Үш жасөспірім топ жарды

Өскемен қала­сында бокстан 2003-2004 жылдары туған жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Бір аптаға созылған аламанға еліміздің барлық өңірлерінен кіл мықтылар қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Жарысқа біздің облыстан 14 спортшы қатысты.
Қазақстан бірін­шілігінде жамбылдық жасөспірімдер ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алды. Үш салмақ дәрежесінде оғландарымыз алтын жүлде иегері атанды. 52 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен Ильгар Салахов шаршы алаңда жасындай жарқырап, өзінің шын мықты екенін дәлелдеп, алтын жүлдені мойнына ілсе, 66 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Сұлтан Бабаханов та қарсылас шақ келтірмей, жеңіске жетті. Сондай-ақ +80 килограмм салмақта жұдырықтасқан Болашақ Мейрам да топ жарды.
Жалпы, Өскеменде керілген шаршы алаңда жамбылдық өзге боксшылар да жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Нақтырақ айтсақ, 54 килограмм салмақта шаршы алаңға көтерілген Елнұр Сүйінбай, 57 килограмм салмақтағы Айдәулет Самақ, +80 килограмм салмақ дәрежесіндегі Альмири Анарбековке күміс жүлде бұйырды. 44 килограмм салмақта жарысқа қатысқан Бекзат Пірәлі, 50 килограмдағы Ислам Махашев, 75 килограмм салмақтағы Азамат Асылбекұлы үздік үштікті қорытындылады. Біріншіліктің «Үздік боксшысы» болып Сұлтан Бабаханов танылса, «Үздік бапкер» аталымы облыстың аға жаттық­тырушысы Ержан Жарқынбековке бұйырғанын айта кеткен жөн.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.