- Advertisement -

Жазықсыз жапа шеккен арыстарым-ай…

68

- Advertisement -

Мың өліп, мың тірілген қазақтың ел болып, еңсе тіктеу жолында көрген азабы, қайғы-қасіреті мен зобалаңы аз болған жоқ. Тарихқа үңілсек, халқымыздың саны әсіресе жоңғар шапқыншылығы мен 1931-1932 жылдардағы ашаршылық және қуғын-сүргін кездерінде ойсырай азайған екен. Қолдан жасалған ашаршылықтың кесірінен ұлтымыздың жартысынан айырылыппыз. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, ақтаңдақтар аршылып, ақиқат айтылып жатыр. Жазықсыз жапа шеккен, тағдыр тәлкегіне түсіп, өмірлері ойран болған аға ұрпақ туралы ойласаңыз, көңілің алағай да бұлағай болады. Бұл зобалаң аядай Құркүнгей (қазіргі Т.Рысқұлов ауданындағы Жаңатұрмыс ауылы) елді мекенін де айналып өткен жоқ.
Тараз қаласының тұрғындары жыл сайын 31 мамырда Ы.Сүлейменов көшесіндегі Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің алдына жиналып, гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп, қаралы митинг өткізеді. Облыстық сәулет, қала құрылысы мемлекеттік мекемесінде қызмет істеп жүрген кезде осындай жиындарға мен де бірнеше рет қатыстым. Мыстан құйылып, гранит тасқа ілінген, әлсіреп, азып-тозған, қолында көтерген кішкентай баласы бар Ана бейнесін көргенде көз алдыма Уайда апам айтқан әңгіме елестейтін. Қайғы-қасіретке толы сол оқиғалар ұзақ уақыт есімнен кетпей мұңға батыратын. Мұндай әңгімені мен 2007 жылы ғалым, ұстаз, белгілі балалар ақыны Әдібай Табылдиевтен де естідім. Бүгінде 40-тан астам кітабы жарық көрген Әдібай ағамыз Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген.
Бірде Әдібай ағамызбен әңгіме бәріміздің атамыз – Жарбол бабамыздың ашаршылық жылдары құрбан болған ұлдары мен қыздары туралы өрбіді. Ол Жарболдың ұлдары мен келіндерінің Құркүнгей деген жерде тіршілік еткендерін тілге тиек етті. Ірі қара және ұсақ малдары бар орта шаруалар екен. Шолақ белсенділер елімізде ұжымдастыру басталған кезде аталарымыз Сатыбалды, Таубалды, Айдеке, Әбдуәлі, Табылды және Айдаралының мал-мүлкін тәркілеп, өздерін абақтыға жабады. Сөйтіп, Құркүнгейде жүгері егіп, аң-құс аулап, мал өсіріп, адал еңбектерімен күн көріп жүрген атпал азаматтар, Жарболдың ұрпақтары бай-құлақтардың тізіміне ілініп, жазықсыз жазаланып кете барады.
Ашаршылық, шолақ белсенділердің жаптым жала, жақтым күйесі Жарбол балаларына оңай тиген жоқ. Абақтыдан азып-тозып келген оның алты ұлы мен келіндері – Ұлтуар мен Әнімай 1931-1934 жылдар аралығында қайтыс болды. Бұл адамзат басынан не кешірмеген? Әдібай ағаның жүзі күреңітіп, мұңға батып, күрсініп отырып айтқан шерлі сөздерін тыңдағанда жүрегің шаншып, көңілің құлазиды. Ашаршылықтан әбден қалжыраған қыстаудағылар аштан өлгендердің мәйіттерін жерлеуге шамалары келмеген. Қыста өлгендерді – қармен, жазда олардың денелерін дуалдарды құлатып жапқан. Аштықтан бір үйлі жан толық қырылып кеткен сұмдықтар да аз емес.
Апам Уайда еті тірі, қимылы ширақ және тығырықтан тез жол табатын жан болатын. Алапат зобалаңда төрт баласын аман алып қалғаны да осындай жақсы қасиеттерінің арқасында шығар… Апам ашаршылық кезінде қыстаудан жоғары орналасқан күнгейде жертөледе тұрып, беткейдегі бұлақтың суын жіңішке арық тартып, егіске бағыттап, жүгері еккен. Отбасын кәмелетке толмаған балалары Таңсықбай мен Сансызбай құстарды – тұзақпен, аңдарды қақпанмен аулап асыраған. Апам бізге мына бір оқиғаны егіле, көзіне жас ала отырып жиі айтатын. Сонда сол кездегі шолақ белсенділердің шектен шыққан оспадарсыздықтары, әпербақандықтары көз алдымызға елестеп, ашуымызды келтіріп, қанымызды қыздыратын.
