- Advertisement -

Жастар әскерге ат танды

90

- Advertisement -

Өз елінің патриоты болу, Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір қазақстандықтың міндеті. Тараз қаласының «Jastar aleıasy»-нда әскерге шақыртылған 45 бозбала салтанатты түрде ант бергенде осыны айтты.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент пен жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған рәсімге күздік шақыртуға алынған бозбалалардың ата-аналары, әскерилер, жергілікті билік өкілдері қатысты. Жиында департамент басшысы, полковник Ерлан Жабықбаев пен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серікбол Берікқожа құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Ата Заңды қалтқысыз сақтап, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбітшілігімізді кірпік қақпай күзетуді тапсырды. Ал облыстық Қарулы Күштер Ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамиль Тартықов пен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының облыс бойынша төрағасы Дулат Әбдісамат болашақ сарбаздарға ақ жол тіледі.
– Жастардың 13-15 пайызға жуығы әсіресе денсаулыққа байланысты сынақтардан өтпей қалады. Дей тұрғанмен бүгінгі күні біз 16 команда жіберіп үлгердік. Оның ішінде шекара қызметін толық қамти алдық, – дейді Ерлан Қаһарбекұлы.
Салтанатты рәсімде патриоттық әндер шырқалды. Акция аясында сарбаздарға қажетті заттарын табыстаған туыс-жақындары оларды әскерге шығарып салды. Жігіттер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің теңіз жаяу әскерлерінің құрамында ел қорғау үшін Ақтау қаласындағы 25 744 әскери бөліміне аттанды.
– Отанды қорғау әр жігіттің азаматтық борышы деп білемін. «Отан оттан да ыстық» дегендей, туған елім, туған жерім үшін мен бәріне дайын болуым керек. Сондықтан әскерге бара жатырмын», – дейді жас сарбаз Нуриддин Сайлау.
Жалпы қыркүйекте басталған мерзімді әскери қызметке шақырудың күзгі науқаны желтоқсан айына дейін жалғаспақ. «Ел тірегі–2019» республикалық акциясы аясында Қарулы Күштер мен басқа да әскери құрылымдарға Жамбыл жерінен 1500 азаматты шақырту көзделген.

 

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support