- Advertisement -

Менің атам Малшылардың «маршалы» болған

702

- Advertisement -

Күллі қазақ Жазата, «Малшылардың маршалы», «Дала академигі» атаған, дәуірінің дарабоз тұлғасы Жазылбек Қуанышбаевты жұрты ешқашан жадынан шығармақ емес.
Өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Жаз ата өмірін аудан экономикасының өрістеуіне арнады. Қайнаған қызу еңбектің бел ортасында жүрді. Жазылбек Қуанышбаев 1896 жылы төменгі Шу бойындағы қазіргі Жамбыл ауылында дүниеге келген. Әкесі Қуанышбай мен анасы Айткүлден жастай жетім қалған қаршадай бала Жамбыл, Хантауы жерінде жүріп, еңбекте ысылды. Мойынқұм өңірінде алғашқылардың бірі болып ұйымдасқан «Кеңес» ауыл шаруашылық артеліне мүше болып кірді.
1936 жылға дейін осы колхозда шопан болып еңбек етеді. Ол тұста колхоздағы қой саны 600-ден аспайтын еді, оның үстіне олардың тұқымы да әртүрлі, өнімі төмен. Жазатаның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өлшеусіз еңбегі – баршаға үлгі. Мал басын аман сақтау, ет пен жүнді молынан өндіру ісінде үнемі алдыңғы орыннан көрінді. Майданға азық-түлік, киім-кешек жіберу жұмысында да белсенділік танытты.
Қаракөл қойының тұқымын үстемелеп, мемлекетке елтірінің 85 пайызын бірінші сұрыппен өткізгені, төл алудағы үздік жетістіктері үшін атамызға 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Есесіне, ол жұмысты одан әрі жандандырды. 1957 жылы әр жүз саулықтан 144-тен қозы алынып, әр қойдан екі келіден жүн қырқылды, қаракөл елтірісінің сапасы артты. Табыс па – табыс. Жүрісінен жаңылмаған Жазылбек ата келер жылы мал басын толық аман сақтап, әр жүз саулықтан 145-тен қозы алды, әр қойдан 3,3 келі жүн қырықты, қаракөл елтірісінің бірінші сұрпын 86,5 пайызға жеткізді. Зор жетістіктері үшін 1958 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын екінші рет иеленді. Нәтижесінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Бірлік селосында атамыздың бюсті биік тұғырға орнатылды.
Атаққа бәлсінбеген Жазылбек Қуанышбаев жаңа белестерді бағындыруға кірісті. Әр жүз саулықтан 140-тан 155-ке дейін төл өргізді, әр қойдан 4 келіден жүн қырықты. Сөйтіп отыз жыл ішінде 17,5 мың төл алды, мемлекетке 9046 елтірі, 546 центнер жүн өткізді.
Бақытын еңбектен тапқан ол отары бойынша 5317 центнер қосымша ет өндірді. 8548 қозы алып, мал басын 98,3 пайызға дейін аман сақтады. Осы жылдары мемлекетке 704 мың сом кіріс кіргізді.
1963 жылы оны аудан жұршылығы құрметті еңбек демалысына шығарып салды. Әйтсе де еңбеккеш атамыз үйінде қарап отыра алмады. Сүйікті кәсібі мал шаруашылығымен шұғылдануға ниеттенді. Өз ісіне қайта оралып, 1966 жылдың өзінде Жазатамыз әр жүз саулықтан 141-ден төл өргізіп, әр қойдан 4,8 келіден жүн қырықты, қаракөлдің бірінші сұрпын 85 пайызға жеткізді. 1968 жылы қайтадан демалысқа шықты. Өзінің мол тәжірибесін жастарға жалықпай үйретті. Атамыз дербес зейнеткерлікке шыққаннан бастап Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қой шаруашылығы жөніндегі инспекторлығын қоғамдық негізде атқарып, көп жұмыс істеді.
Тұлғаның жолын қуып, ісін жалғастырған шәкірттері жүздеп саналады. Социалистік Еңбек Ерлері: Ділдаш Итбасова, Шоман Шәріпбаев, Құдайберген Біртаев, сол сияқты Мешітбай Қойшыбеков, Тыныштыбай Ахметжанов, Күләш Елубаева, Роман Байжиенов, Манаткүл Мұсатаева, Дүйсенбай Айранбаев, Бихан Оспанов, Әлтай Төлепбергенов, Күлзада Тілеубаева, Нұржамал Туғанбаева, Дәулет Шыныбаев, Айтжан Көпбергенов сынды шопандар, Иген Аяпов, Майкөт Қарсақов, Сарыбай Әжтүрлиев, Махмуд Махаури, Жолдыбай Шуылдақов сияқты ондаған бақташы, түйе өсірушілер еңбектің дәмін татты. Сондай-ақ мал шаруашылығында Әлкен Жапаров, Шырынхан Қожабеков, Кемелбек Шынжарбеков, Бақтыбай Қалыбаев, Шәйша Молдабаев, Әміризат Көпбаев сынды өндірістің орта буынын басқарған азаматтар «дала академигінің» тәлімін көрді.
