- Advertisement -

Он сотық жердің де олжасы мол

37

- Advertisement -

Өңір тұрғындары, әсіресе, ауылда тұратын ағайындар ауласындағы жер телімін тиімді пайдаланса, бұл отбасы табысын арттыруға да септігін тигізері сөзсіз. Бұған дейін барлық ауданның ауылдық округтерінде болып, тұрғындардың тұрмысымен танысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов ендігі жерде олардың өздерінің қосалқы шаруашылықтарын игеру арқылы тіршілік көзін ашып, табыстарын еселеуге болатындығын тәптіштеп түсіндіріп те берген-ді.
Осынау бастамаға дер кезінде үн қосқан облыстық кәсіпкерлер палатасы да аудандарда жеке қосалқы шаруашылықтарды тиімді пайдалануға бағытталған семинарлар ұйымдастырып, өткізуде. Расында да ауыл тұрғындарының қай-қайсысы да түрлі кәсіптер ашып, табыстарын еселеуге ынталы. Тек көзін тауып, істі ұршықша иіріп әкетсе болғаны. Ал оған қажетті қаржыны қайдан алады? Қандай көмектер бар? Аудандарда өткізілген аталмыш семинарларда, міне, осындай мәселелер талқыланып, қосымша ақыл-кеңестер берілді.
– Қазірдің өзінде 1500-ге жуық жеке кәсіпкер мен кәсіп ашуға ниетті азаматтарды өңіріміз үшін таңсықтау – лимон, бадам, анар секілді жеміс ағаштарын өсірудің әдіс-тәсілдері қызықтыруда. Жалпы өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы жеке қосалқы шаруашылық ісін дамыту бойынша «10 сотық» қанатқақты жобасын іске асыруды қолға алған болатын. Жобаның мақсаты – қосалқы шаруашылықты тиімді пайдалану, одан табыс табу, ауылдық жерлердегі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеру. Ол үшін палата өкілдері өңірдің ауа райы мен топырақ құрамының жайлылығын ескеріп, жақсы өнім беретін, табысы мол дақылдарды таңдады. Олар – анар, жүзім, лимон, бадам жемістері. Палата қызметкерлері, сондай-ақ 50 жоба бойынша оқыту-үйрету семинарларын өткізіп, ауыл тұрғындарын дайын жобаларды іске асыруға шақыруда, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов.
Айта кетейік, Меркі ауданында өткен семинар барысында Өзбекстан мемлекетінің Андижан қаласынан келген агроном Машьаль Хушвакт жеке қосалқы шаруашылық иелерін слайд көмегімен анар, жүзім, бадам өсірудің әдіс-тәсілдерін үйретсе, Шымкенттен келген Серғазы Бекмұратов өзінің лимон өсіретін жылыжайының жұмысымен таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті. Ең қызығы, лимон ағашының өмір сүру ұзақтығы 100 жыл екен.
– Лимонды үй климаты жағдайында да өсіруге болады. Бір тал лимон ағашы 100 келіге дейін өнім береді. Еккен соң 3 жыл ішінде жылыжайға, басқа да шығындарға кеткен қаражатты өтеп шығады, – дейді Серғазы Бекмұратов.
Аталмыш жеміс түрін өсіру шығыны аз, табысы мол болуы себепті аудандағы жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер де айрықша қызығушылық танытты. Жиынға қатысушылардың көшеттер алуға, несиелендіруге қатысты сұрақтарына облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов толыққанды жауап берді. «Үй іргесіндегі жер телімінің өзінен әрбір отбасы кемінде 150 мың теңге табыс табуға тиіс», – деп атап өтті ол.
Мұндай семинарлар облыстың барлық аудандарында өткізілуде. Ендігі жерде ауылдағы тұрғындар істің көзін тапса, он сотық жердің өзінен мол табыс тауып, тұрмысын жақсарта алады.

 

Ерман Әбдиев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support