- Advertisement -

Таңғы елес

89

- Advertisement -

(Әңгіме-элегия)

Таңғы алагеуімде Ақшолақтың аялдамасына бір автобус келіп тоқтап, ішінен үш жолаушы түсті. Соның бірі – жас қыз Сәнімкүл қол жүгін ала бергені сол еді, сыртынан көлденең біреу келіп килікті.
– Өй, сен қайдан жүрсің? – деді ол бұрыла бере таңырқап.
– Кеше ауылға қайтамын деп өзің айтып едің ғой! – деді Рәш. – Осындағы бір туысымның үйіне түнеп шығып, сенің жолынды тостым.
Сәнімкүлдің ауылы тау етегіндегі Сөгеті деген жерде, екі-үш шақырым қашықта. Екеуі жалғыз сүрлеу жолмен соған бет алды. Қарсы алдынан лебі есіп тұрған тау самалы жанға рахат, бой сергітіп барады. Мақпалдың сылқым сұлу түні-ай десейші! Көк жүзіне бейнебір жақұт шашып қойғандай. Жымың қаққан жұлдыздар өзара ымдасып тілдескендей ме? Ай етекке құлаған, солғын тартып бозарып, ажары тайып бара жатқандай мұңлы күйде. Біраз үнсіздіктен соң тыныштықты Сәнімкүл өзі бұзды.
– Осылай жүре берсек не болар еді?
– Не болушы еді.Таң атады, төңірек түгел оянады. Ал біз ауылға жетеміз.
Енді қыз еркелікпен жігітке жақындап:
– Ал сен мені тағы біреудің күтіп тұрғанын білемісің? – деді ұрлана жымиып.
Рәш күдіктене жан-жағына көз салып еді. Ешкімді таппады. Қыз сықылықтап күліп жіберді.
– Ол әнеки. Шолпан жұлдыздың сіңлісіндей болып қасында тұр ғой. Міне, сол менің жұлдызым, жалғыз сырласым болып келген. Ал сенің белгілеп алған өз жұлдызың бар ма?
– Менің жұлдызым мінеки қасымда келеді. Ол сен ғой! – деді жігіт әлденеге жүрегі алып-ұшып.
Қыз үнсіз төмен қарады. Іштей құп алған сияқты.
Таң қараңғылығы біртіндеп жұқарып, төңірек ашыла бастады. Алдымен Мақпал тауының қар басқан ақбас шыңдары көрінді. Одан соң Дегерездің дүңкиген доғал басы жалаңаштанып, өзі аттап басып бері жақындай түскендей болды. Осы сәтте Рәш алғаш рет өзінің сүйіктісіне көз салып еді. Сиқырлы күйге бөленді. Мұның алдында таң шапағына шомылған сұлулықтың Тәңірісі-аққудың көгілдіріндей нәп-нәзік жан тұрды. Нәркес көздерін қалың кірпіктері көлеңкелеп алған. Қыздың аппақ жүзіне сұқтана қараған жігіт: «Кідіре тұршы, ғажайып!», – деді күбірлей сөйлеп. Оның өз қиялында армандап, әлдилеп жүрген сұлуы осы еді. Біразға дейін тілі байланып үнсіз қалды.
– Жұлдыздардың өмірі де адамға ұқсас, әрқалай болады екен-ау! – деп қыз өз ойын жалғай түсті. – Біреуі ерте туып, аспан төрінде ұзақ жанып тұрады да, енді біреулері жарқырап барып, тез сөнеді екен.
– Кім білсін? Бәлкім олардың сөніп-жануының адам тағдырына қатысы жоқ та шығар, – деді жігіт самарқау ғана. Оның ойы дәл қазір тіл ұшына кеп қалған жалғыз шумақ өлеңде еді.
Жанымның жарық жұлдызы,
Шуағын төккен сәулемсің.
Өмірдің сәні, қызығы,
Шаттығым сенсің, дәуренсің.
Дауыстап айтуға қыздан қымсынып, ұрлана күбірлеп келе жатыр еді. Қыз сезіп қап:
– Не дейсің, не деп келе жатырсың сен? – деп қадалып сұрап, еркіне қоймады. Жігіт енді батылдана түсіп, әлгі шумақты қайталап еді.
– Қарай көр өзін. Ақын екенсің ғой! – деді қыз тамсанып. Оның қып-қызыл еріндері сәби күлкісімен сәл діріл қағып тұрды.
– Жоқ, ақын емеспін. Дәл қазір ақын етіп тұрған мына сенсің. Бұрын беймәлім болып келген сөздер өз-өзінен аузыма орала берді.
