- Advertisement -

«Сырымды айтып қалайын, берші ғұмыр, бір апта…»

144

- Advertisement -

облыс орталығындағы зиялы қауым белгілі
қаламгер-қайраткер АРғынбай Бекбосынды еске алды

Есет ДОСАЛЫ

«Әттең, дүние бірақ та, жеткізбеді мұратқа,
Сырымды айтып қалайын, берші ғұмыр бір апта…».
Бұл – белгілі журналист-жазушы, ақын, драматург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосынның өмірден озарының алдында әнге арнап жазған өлеңінің шумағы.
«Мэлстің қоштасуы» деп аталған осы өлеңінің әнін Дүйсенәлі Бықыбаевқа жаздырады. Арада аз күндер өткенде өзі бақилық болып кете барды. «Мэлстің қоштасуы» дегені, қайран Арағаның өзінің қоштасуына айналғаны-ай! Әлде Араға қайтпас сапарға кететінін сезді ме екен?
Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында халықаралық «Қонаев қоры» облыстық филиалының ұйымдастыруымен Арғынбай Бекбосынұлының туған күніне орай еске алу шарасы өтті. Қаламгер көзі тірі болғанда 82 жасқа толар еді. Ақылшы ақсақал болып ортамызда жүрер еді. Шараға жиналғандардың жанарынан үлкен сағынышты байқадық. Әуелі олар қаламгердің құрметіне қойылған кітап бұрышына көңіл аударды. Бұл жерге А.Бекбосынның «Заманалар жаңғырығы», «Фәнилік драма», «Жеті қарақшысы жоқ аспан», «Эхо времен», «Сын солдата», «Түймекент – мой Түймекент» сынды кітаптары қойылған.
Жазушыны еске алуға арналған басқосуды халықаралық «Қонаев қоры» облыстық филиалының төрағасы Аманкелді Кәрентаев ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ардагер-журналист Баттал Жаңабайұлы алып, облыстық газетте бірге еңбек еткен ұзақ жылдар шежіресінен сыр шертті. «Менен озған үш ізбасарым болды. Олар – Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев және Бақытяр Әбілдаев. Міне, осы азаматтар газеттің жұмысын да жандандырды. Арекең кейін очерк, рубаят, эссе жазудың нағыз шеберіне айналды», – деді ол.
Мұнан соң Жамбыл облысының Құрметті азаматы Саттар Жанәбілов замандасының Парламенттің биік мінберінде елдің сөзін сөйлеген, халықтың мұңын билікке жеткізе білген батылдығын сөз етсе, қадірлі ақсақал Нәрен Сейдуалиев сөздің қасиетін білетін адам екеніне, ұлт қайраткерлері Қонаев пен Асқаровқа арашашы болған белсенділігіне назар аударды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қаламгердің шығармалары, мұралары мәңгілікке жасай беретінін айтса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов он шақты жылдай қоян-қолтық араласқанын, қимас жандар болғанын, Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық еске алуына да бірге барғандарын әңгімелеп, жазушыға арнаған өлеңін оқып берді. Ақын Үміт Битенова да ақын ағасына арнауын оқып, кешті ұйымдастырған қор басшылығына алғыс білдірді.
Басқосуда жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, облыстық «Aq jol» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз сөйлеп, өңірдің бас газетіне Арғынбай Бекбосынның бұйрығымен қабылданғанын, ғажайып редактор болған адамнан көп нәрсе үйренгенін, әсіресе тақырыпты ойнатып, түрлендіруі бөлекше болғанын жеткізді.
– Арғынбай ағамыздың кезінде «Aq jol» тек тіл мәселесін көтерген жоқ. Ауыл шаруашылығы, экономика, өндіріс сынды барлық тақырып жанданды. Ол кісі өзі тақырып беріп, журналистерді қамшылап, жақсы материал иесін ынталандырып отыратын. «Көп бала көгергенімізге жақсы» деген авторлық мақала ұйымдастырғаным үшін 15 рубль сыйақы алған едім. Шона Смаханұлы, Шерхан Мұртаза секілді ол да ұлттық мүддеге келгенде батыл болды, – деді ол.
Жиынға аудандардан да ат арылтып келген кісілер аз болмады. Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев, осы аудандағы қоғамдық кеңес төрағасы Серік Құралбай, Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемал Беспаев, байзақтық ақын Қасқырбай Нарбатыр, Т.Рысқұлов ауданындағы «Құлан жолдары» кәсіпорнының директоры Қонысбай Сағымбеков сөз сөйлеп, жазушыны толғана еске алды.
Осы шараның жоғары деңгейде өтуіне қаламгердің баласы Абай Бекбосынов та үлесін қосты. Жиын соңында қаламгердің рухына арналып құран бағышталды.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support