- Advertisement -

Кененнің әні – қазақтың жаны

88

- Advertisement -

Республикалық «Шырқа, даусым!» байқауы мәресіне жетті

«Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де»,-деген сөз өз маңызын жоймақ емес. Жоймайды да. Боз жусаны аңқыған боз далада туған Кененнің әні – қазақтың жаны. Тап солай. Сартап жазирадай кең дауыс, жүректі селт еткізетін, елжірететін иірім-қайырым да ән-мен жырдың кеніне айналған Кененнің мұрасынан байқалады. Жан тебіренеді, ризашылық сезімге бөлене түсесің. Алатаудың ақиығы атанған, Хан-Тәңіріндей биік тұлғаның қазақ барда өлмейтін шығармалары лайықты түрде насихатталып келеді. Соның бірі – дәстүрлі әншілердің «Шырқа, даусым!» атты республикалық байқауы. Әуелде, дода бастау алған шақта дала дарабозының екі-үш әні ғана айтылып жүретін өнер бәсекесінің ауқымы жыл өткен сайын кеңіп, мазмұны да, қатысушылардың таңдауы да, талғамы да арта түскені жүрекке медет қой.

Баласағұн орталық концерт залында өткен тоғызыншы «Шырқа, даусым!» дәстүрлі әншілер байқауына еліміздің әр қиырымен қоса Өзбекстан, Қытай елдерінен қатысушылардың келуі әуелде республикалық деп аталған сайыстың деңгейін халықаралық ауқымға арттырып жібергендей болды. Несі бар, өзге елдің жұпар ауасын жұтып жүрген қазақтың қыз-жігіттері туған топырағында өнер көрсеткені нұр үстіне нұр емес пе?
Дәстүрлі әншілердің дәстүрге айналған додасы әдеттегідей баспасөз мәслихатымен басталды. Алдымен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз алып, Алаш ардақтысы атындағы доданың аясы кеңейіп келе жатқанын жан-жақты сөз етсе, бұдан соң мәдениет саласының ардагері Әлібек Әмзеев өз ойын ортаға салды. Кейіннен Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан ағамыз пікірін білдіріп, осы өнер сайысын тұрақты түрде ұйымдастырып келе жатқан азаматтарға алғысын айтты, жүрекжарды лебізін жеткізді. Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық музейде Кенен Әзірбаев атындағы көрме ашылып, оған жетпістен астам экспонат қойылғанын тілге тиек етті. Соңыра Төрткен Кененқызы сөз сөйлеп, әкесінің атындағы бұл шараның жастарға берер тағылымы мол екеніне тоқталды. Осылайша баспасөз өкілдеріне арналған мәслихат аяқталды.
Бұдан соң өнер аламаны басталып кетті. Әншілер микрофонсыз сынға түсті. Осылайша өздерінің мүмкіндіктерін молынан ашып көрсетуге тырысты. Отыз үш үміткер алдымен бірінші кезеңде Кененнің әндерін бебеулетті. Әрине, әр қатысушының өз ерекшелігі бар екені сөзсіз. Оған таласымыз жоқ. Дауысының кеңдігі кейбір үміткердің басқа бір кемдігін жасырып жіберуі де ықтимал. Ол жағы осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға ғана мәлім. Дегенмен Өзбекстан Республикасынан келген Бек Нұриддинұлы «Сынаптай сырғақ дүние», «Шырқа, даусым!», «Бал құйылды даладан» секілді әндерді шарықтата шырқағанда жүректі қозғап жібергені рас. Сондай-ақ Алматы облысының үмітін арқалаған Сәуле Жұмабайқызының нәзік те сырға толы ғажайып үні құлаққа жағымды естілді. Домбырада да, жетігенде де аса шеберлікпен ойнаған оның орындауындағы әндер көпшіліктің көңілінен шыққаны анық. Қытай халық республикасынан келген Мәнура Таңнұрдың даусынан елге деген сағыныштың табы аңғарылатындай. «Көпшілік тыңда, әнімді», «Еңбекші елім» секілді туындыларды жетер жеріне жеткізе орындаған қандасымыздың шеберлігіне риза болмай көр. Облысымыздың атынан бақ сынаған Мадияр Шалабаевтың үні де жанды жадыратты. Қытай халық республикасынан келген тағы бір қандасымыз Сымбат Елтоқтың да салған әні жан-тәніңді ерте көктемнің самалындай сипайды.
