Енді жол жөнделсе екен…

1 350

Тұрар Рысқұлов ауданы орталығынан шалғай орналасқан Тереңөзек ауылдық округінің құрамындағы Шолаққайыңды ауылында көптен бері шешілмей келе жатқан «көгілдір отын» тарту мәселесі жуырда қолға алынып, шешімін тапты. Бұл проблема жыл сайын ауыл, аудан әкімдерінің жергілікті тұрғындармен жылдық есеп беру кездесу жиындарында айтылып, жазылып жүргенімен орындалуы белгісіз себептермен оң шешімін таппай, аяқсыз қалатын еді. Биыл ауылдың белсенді азаматтары облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің, өзге де құзырлы басшыларының қабылдауында талап-арыздарын жеткізген болатын. Қазіргі уақытта газ жүйесін тарататын мердігер ұйым мен ауыл тұрғындары екі жақты келісімшартқа тұрды. Енді қазан айына дейін Шолаққайыңды ауылының әрбір үйіне газ құбыры тартылып, пайдалануға берілетін болады.
Екінші бір өзекті мәселе аталған ауылда сырқат жандарға қызмет көрсететін дәрігерлік пункттің жоқтығы еді. Жекешелендіру тұсында медициналық ғимарат жекеменшікке сатылып кеткен. Сырқаттарды қабылдау, егу-емдеу профилактикалық шаралар жалға алынған ауылдық клубтың аядай тар бөлмесінде жүргізіліп келген. Облыстың денсаулық сақтау басқармасының бюджеті есебінен қаржы қарастырылып, ауылда жаңа медпункттің іргетасы мен қабырғасы бой көтерді. Жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек.
Тереңөзектен Шолаққайыңды ауылына дейінгі жеті шақырым асфальт жолдың да тозығы жеткен. Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі ендігі жерде жолды жөндеу жұмыстарының орындалуына басшылық етеді деген үміттеміз.

Бейбіт БАЙСАРИЕВ.

Шолаққайыңды ауылы,
Т.Рысқұлов ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту