- Advertisement -

Тас қаладағы жас бала

49

- Advertisement -

Тас қаланың күйбең өмірін қайтерсің. Ол жақта аяқты алшаң басып, арқаны кеңге салып жүретін сәт қайдан тусын. Бәрінің қай жақтан келе жатқаны да, қайда асығып бара жатқаны да белгісіз. Күйкі тірліктің еңсені басқан зіл батпан жүгін көтере, құнжыңдап жүрген жұрт, әйтеуір. Сонадайдан айқайлап әр қаланың атын атап, саудаласып тұрған көлік жүргізушісінің даусы естілді. Ол жақтың қызу тіршілігі бір басылмайды-ау.
Біз тұратын пәтер тура автобекеттің іргесінде. Содан да шығар, бұл маңның күні-түні айқай-шуы үзілген емес. Әйтеуір жалға алған баспанамыздың жаңа тұрғын үй кешенінде екені мұндай жақсы болар ма?! Бірақ…
Шешесі қолынан жұлқи тартып сүйрелеп, алға қарай ентелей басқан әйелді қарсы алдыма келгенде бір-ақ аңғардым. Түсінің суықтығынан ба, жүзіне көз тоқтатып көп қарай алмадым. Жанарымды тайдырып, анасының алқын-жұлқын жүрісіне ілесе алмай, қайта-қайта сүріне берген балаға қарадым. Бес жас шамасындағы кішкентай бүлдіршін. «Мама, қарным ашты» деп анасына шағымын айтып келеді.
Оның мұң торлаған жанарына қарадым да, кешегі өзімнің бес жасар шағымды есіме алдым.
Менің балалық шағым бақытты сәттерге толы болды. Күн ұзақ көшеге шығып асыр сап ойнайтын кезімізде қарнымыздың ашқанын да байқамаушы едік. Бәріміздің анамыз келіп асқа шақырғанда еркелікке басып, әзер тарқайтынбыз. Сонда ғой достарыммен бірге «Мен дәрігер боламын», «Мен ғарышкер болам» деп жатып кеп таласатынбыз, айтысатынымыз. Сонда ғой бір досыма…

* * *
– Девушка, ақша берші, Таразға баратын едім.
Өткен күннің елесіне шомып, жанынан өте берген мені әлгі әйел жеңімнен тартып тоқтатты. Ойымды бөлгеніне ызаландым ба, әлде әлгі әйелден шыққан «ащы судың» иісінен жиіркендім бе, кім білсін, оған ызғарлы көқараспен қарадым. Ол өз жағдайын айтып, жалына бастады. Мен қайта қарны аш балдырғанның жүзіне қарадым.
Сонда әлгі баланың тұңғиық жанарынан нені оқыдым, білесіз бе? Ол өзінің осындай жағдайына өкпелі екенін айтты. Біреудің анасы бар, ал біреудің жетімек атанып зар илеп жүргенін жеткізгісі келетін секілді. Сана тұманданған мынау кезеңде туғанына налитын сияқты. «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» болушы еді, енді ананың көңілі басқаға ауған заманға ренжулі.
Балдырған балалық шақта өзгелер жұмсақ топырақта аунап ойнаса, ол қаланың қатал тас жолында жылап тұр. Мен де армандаймын дейді. Ол да ғарышкер болғысы келеді.
Мен іштей құлазыдым. Әр адам – өз өмірінің суретшісі. Тауды салып өрмелесең де, құзды салып құласаң да өз еркіңде. Өз-өзіме күбірлеп сұрақ қойдым. Әлгі періште сәбидің қандай кінәсі бар еді? Бірақ иығына ілгенінің иіні тозып, қарны ашса да, шешесі араққа сылқия тойып алса да, соның қолынан айырылғысы келмейді. Тумай жатып, не жазып қойды екен?!
Қоғам азған деп көлгірситін бақытсыздар көп қой қазір. Өз тағдырын өздері құрдымға құлатқандар қоғамға не үшін ренжиді?!

* * *
…Сонда мен досыма журналист боламын дегем.
Ал сенің кім болғың келеді ?
Оның жылағанына қарамай, сүйрелеген сүйкімсіз әйел әрі қарай кетті…

Жадыра МЫРЗАБАЙ,
ХАТУ-дың
1-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support