- Advertisement -

«Анаға апарар жол» АҚШ-та көрсетіледі

166

- Advertisement -

Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен «Новый мир» Продакшн» ЖШС бірлесе түсірген «Анаға апарар жол» фильмін солтүстік америкалық өңірде дистрибуциялау құқығын америкалық «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясы сатып алды. Бұл кинокартина былтыр Қазақстан атынан «Оскар» және «Алтын глобус» сыйлықтарының «Үздік шетел фильмі» аталымына ұсынылған болатын.
Бас продюсері Әлия Назарбаева мен режиссері Ақан Сатаев фильмге кіл жұлдыздарды жинаған. «Анаға апарар жол» туындысында еліміздің танымал актерлері – Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов түскен. Бұл эпикалық фильмнен көрермен қазақ отбасының 1930 жылдардан бастап, күні бүгінге дейінгі бастан кешкенін көре алады.
«Продюсерлерімізге, түсірілім тобымызға және маған да біздің фильмімізді АҚШ кинотеатрларында көрсететіні – үлкен абырой. «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясы фильмімізден шынайылықты көріп, ондағы оқиға желісі әлемнің барлық аудиториясына ұғынықты болатынына сенім білдіргеніне қуанып отырмын», – дейді режиссер Ақан Сатаев.
«Біздің компания бірнеше ұрпақтың тарихын баяндайтын, оның үстіне «Оскар» премиясына ілгеріде ұсынылған терең драманы прокаттауды мақтан тұтамыз», – деген «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясының бас директоры Пол Д.Хэнкоктің пікірінше, америкалық отбасылар, әсіресе аналар қауымы жанға жылу сыйлайтын фильмді қуана көреді.
«Анаға апарар жол» фильмі АҚШ (ірі мегаполистерге де) шектеулі прокатқа биыл күзде түрлі қазақстандық және азия-америкалық ұйымдардың қолдауымен шығады.
Айта кетейік, кинокартинаның тұсаукесері 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде өтіп, сыншылардың оң бағасын алған. Сонымен қатар фильм түрлі кинофестивальдерден жүлде алып, халықаралық көрсетілімдері өткен. Соңғысы 19 шілде күні Вашингтондағы Карнеги институтында Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен жасалған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support