- Advertisement -

Ел болашағы –бәсекеге қабілетті жастар

358

- Advertisement -

Жастардың бойындағы жалындаған күш-қайрат пен ерік-жігер қоғамға қуат береді. Әсіресе, олар білім мен білік жолындағы кесе-көлденең жататын кедергіге мойымайтын, отанына адал қызмет ету үшін мақсатына жетпей тынбайтын болса. Иә, талапшыл жасқа сүйсінбейтін жан жоқ.
Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттерімен өткізген кездесуінде аға буын мен кейінгі толқынның арасында осындай сабақтастық байқалды.
Кездесуге «Бәсекеге қабілетті жастар – еліміздің іргетасы» тақырыбы арқау болды. Іс-шараның еркін форматта өрбуі студенттерге серпіліс бергені анық. Жастар Асқар Исабекұлына өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойды. Әр сауалдың төңірегінде келелі әңгіме өрбіткен облыс әкімі оларға тұшымды жауап берді. Қатысушылардың көтерген мәселелері – өңірдің өркендеуіне қатысты және білім саласындағы өзгерістер, Жастар жылына қатысты атқарылған және атқарылар шаралардың барысы мен ерікті жастар қозғалысын дамытуға байланысты ұсыныстар. Ел болашағы туралы ойларын да іркіп қалған жоқ.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өз сөзінде жастар тәрбиесі жайлы ой қозғап, қоғамдағы өзекті жайттарға қатысты тағылымды дүниелерді тілге тиек етті. Сөзін әр сауалдың жауабымен астастырып, өңірде қолға алынған оң бастамалар мен игі істерді де әңгімелеп отырды. Жалынды жастарды тарихты танып, өткенді құрметтеуге, ата-баба дәстүрін ұлықтап, солардан дарыған тектілік қасиеттерді жаңғыртуға шақырды. Еліміздің ертеңгі ұстынына айналу үшін білім дариясына барынша бойлау керектігін ескертті. Сондай-ақ, қайырымдылық шараларына атсалысып, табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
Белсенді жастар Асқар Исабекұлының өнегелі өмірі жайлы сұрап білді. Оларды, әсіресе облыс әкімінің бос уақытын қалай өткізетіні, қандай кітаптарды сүйіп оқитыны қызықтырады екен. Сондай-ақ жұмыс барысындағы негізгі ұстанымы туралы сұрағандар да бар. Өңір басшысы барлық сұрақтарға нақты әрі ашық жауап беріп, студенттерге білім жолында да, өмір жолында да сәттілік тіледі.
Әсерлі кездесу соңында жастар облыс әкімімен естелік суретке түсті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
aqjolgazet kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support