Бір күні белсенділер Күнгейге келіп апамның 10-13 жасқа толған екі баласының кеуделерін тізелерімен басып, теріден құрап тіккен кеудешелерін шешіп алып кеткен. Солардың салған қиғылығы мен қысастықтары мұнымен де тынбаған. Біраз уақыттан кейін қайта келген ұрдажықтар қолдарындағы істік темір қазықтарымен үйдің маңын шұқып, тас ошақтың астындағы күлін түрткілеген. Жасырып қойған бір-екі уыс терген масақтарды да алып кеткен. Апам одан кейін төмен жақтан белсенділердің қарасы көріне бастағанда киіз күркедегі тұзақ, қақпан, жүгері және бидай масақтарын күрке жанындағы қорым тастың арасына жасырып қояды екен. Әлгі есерсоқтар кеткеннен кейін күн ұясына батқанда қолда барын пісіріп, балаларын әрең жеткізген. Апам осыларды айтқан кезде көздерінен жас сорғалап, өзгеше бір әлемге еніп кететін. Алла тағаланың нәсібі шығар, ол кісі 1966 жылы дүниеден озды.
Әдібай аға анасы Дәрденені өкіметтің қол шоқпарларының зәбірлегенін былайша еске алады. Бала Әдібай олардың қарасы көрінбей кеткен кезде үйінің жанындағы жотаға шығып, белсенділерге жұдырығын көрсетіп, бар даусымен айқайлап: «Әй, оңбағандар! Мен өсемін, сонда сендерге әлім келеді, көрсетемін» дейді екен. Ол осыны айтқан кезде көзі жасаурап, ұзақ уақыт үнсіз қалатын. Сол бір кездегі жетім бала Әдібай Табылдиев бүгінде тамырын тереңге жайған биік бәйтерек. Жасы 95-ке қараған қария – үлкен отбасының ұйытқысы, ел ағасы. Қазақстан Республикасы энциклопедиясының негізін қалаған ғалымдардың бірі.
Жарбол атаның ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен азап шеккен, шейіт кеткен ұлдарының жұбайлары Ұлтуар, Уайда, Дәрдене және немере бала-келіндері Айдархан, Аманбек, Таңсықбай, Сансызбай, Жақсыбай, Саракүл, Қатшакүл және Күлзада ата-баба қорымында – Қаратөбеде жерленген. Қанша азап пен мехнатты бастан кешірсе де олардан біраз ұрпақ қалды. «Орнында бар оңалар». Олардың барлығы бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Араларында зейнетке шыққан азаматтар да бар. Атамыздың ұрпақтары – Күнтубай, Жетпісбай, Оңдасын, Орынжан, Болатбек, Болысбек, Думан, Сәулебай, Айдос, Ербол, Ержан, Ердос, Нұржан, Рысбек және Бауыржан бұрын қыстауда жерленген аталарымыздың сүйектері жатқан жерден топырақ әкеліп, 2016 жылы Қаратөбе бейітінің жанына қызыл граниттен ескерткіш орнаттық. Оған қашап, аталарымыздың және апаларымыздың аттарын жаздық.
31 мамырда Жарбол баба ұрпақтары жиналып. Жаңатұрмыс ауылында аталарымыз бен апаларымызға арнап ас бердік, Құран бағыштадық. «Өлі риза болмай, тірі байымайды. Әруақ сыйлаған азбайды». Мұның өзі жаңатұрмыстықтар үшін өнегелі де сауапты іс болды. 2016 жылдан бері жыл сайын 31 мамыр күні ауылдағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің оқушылары ескерткішке келіп гүл шоқтарын кояды және тағзым етіп, еске алу рәсімін өткізеді.

Күнтубай ТАҢСЫҚБАЕВ,
облыстық көпсалалы халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік мекемесінің ардагері, Құрметті құрылысшы, архитектор, зейнеткер.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support