- Advertisement -

Жел айтар тыңда, көненің сөзін, Бұғынған құмға, тарихтың өзін

207

- Advertisement -

Мәлібектің Сәті

АТА ЗАҢЫМ – АРЫМ

Қорғап жүрер кием,
Ата Заңым – ием.
Отанымның көзі,
Алдыңда бас ием.

Жанға айтқызбас зарын,
Ата Заңым – арым.
Туған елім менің,
Мұрат, байлық, барым.

Басымдағы бағым,
Ата Заңым – тағым.
Халқым тұрса аман,
Болмас менде шағым.

ТУЫМДЫ СҮЙЕМІН

Қарасам туға,
Аспанның өзі.
Түсі ұқсас суға,
Тіршілік көзі.

Шапағын шашып,
Күнім тұр алтын.
Шаттанам тасып,
Ырысты халқым.

Еркін де азат,
Күн сүйген қыран.
Самғауы ғажап,
Бақ көріп тұрам.

Оюлы өрнек,
Қазақы нышан.
Жеткенбіз терлеп,
Бақытты құшам.

Қаратқан көкке,
Құдірет кием.
Тізерлеп, сөкпе,
Етегін сүйем.

ЕЛТАҢБАМ

Елтаңбам нұрдан,
Көгінде аспан.
Шаңырақ тұрған,
Тұтас бір дастан.

Ықпайтын зордан,
Сәйгүлік тұлпар.
Қанаты арман,
Өмірге іңкәр.

Сүйінер досым,
Жұлдызым биік.
Сөгер жоқ хошым,
Қас тұрса күйіп.

Ой кешем терең,
Бақ қонар басқа.
Ертеңім ерен,
Тіл-көзім тасқа.

ӘНҰРАНЫМ

Өмірім – мәнім,
Тірлігім – сәнім
Халық боп айтар,
Ұранды әнім.

Тыңдасам сөзін,
Ашылар көзім.
Оянып сәтте
Қалғыған сезім.

Әуенін тыңдап,
Намысты шыңдап.
Рухтанып өстім,
Қонғандай шын бақ

Адам ғой затым,
Шықсын деп атым.
Танысын әннен,
Мойындап жатым.

Жігерім – күшім,
Танылар ісім.
Арманы шексіз,
Мені де түсін.

ЕЛБАСЫМ

Достым мені тыңда,
Қара анау шыңға.
Шыққан жан жоқ әзір,
Түсесің бе, сынға?
Жарты жолда құлап,
Тұрсаң өштің, жылап.
Темір етік тебен,
Болса да төз, шыдап.

Ұстары жоқ құзды,
Асулар бар мұзды.
Жамылғы етіп қарды,
Төсенесің сызды.

Кездессе егер боран,
Ықтайтын жоқ қораң.
Бере алмайды жәрдем,
Саған жолдас-жораң.

Қайрат, жігер, ерік,
Ақыл, білім – серік.
Төзім, намыс, арың,
Сенім болсын берік.

Тәуекелге еніп,
Тек өзіңе сеніп.
Жолға шықсаң жеңдің,
Бар азапқа көніп.

Қолда тұрып күрек,
Іздедің бе тірек.
Қиындықтан қилы,
Қорықты ма жүрек?
Онда тағы тыңда,
Шығу ерлік шыңға
Елбасымыз тіккен,
Басын осы сынға.

Сондықтан да халық,
Өз көсемін танып.
Қаһарманым деді,
Көшбасшысын алып.

Тәуелсіз елім

Айтылар жырым,
Бақ құшты қырым.
Далама шашып,
Елтаңбам нұрын.

Тау, өзен, көлім,
Қыр, жазық, белім.
Менікі бәрі,
Тәуелсіз елім.

Жер асты кенім,
Шығатын өнім
Менікі бәрі,
Тәуелсіз елім.

Ауа мен желім,
Малым мен төлім
Менікі бәрі,
Тәуелсіз елім.
Менікі жер де,
Менікі Ел де.
Тәуелсіздік құт бол,
Жайғасқан төрге.

мен мінген кеме

Халықтың құлы,
Жоқ жиған пұлы,
Тәуелсіз елдің
Сөйлейді ұлы.

Көрсеткен төбе,
Мынау кім деме.
Теңізге шықты,
Мен мінген кеме.

Теңізде жүзем,
Маржанын сүзем.
Төсіне қырдың,
Жауһарын тізем.

Қиындық кешкен,
Кез кетпес естен.
Тіктеліп еңсем,
Көңілім өскен.

Өрісте малым,
Өскен бақ, талым.
Татумен жүрмін,
Еңбектің балын.

Далама сайын,
Кел, сыйым дайын
Өзің көр көзбен
Ел-жұрттың жайын.

Түрілген түнім,
Төбеде күнім.
Ауылдан жетер,
Жаһанға үнім.

Асқақта үнім

Халыққа орман,
Мақсатты арман.
Шықтық қой шықтық,
Құрсаулы тордан.

Жағып нұр шамын,
Атқанда таңым.
Рахат күй кешті,
Болмысым, жаным.

Жадырап күнім,
Серпілді түнім.
Тілім бар өшпес,
Асқақта үнім.

Аспанда бөрік,
Өзімде ерік.
Тәуелсіз таңды,
Шаттандым көріп.

Бойда күш серпін,
Жер басам еркін.
Келіп, көр бүгін,
Даламның көркін.

Көресің шыңнан

Көсемін танып,
Қоштады халық.
Көшбасшы дана,
Кемеңгер алып.

Қиыннан қашпай,
Абдырап саспай.
Білді ғой Ерім
Ел-жұртты бастай.

Табалап күліп,
Арттарын түріп,
Жүргендер қалды,
Ит болып үріп.

Ашитын миың,
Таусылмас жиын.
Басылды бықсып,
Күн өтті қиын.

Сүрінбей сыннан,
Жол салған тыңнан.
Елімді әлі-ақ,
Көресің шыңнан

ШУЫМ тұр ТӨРде

Мен білем, Шуым,
Таласқа аға.
Зұлқайнар уын,
Шашпаған жаға.

Мақтаным Шуым,
Қазақтың төрі.
Ел болып туын,
Көтерген жері.

Хандықты құрған,
Жәнібек, Керей
Елтаңбам нұрдан,
Ұлтыма мерей.

Түп қазық деген,
Алты ұл Алаш,
Бақ қонған төбең,
Таласпа, талас.

Жел айтар тыңда,
Көненің сөзін.
Бұғынған құмға,
Тарихтың өзін.

Келіп көр көзбен,
Жерімді жанат.
Алабын кезсең,
Бітірер қанат.

Шуым тұр өрде,
Қонған құт кие.
Осынау жерге,
Бар қазақ ие.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support