- Advertisement -

Сен – өлеңсің!

60

- Advertisement -

Күнә таппай қарақаттай көзіңнен,
Кірпігіңде періштелер көз ілген.
Ғалам сенің пәк күлкіңнен садаға,
Мен әлемді төмен қоям өзіңнен.

Жанарыңнан жауап іздеп қылықтым,
Қабағыңнан жасырынған сыр ұқтым.
Көңіліңде бүршік атып көрікті ой,
Ерініңде дірілдейді тұнық мұң.

Өзіңді ойлап өзеурейді күндерім,
Алмасады бірде шаттық, бірде мұң.
Сені сүю – қателігім болса егер,
Өкінбейтін қателігім бұл менің.

Айықтырып көңілдегі дертімнен,
Бір бөлек күй баурайды тыс еркімнен.
Жерде гүл де, көкте күн де сескенген,
Сенің, қалқам, шуақ шашқан көркіңнен.

Дидарыңда ай шалқыған, күн күлген,
Ғалам кезген ғажап күлкің түн түрген.
Сен өмірсің өлшеуі жоқ мен үшін,
Ал өмірді айтшы, сүймеу мүмкін бе?!

Көңілімнің құйқылжыған сазынан,
Жүрегім бұл сен деп салар нәзік ән.
Сен өлеңсің сезімімнен гүлдеген,
Қабірімнің көк тасына жазылар.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support