Жігіт ойындағысын қатты толқып, асығып айтты. Жүрегі атқақтап аузына тығылғандай. Қыздың алдында өзі бұрын-соңды бүйтіп сыр төгіп, ашылып көрмеген еді. Енді бұлар әрқайсысы ішкі толқынысымен өзді-өзі арпалысып, үнсіз келе жатты.
Таң ағарып атқан екен. Бұл бір көктемнің әбден толысып тұрған балбұл шағы еді. Мал төлдеп, жер көгеріп, құс ұя салған кез. Ауылдың тыныс-тіршілігі. Мал қайырған малшының, бір-біріне ұласа үрген иттердің даусы, маңыраған қозы-лақтың үні қосылып құлаққа жетеді. Бақса бұлар енді ауыл шетіне де келіп қалған екен. Екеуі бір-бірін қимай ұзақ тұрды да, келер күндері кездеспек боп уәделесті.
Жаз айларының бірінде екеуі де Алматыдағы оқуын бітіріп, елге қайтты. Екеуінің де көкірегі ояу, басы бос, махаббатқа мас болған тәтті күндері зулап өтіп жатты. Ыстық ықыласы мен көңіл құштарлығы суымаған, кірбің шалмаған шуақты күндері мен түндері екеуін енді бір-бірінсіз тұра алмайтындай ынтық етті. Рәш Сәнімкүлді әлдеқалай біраз күн көрмей қалса, сағынатын болды.
Көңілімнің қуанышы сәулем едің,
Мен сені ғашығым деп іздеп едім, – деп қалатын сыбырлай әндетіп.
Көп ұзамай бұлар ата-анасының батасын алып, отау тікті. Жұрт қатарлы біраз жыл бақытты өмір сүрді. Небір думанды күндері мен түндері өтіп жатты. Дүниеге екі ұл мен қыз келді. Көктемнің жас өскіндері сияқты олар да күн санап жетілді. Екеуінің төңірегіне жұрт үйіріліп, қызметінде абырой-беделі өсіп, сыйлы болды. Ағайын-туғандарын қамқорлыққа алды. Бірақ… бірақ өмір күнде той емес. Күлдіріп тұрып жылатып, көтеріп жүріп құлатып тастайтын кездер болады. Қайбір кездерде тіпті беліңді бүгіп, қабырғаңды қаусатып кететіні де бар. Мінеки, сүттей ұйып отырған бақытты отбасына да кенеттен қасірет келіп жетті. Кішкентай қызы Гүлнәрі күтпеген жерден ауыр дертке шалдығып, төсек тартып жатып қалды. Шарқ ұрып емдетпеген жері жоқ. Алыс-жақын шетелдің емдеу орталықтарында да болып қайтты. Дерттің беті бері қарамады. Айларға, жылдарға созылған бұл қасірет екеуінің жігерін жасытып, күдер үздіріп барады. Әсіресе бұл күй анасы Сәнімкүлдің жүрегіне ауыр тиіп, меңдей түсті. Қаншама көндігейін, шыдайын десе де көз алдындағы бала күйігі өзінің түпсіз тұңғиығына қарай тарта берді, айықпас шер-мұңға батырды.
Осындай күндердің бірінде, оңаша тыныштықта Сәнімкүл сыр ашты. Кешкі батар күннің қызыл жалқын шапағына қарап отырып тіл қатты.
– Білемісің Рәш. Осы бірнеше түн болды. Менің таң алдында сырласатын жұлдызым көрінбей кетті, – деді.
Рәш сәл ойланып барып:
– Аспанда жұлдыздар мезгіл-мезгіл орын ауыстырып көшіп жүреді. Кім білсін сенің жұлдызың сонау көп шоғыр жұлдыздардың ішінен саған сығалап қарап тұрған болар?! – деп еді. Сәнімкүл бұл сөзге сенер-сенбесін білмей екі ұдай жағдайда үнсіз қалды.
Бір күні ол:
– Түс көрдім.Түсімде әлгі менің жұлдызым маған көктен ымдап шақырып тіл қатты. Кел мұнда, менің қасыма кел. Екеуміз бірге болайық, – дейді. О, несі екен?
– Жә, не болса соған мән бере бермеші. «Түс түлкінің…» деген…
Бірер ай өтті. Жағдай қиындамаса, өзгере қойған жоқ. Әлденеге мазасызданып, Сәнімкүл дәрігерге қаралып жүрді. Рәшке білдірмейін деп оның көзінше көңілді болуға тырысады. Ол жоқта қалың кірпіктері көлеңкелеп тұрған қара көздерін мұң шала беретінді шығарды. Балаларынан да жасырады. Үнемі күйзелісте ойы тұманытып, қабағы ашылмайтын болды.