Иә, бірінші кезеңде өнер сайысын қыздырған отыз үш өнерпаздың дені жоғары деңгейде өз мүмкіндіктерін көрсеткен сияқты. Содан да болса керек, қазылар алқасы екінші кезеңге жолдама алатын он бес үздікті терең ойланып барып таңдағандай көрінді. Кіл мықтыда кім мықтыны айқындау оңай емес.
Екінші кезеңге шыққандар жеребе арқылы Кенен Әзірбаевтың бір әнін шырқады. Бірінші айналымда шырқаған әндері қолына түскендер қайтадан таңдау жасауға мәжбүр болып жатты. Екінші айналымда да ғажап әндермен құлақ құрышын қандырған көрермендер ұлттық өнердің бұлағынан шөлін қандырғаны анық. Оны біз әнсүйер қауымның жанарынан да аңғардық.
Мұнда да қатысушылар үш әннен орындады. Дегенмен біз жеребеде түскен шығармаларды айтып өткенді мақұл көріп отырмыз. Қызылорда облысынан келген Бейсенбек Төлеубаев «Жас екпінді» нақышына келтіре бебеулеткенде жан рахатына бөленсек, алматылық Сәуле Жұмабайқызы «Бұлбұлғаны», кентаулық Қуанбек Ербол «Көкшолақты», алматылық Айдана Асанбаева «Бозторғайды», Қытайдан келген Сымбат Елтоқ «Алатау алабынданы» жүректерге жеткізе орындағанда жұртшылық қошеметін аямады.
Финалдық кезең аяқталғаннан кейінгі үзілісте залға жиналған көрермен қауым Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Алатаудың ақиығы» атты деректі фильмді тамашалады. Мазмұны терең туынды алаш ардақтысының тағдыр-тәлейін кеңінен қамтығаны қуантты.
Ала таңнан басталған өнер аламаны қас қарайған шақта мәресіне жетті-ау. Қазылар алқасы үздіктерді анықтап, тиісінше марапаттады. Алдымен финалға өтпеген қатысушылар 30 мың теңге сыйақы және Алғыс хатқа ие болса, конкурс дипломанттарына 50 мың теңге көлемінде сыйақы ұсынылды. Олардың қатарында тараздық Айгүл Есекеева да бар.
Қазылар алқасының шешімімен үшінші орын Қытай халық республикасынан келген ғажап әншілер Сымбат Елтоқ пен Манура Таңнұрға бұйырғанына риза болыстық. Аттары аталған жүлдегерлерге 150 мың теңгенің сертификаты табысталды. Жүлделі екінші орын Қарағанды облысынан келген талант Алуа Қалымбекова мен қызылордалық Бейсенбай Төлеубаевтың еншісінде кетті. Екеуіне де 200 мың теңгелік сыйлық тапсырылды. Бірінші орын биігінен облысымыздың үкілі үміті Мадияр Шалабаев пен түркістандық Балжан Талғат көрінді. Олар 300 мың теңге сыйақыны иеленді. Бас жүлде мен 500 мың теңгенің сертификаты Алматы облысынан келген Сәуле Жұмабайқызыны берілді. Сәуле бұл күні шынында да жарқырады.
«Мен бұл байқауға бірнеше рет қатысқанмын. Тағы да бақ сынауға келдім. Кенен атамыздың әндері – қазақтың ғажап қазынасы. Оны бәріміз жақсы білеміз. Боз даланың исі сіңген туындылар әрбір жүректің емі. Ұлттық өнердің туын көтерген қатысушылардың барлығы да жоғары деңгейде өнер көрсеткені сөзсіз. Ең батысы алаштың асыл мұрасы кеңінен насихатталды деп ойлаймын. Төл өнерімізді дәріптеуде белсенділік танытқан әрбір азаматқа деген алғысым ұшан-теңіз. Менің бір арманым – осы өнер сайсында топ жару. Сол мақсатыма қол жеткіздім. Ризамын», – дейді байқаудың бас жүлде иегері Сәуле Жұмабайқызы ағынан жарылып.
Иә, бұл күні ешкім ұтылған жоқ. Өйткені ән мен жырдың кеніне айналған алып тұлғаның есімі ұлықталып, шығармалары шарықтады. Қатысушылар қазақтың әнін болмысымызға сай орындап, жүректерге жеткізді. Ең бастысы да сол.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support