», «Дала нышаны», «Жыл құстары», «Мәңгүрт», «Түрлі түсті әлем» тағы басқа атауларынан-ақ суретшінің айтар ойын білуге болады. Оның әр жылдарда Алматы, Бішкек, Тараз қалаларында тақырыптық көрмелері өткен, бірқатар туындылары Түркия, Қытай, Жапония, Алмания, Грекия тәрізді шетелдерде жеке топтамаларда қойылған. Әсіресе Тараздың 2000 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына және «Рухани жаңғыру» тақырыбына арнаған «Жібек жолы», «Өркениеттің дамуы», «Халықтың рухани қазынасы» тәрізді шығармалары да көрермендер мен өнертанушылар тарапынан жоғары бағасын алған.
Жетпісті орталаған суретшінің өнер жолын ортаншы қызы Сәния жалғастыруда. Ол Америкада мүсін жасау бойынша бір жыл мамандығын жетілдіріп, елге жуырда ғана оралды. Немерелерінің, әсіресе тұңғыш шөбересі Алтайдың тәтті қылықтары қарт суретшінің жанын жадыратып, шабытына шабыт қосады. Өжет Қазыкеұлының қылқаламынан әлі де небір ғажайып туындылар тууда. Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарасай ауылдық әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен түлектер кездесуіне барғанда жаңа салынған «Аламан бәйге» картинасын тарту еткен. Жерлестері де қарап қалмай, мұның иығына шапан жауып құрмет көрсетті. Сол кездесуде өзі бала кезде білім алған байырғы қазақ мектебінің ұжымы білім ордасына Қарасай батырдың үлкен суретін салып беруді өтінген еді. Міне, жерлестерінің бұл өтініші де сәтімен орындалды.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support