Бір күні таң бозында ол Рәшті оятып алды. Аппақ жүзі қан-сөлсіз сұрланып кеткен. Айтарын бірден бастап кетті:
– Рәш жаным, бері қара. Айтпасыма амалым жоқ. Ішімді жегідей жеп барады. Енді кідірсем, кешігемін. Шошыма тек. Бекем бол. Мен айықпас дерттімін. Бұл дүниеде енді көп тұрмаспын. Осылай боларын біліп жүрдім. Қайтейін. Дәрігерлер шамасы келмейтінін айтты. Сәл кідіріп, демін ішіне тарта күрсініп, әрі жалғады.
– Ішімдегі бар арманым мына мүгедек қыз Гүлнәрім артымда қалып барады. Өзге балалар сау, күнін көрер. Сен осы балапаныңды қор қылмай өсір, өмірден жыламай өтсін. Саған айтар үлкен аманатым осы, – деп барып тоқтады.
Рәштің үрейі ұшып кетті.
– Жо-жоқ. Олай деме. Сен әлі емделесің, жазылып кетесің. Ой, Тәңір-ай! Бұл не деген сұмдық. Не жазып ем сонша, – деп есі шықты.
Сәнімкүл үн қатқан жоқ. Тұнжырап тұрған далаға жүзін бұрып, сазарып отырып қалды. Бір сәт қарақат көзі Рәштің назарымен түйісе қалып еді, кірпігінен жалғыз тамшы діріл қағып үзіліп түсті.
Қасіретті күндер өтіп жатты. Ауру меңдеген Сәнімкүл сөніп бара жатқан май шамдай күннен-күнге әлсірей берді. Қасында жанын шүберекке түйіп, шарасыз өзіне төніп отырған Рәшке әлсіз жалынышпен қарап, соңғы рет бір күрсінді де үзіліп жүре берді.
Рақыштың көз алдында дүние төңкеріліп, аспан қақ айырылып, қара түнек басты. Есінен тана боздап жіберді. Жан азабы зар кештірді. Бір сәт тынбай сөйлеп жоқтап:
– Әттең, дүние-ай! Неткен тар едің. Аясаң болмас па еді! Не жазып ем?! – дейді.
Тау жақтан ызғырық жел есті. Дала демін ішіне тартып күрсінгендей ме? Аспан түнеріп тұр. Ауыл шетінен иттің тынбай ұлыған азалы үні естіледі. Қаралы топ жерлеп қайтты. Олар тарқаған соң көкірегі қарс айырылды. Бұдан соңғы күндері де өкініш өрті толастаған жоқ. Бірер күннен соң жетісін беріп, құран оқытып барып тыншиын деді. Бірақ іші қан жылап тұрып, азап шеккен еді.
Рәш Сәнімкүлдің басына күнәра барып тұрады.Үнемі егіліп жылап қайтады. Енді бірде кәдімгі тірі кездегісіндей тілдесіп, көріп жүрген қиындығын айтады, әсіресе мүгедек қызының жайын айтқанда солқылдап жылап, сыз тартқан моланы бауырлап етпеттеп жатып алады. Бір күні оқыстан пайда болған жарық сәуле құлпытас бетіндегі суретті кенет жарқыратып, ап-анық етіп көрсеткен. Сонда суреттен қараған Сәнімкүлдің мұңлы көзі сәл ғана сығырайып ашылып, бұған қарағандай болады. Содан бір күндері таң алдында Сәнімкүл мұның түсіне кірді. Аппақ ақ жамылғысы бар, кәдімгі тірі кезіндегідей үйге кеп тіл қатып тұр:
– Сендер қызың екеуің мені өлді деп жылай бересіңдер. Міне, мен тірімін ғой, келіп тұрмын ғой! – дейді. – Жылағанды енді қойыңдар!
Рәштің есі кіресілі-шығасылы. Не болып жатқанын ажырата алмай дал. Сөйткенше болған жоқ. Сәнімкүл ұйықтап жатқан қызының маңдайынан бірер рет иіскеп, біртіндеп шегіне бере таңғы тұнық аспанға қарай қанат қағып, ұзап бара жатты. Рәш шошып оянды. Жүрегі қарс айырылып: «Тоқтай тұршы!» – деуге үлгере алмай қалды.Содан соң егіліп тұрып:
– Сәнімкүлім, Сағынышым, Сағым гүлім! Өмірімнің соңғы қас-қағым сәті туса да көз алдымда сен тұрарсың, асыл жарым! – деді де жылап отыра кетті. Осы кез ауыз үйдегі радиодан шыққан әлдебір әуен:
Таңғы елес, таңғы елес,
Бұл дүниеде ештеңе де мәңгі емес! – деп қайталап тұрды.


Рақым САДЫҚБЕКОВ.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support