Ауданда Жазатамыздың еңбек жолын, озық тәжірибесін насихаттау үшін едәуір жұмыстар атқарылды. Малшылар мектебі жұмыс істеді. Кейін мұндай мектептер облыс, колхоз, совхоздарда құрылды. Озаттар үшін Жазылбек Қуанышбаев атындағы жүлде белгіленді. Ауданда Жазата атындағы еңбек аттестаты белгіленіп, ол еңбекте жоғары көрсеткіштерге жеткен жас малшыларға тапсырылып келді. Жыл сайын өтетін мал шаруашылығына баруға тілек білдіргендер мен жас малшылардың аудандық жиындарында Жазата озаттарға өзінің құтты ақ таяғын тапсырды.
Ол малшылық еңбегімен бірге қоғамдық істерге де белсене араласты, екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. 1973 жылдың мамыр айында Алматыда өткен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Пленум жұмысына қатысты. Жазушылар Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әнуар Әлімжанов, Шерхан Мұртаза, Мұхамеджан Қаратаевтармен, КСРО Халық әртістері Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, композиторлар Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов және басқа да республикамызға белгілі жазушы, өнер адамдарымен кездесті.
Ақын Асқар Тоқмағанбетовтің Жазылбек пен Ыбырай Жақаевтың 1972 жылы Алматыда кездесуі жөнінде жазған мынадай өлең шумағы да бар:
«Міне осылай бас қосты екі батыр,
Боп қалды кездескендей екі ғасыр.
Бірі тау, бірі теңіз секілденіп,
Екеуі жұбын жазбай келе жатыр».
Қазақстанда тың игерудің, миллиард пұт астық тапсырудың салтанатты жиындарының құрметті қонағы болды. 1981 жылы өткен мал шаруашылығы қызметкерлерінің республикалық кеңесіне қатысты. Жазата жастармен жиі кездесетін. Ленинградта өткен «Әкелер даңқы жолымен» атты жастардың одақтық жиынына барды. Атамыз сол бір кездердегі ауданда құрылған комсомол жастар шопандар бригадаларында жиі болып, ақыл-кеңестерін айтып отыратын.
Қазақтың даңқты қаламгері Әзілхан Нұршайықовтың «Коммунист туралы сөз» кітабында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жәкеңнің қой бағу өнері жөніндегі ақыл-кеңестері жарық көрді. Ауданда Жазатамыздың бұл сөздері шопанның қойын кітабы болып басылып, барлық аудан малшыларына таратылды. Шеген Ахметовтің «Айдарлының ардагерлері», Алтай Сармұрзиннің «Екінші тыңның ері», Уақып Кәдірхановтың «Жазылбек Қуанышбаев» атты және «Жазылбек мектебі» атты көлемді кітабы жарық көрді. М.Өзбековтің «Жазылбекшілер маршы» әні малшылардың гимніне айналды. «Қазақфильм» киностудиясы әзірлеген «Ұстаз» атты Жазатамыз жөніндегі туынды республика жұртшылығының назарына ұсынылды. Шәмші Қалдаяқов шығарған «Мойынқұмда ауылым» әніне Жазылбек Қуанышбаевтың өнегелі өмірі арқау болған.
«Малшылардың маршалы» туралы үнді, неміс, француз және өзге тілдерде жарық көретін басылымдарда кең көлемде мақалалар жарияланды. Өзі өмірлік тәжірибесі мен түйген ойларын «Ұрпаққа ұлағат» атты кітабына сыйғызды. Жазата туралы көптеген материалдар музейлерде жинақталған. Ауданда Жазылбек Қуанышбаев атындағы музей тұрақты жұмыс істейді.
Аудан орталығында Жазатаның шопан таяғын ұстап, қиырға көз тіккен бейнесі биік тұғырда тұр. Жанында мал шаруашылығын дамытудағы жеткен жетістіктері үшін Социалистік Еңбек Ері атағын алған шопандар Шынжарбек Өскенбаев, Ділдаш Итбасова, Көпбай Тоқбаев, Керім Шалабаев, Құрманәлі Дайырбеков, Сәмет Көшеков, Құдайберген Біртаев, Әбжапар Досымбаевтың мүсіндері орналасқан. Бұл жерді жергілікті тұрғындар «Батырлар аллеясы» деп атайды.
Тұлғаның атында шаруа қожалығы, көшелер бар. Алматыда бір көше Жазата есімімен аталады. Қойшыбай, Тойшыбай атты қос ұлы – бұл күнде елдің азаматтары. Еркебұлан, Нұрлан, Арман, Абзал атты немерелері ер жетіп келеді. Бекзада атты немере келіні де бар.
Иә, өнегелі өмірін мал шаруашылығын өркендетуге арнаған Жазылбек Қуанышбаевтың тәлімге толы тағдыры кімге де болса үлгі екені анық.

Ләйлә ҚОЖАГЕЛДИЕВА,
Жазылбек Қуанышбаев атындағы музейдің директоры.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support