Гуайдо Венесуэлада төтенше жағдай тәртібін енгізуді ұсынды

Венесуэла оппозициясының лидері Хуан Гуайдо елдегі электр қуатынан жаппай ажыратуға байланысты парламентті төтенше жағдай жариялауға шақырды. Гуайдо елдегі жағдайды «апатқа» теңеді. Ол төтенше жағдай жариялау үшінші елдерден жәрдем сұрауға мүмкіндік береді деп санайды. Венесуэла парламенті Гуайдоның ұсынысын жақын уақытта қарайтынын хабарлады.

Өткен аптаның соңында Венесуэланың 20-дан астам штаты және ел астанасы Каракас электр жүйесіндегі ақау салдарынан жарықсыз қалды. Электр қуатынан ажыраған ауруханалардың бірінде 15 бала көз жұмды. Венесуэла билігі мұны «диверсия» деп атап, АҚШ-ты айыптады. Сарапшылардың пікірінше, энергетика саласына көп жыл бойы қаржының жеткілікті бөлінеуі дағдарысқа алып келген.

Венесуэла қорғаныс министрлігі электрмен қамтамасыз ететін стратегиялық нысандарға күзет қойып, электр желілерін видеобақылау жүйесі енгізілгенін хабарлады.

Венесуэлада саяси және экономикалық дағдарыс қалыптасып отыр. 2018 жылы елдегі инфляция көрсеткіші миллион пайыздан асып кетті. Биыл қаңтарда Венесуэла оппозициясының лидері Хуан Гуайдо өзін елдің уақытша президентімін деп жариялап, мерзімінен бұрын тәуелсіз сайлау өткізу туралы бастама көтерді. Гуайдоны АҚШ, Латын Америкасы мен Еуропа одағы елдерінің көбі қолдады. Ресей, Куба, Қытай және Мексика Мадуросты Венесуэланың заңды президенті деп санайды.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Comments are closed.

микро займ на карту