- Advertisement -

Банктер бағдарлама аясында қызмет көрсетуге әзір

31

- Advertisement -

Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа арнаған Үндеуінде, «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» туралы мәселе бірінші кезекке қойылған еді. Осыған сәйкес 2018 жылдың 31 мамырында «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының қаулысымен бекітілген-ді. Бүгінде Ұлттық банк бағдарлама шеңберінде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен көмек немесе әлеуметтік қолдау ретінде тұрғын үй сертификаттарын беру шарттары мен тәртібі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде зерделенуде. Ол қабылданатын болса әлеуметтік топтағы ел тұрғындарына үлкен көмек болғалы тұр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев айтып өтті.
Оның айтуынша, бағдарлама жарияланған сәттен бастап облыста 12 адам пәтерлі болыпты. Ал 50 азаматтың өтініші қаралу үстінде. Олар да жақын күндері бағдарлама аясында пәтерлі болады деген үмітте. Жалпы бағдарлама шеңберінде тұрғын үй алғысы келетіндердің қатары көп секілді. Оны коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алуға кезекте тұрған азаматтар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткен. Сауалнамаға қатысқандардың 2700-і бағдарлама аясында пәтер алуға қарсы емеспіз десе, жер теліміне кезекке тұрғандар арасынан 3400 адам бағдарламамен үй алуға ықылас танытқан. Қазір олардың тізімдері нақтылануда. Бірақ бұл жерде айта кетерлігі, екінші деңгейлі банктер бірінші кезекте өтінім берген азаматтың несие тарихын зерделейді. Содан кейін оның төлем қабілетін анықтап барып шешім шығаратындығын тұрғындардың есіне салғымыз келеді.
Ал әлеуметтік топтағы азаматтар өтінім берген жағдайда, ол тұрғын үй сертификатының мөлшерлі кепілдікті қамтамасыз ету құнының бастапқы жарнасының 50 пайызын жабуды ескере отырып айқындалады. Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесі жергілікті өкілетті органдардың (мәслихаттардың) шешімдерімен бекітілетін көрінеді. Тізбе міндетті түрде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және жергілікті полиция қызметі саласында алушылар санатын қамтуы тиіс.
Бағдарлама аясында тұрғын үй сертификаттарын облыста енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың қадағалауымен бекітіліп, жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының құрамына облыстық басқарма басшылары, банк өкілдері және аудан әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарлары енгізіліпті.
Одан кейін басқарманың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ағабек Мырзабеков бағдарлама аясында жұмыс істеуге ниетті екінші деңгейлі банктер туралы баян етті. Оның айтуынша, бүгінге дейін пәтерлі болған 12 азаматтың өтініштерін мақұлдап, қаржылай қолдау көрсеткен «Центр кредит банкі» екен. Енді бағдарлама аясында облыстағы екінші деңгейлі «Еуразиялық банк», «АТФ банк», «Халық банкі», «Цесна банк», «Форте банк» және «Сбер банк» жұмыс істеуге әзір көрінеді.
Баяндамашылар бағдарламамен «Арай» шағын ауданында 90 пәтер, 15-шағын ауданда 272 пәтерді сату көзделіп отырғанын айтты. Одан бөлек, биыл 10 көпқабатты тұрғын үй салынып, оның 50 пайызын «7-20-25» бағдарламасымен сату жоспарланған. Сондықтан да пәтерлі болғысы келетін азаматтардың өтінім беруге асыққандары абзал.
Басқосу соңында журналистердің қойған сұрақтарына тиісінше жауаптар қайтарылды.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support