- Advertisement -

Жастар алтын уақытын білім алуға жұмсаса екен

43

- Advertisement -

Қазіргі кезде тойда табақ тасып, табыс табатын жастар көп. Оларды ауылда тойхана иелері кешкі сағат 17.00-ден кейін шақырып, жинап алады. Содан той тарқағанша бір тыным жоқ. 5-6 сағаттық жұмыс үшін алатындары – 2-3 мың теңге. Жас жеткіншек үшін бұл да болса, әжептәуір кіріс. Әйтеуір ыдыс-аяқты сындырып алмаса, байқаусызда тағамды төгіп-шашпаса, күн сайын 2 мың теңгеден алғанының өзі олжа емес пе?!
Күніне дейтініміздей бар, жаз – нағыз той жасайтын науқан. Себебі зәуімде бір той беруді ойлап, тойханаға тапсырыс беруге тырысып көріңізші, қалаған мейрамханаңыз бос болмай шығатыны анық. Жұрт қазір оған бірнеше ай бұрын алдын ала ақысын төлеп, кезекке жазылып қояды. Ал кәсіпкерлерге көп бұлдамай, берген ақыңызға келісе салатын арзан жұмыс күші қажет-ақ. Жасөспірімдердің қауіпсіздігін, денсаулық жағдайын ойлап бас қатырып жатқандары шамалы. Ата-ана баласының ақша сұрап, мазасын алмағанына мәз. Ал тойхана егелері бір күндік табыстың көп бөлігі өзінде қалғанына қуанады.
Қазір заман өзгерді ғой. Бұрын қай әке қызын түн ортасында көшеден күтіп алушы еді. Сана уланып, ел дәстүрін ұмытуымызға осы нәрсе себеп болып отырған жоқ па?! Бала еңбегі неге қорғалмайды? Заңда «Барлық балалар жалпы орта білім алуға құқылы» деп жазылған. Рас, табыс тауып жүрген замандастарымыз сабақтан қалып жатқан жоқ. Бірақ ұйқылы-ояу отырған жеткіншек оқуда қалай озат болсын?!
Ата-анасы керегін алып беріп отырса, жас жеткіншектер бұлай дәмхана жағалап несі бар? Қалада даяшы болып жүргендердің көпшілігі – жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері. Ауылда тойда жүргендері – 9-10-сыныптың оқушылары. Қазір той жағалап, «Екі ән шырқасам, 5 мың теңге төлейсіз, айтып берейін бе?» деп жүрген жасөспірім өнерпаздар көбейген. Өнер көрсетіп, табыс тапсын деген ниетпен жекжат-жұраттарының қуанышына баласын жетектеп апаратын әке-шеше де жоқ емес. Туыс-жамағайынның көлгірсіп күліп, баласының арқасынан қаққанына мақтанады. Берген аз-маз ақшасына қуанады. Ал бұл сырт көзге тым оғаш көрінетінін, осылайша ұл-қызына жеңіл ақша табудың жолын үйретіп жатқанын ешкім қаперіне алмайды. Өнердің де құнын дәл өстіп арзандатып алдық. Талғамды да ұмыттық, сананы да улап болдық.
Қазақтың тойы бітпесін деп шалқимыз кейде. Бірақ сол тойда би билеп жүрген қыздарға қарасаң, қарның ашады. «Той сәні ғой» деп бишілерді ақысын төлеп шақырады, ал олар алған ақшаларына мәз. Олардың өнерін тамашалап, қошемет көрсетер бір жан жоқ. Ақысы мен қошеметін былай қоя тұрғанда, «қызға қырық үйден тыйым» деген қазақы тәрбие қайда қалды сонда? Бұрын ата-бабаларымыз кеш батқанда қызын үйден шығармайтын. Ал бүгін таңға дейін, кейде тіпті жартылай жалаңаш киімімен жұрт алдында қымсынбастан мың бұралтып би билетіп қоятын болдық. Осыған қарап шығыс биінің шығу тарихына үңіліп көрген жан жоқ-ау өзі деп ойланасың. Ертедегі шахтар мен бекзадалардың көңілін аулау мақсатында билеген бидің түрі емес пе, бұл?!
Қазір білекке емес, білімге сенетін заман. Білімді ұрпақ – ұлт болашағы. Бүгінгі қоғам екіге бөлінген. Бірі білім қуып, кітапты жан серігі етсе, енді бірі жеңіл табысты көксейтін кезбеге айналған. Шетелдерде оқып, алған білімінің арқасында талай жетістікке жетіп жүргендер де бар. Бірақ білім, өнер қуып жүргендерден бос селтеңге салынғандар көбейгендей ме, қалай?!
Білім мен өнердің шыңына шыққандарды көрсең, арманыңа қанат біткендей болады. Ал алтын уақытын қор қылғандарға қарасаң, көңілің құлазиды. Бірі даяшы, бірі биші. Таңға жуық ұйықтап, көзін тырнап ашып, сабаққа барып, ұйқыны сонда жалғастырады кейбірі. Ондай оқушыдан не үміт, не қайыр?… Ол баладан қандай жарқын болашақ күтеміз? Білімі жоқ адамнан қоғамға қайыр бар ма?
Қазақылығымызды жоғалтып алмасақ деймін.

Жадыра МЫРЗАБАЙ,
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің 2-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support